Дін мәселелері өзектілігін жойған жоқ

3440
Adyrna.kz Telegram

Дін мәселелері бойынша халықтың ғана емес,  ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерін қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі керек екені діннің атын жамылып, елде соғыс отын тұтатқан Сириядағы жағдай тағы да дәлелдеді. Сондықтан бұған дейін айрықша көңіл аударылмай келген бұл жұмыс соңғы жылдары белсенді түрде қолға алынуда. Одан қазір Қазақстан да сырт қалған жоқ.  Халықтың нысаналы топтары арасында дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мүшелерінің құзыреттілігі мен әлеуетін арттыру және профилактикалық жұмыста инновациялық тәсілдерді енгізу бойынша әлеуметтік жоба соның көрінісі деуге болады. Мәселен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің мәліметіне қарағанда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, халықтың діни сауаттылығын арттыру бойынша  республика көлемінде 200-ден астам ақпараттық-түсіндіру топтары бар екен.

Британ экономика және бейбітшілік институты жыл сайын жариялайтын «Global Terrorism Index» рейтингінде Қазақстан 2019 жылы 160  елдің ішінде өз көрсеткішін 10 пунктке жақсартып 85-сатыдан көрінді. Дегенмен, бұған тоқмейілсуге әлі ерте. Атқарылатын жұмыс жеткілікті. Оны терроризм қауіпінің төмендігі жағынан былтыр Ресейден (37) ғана
ілгері болғанымен, Қырғызстан (87), Әзірбайжан (103), Өзбекстан (135) елдерінің әлемдік рейтингтегі көрсеткіші бізден ілгері екенінен-ақ байқауға болады.

«Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Кәкімжан Бишмановтың айтуынша,  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті қолдауымен наурыз айында басталған бұл жоба қарашаға дейін созылады.  «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ  «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін даярлау және қайта даярлау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру» гранты аясында жүзеге асырылатын жобаның міндеттері айқын.

Бірінші, еліміздің 17 өңірінде дін мәселелері жөнінде өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтары (АТТ) мүшелері үшін көшпелі оқыту курстары ұйымдастырылып, атаулы жұмысты өткізу бойынша инновациялық әдістер қолданылады.

Екінші, атаулы топтарымен жұмыс істеу үшін дін мәселелері жөніндегі өңірлік АТТ мүшелері үшін типтік дәрістер материалдар жинағы мен оқыту үшін әдістемелік база жасалынады.

Үшінші, әрбір атаулы топтың ерекшеліктерін ескере отырып, шешендік шеберлік пен көпшілік алдында сөз сөйлеу бойынша өңірлік АТТ мүшелері үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.

Төртінші, дін мәселелері бойынша өңірлік АТТ мүшелері үшін дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша дәрістік бейнематериалдар дайындалады.

Қосымша ақпарат алу үшін келесі байланыс түрлері арқылы хабарласуға болады: +7 701 715 01 96 немесе bkm25@mail.ru.  Сонымен қатар біздің ресми сайтымызда www.antiterr.kz және #qogamgov, #cisc2020 хэштегі арқылы.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ

Пікірлер