Педагогтарга 2 млрд 67 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды

3512
Adyrna.kz Telegram
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының араласуымен 2019 жылы республика ұстаздарына 2 067 124 753 теңге қаражат қайтарылып берілді. Салалық кәсіподақтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл - ұстаздардың дұрыс төленбеген жалақылары, сауықтыру жәрдемақылары мен іссапар шығындары және мерзімінен кешіктіріліп өндірілген ақылы еңбек демалысының қаражаттары. Мұғалімдердің маңдай тері нәпақасын кешіктіріп төлеу фактісі орын алған аймақтардың арасында Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Қайтарылған соманың 1 млрд 400 млн теңгеден астамы осы облыстың ұстаздарына тиесілі.
Салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау.
Осы мақсатта 2019 жылы  Қазақстандық Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызметкерлері білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасын орындау бойынша 4057 қоғамдық  бақылау жүргізіп, 3807 түрлі еңбек заңнамасын бұзушылық дерегін анықтады. Оның 1117-і айлық ақының дұрыс төленбеуі бойынша, 760-ы жұмыс уақыты мен демалу режимінің бұзушылығына,  1328-і - еңбек қатынастарын рәсімдеуге және 632-і басқа да құқық бұзушылыққа қатысты.
Тексерістер нәтижесінде Салалық кәсіподақтың күшімен 40 қызметкер жұмысына қайтарылды, оның 8-і сот арқылы. 132 қызметкердің заңсыз жұмыстан қудалануының алды алынды.
Салалық кәсіподақтың құқықтық инспекторлары кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында бірқатар жұмыс атқарды. Былтырғы жылы сала қызметкерлеріне 11 642 кеңес берілді. 1 193 жазбаша өтініш қаралды.
Пікірлер