"Аптасына 100 доллар беретін": Бүркіт ән әлемінде қалай көтерілгенін айтты

3793
Adyrna.kz Telegram

Әнші Бүркіт «Ниет» тележобасының Instagram желісінде тікелей эфирге шығып, көкейдегі сұрақтарға жауап берді. Отандық шоу-бизнестегі танымал тұлғалардың бірі президентке үндеу жолдап, карантин мерзімін мейілінше қысқарту керектігін айтқан болатын. Әнші осы және көкейде жүрген өзге де маңызды сұрақтарға тоқталды деп жазады Adyrna.kz.

«Карантин көптеген отбасыға оңай тиіп жатқан жоқ. Сол себепті, шамамыз келгенше тұрмысы төмен жанұяларға көмек көрсетудеміз. Менің Instagram-дағы парақшама көмек сұрап, хат жазатындар көп. Бірақ мен өз көзім жеткен жандарға қол ұшын созғанды жөн көрем. Осыған дейін Алматының біраз бұрышын аралап, жағдайы қиын жанұяларға азық-түлік тараттым. Бұл іс-әрекетімді елге көрсетуімнің себебі жоқ емес. Біз халық алдында жүрген соң, әрбір қадамымызды ел біліп отырады. Ешкімге айтпай, өзіме және Аллаға ғана аян етіп, қайырымдылық жасауыма болады, әрине. Бірақ осы кезде халық мені кіналай бастайды. «Ел басына ауыр жағдай туғанда не үшін халыққа жәрдем бермейсіңдер» деп жазғырады. Сондықтан, жария садақа жасауды жөн көрдім», - дейді әнші.

Сондай-ақ, Бүркіт әншілер көмек көрсетуге міндетті деген пікірдің орынсыз екенін айтты.

«Мұндай жағдайда жұдырықтай жұмылып, шамамыз келгенше көмектескен дұрыс. Бірақ көмек бермедің деп әншілерді кінәлауға болмайды. Әркім өз халі жеткенше көмек берсін. Көмек бере алмайтындар да бар. Ешкім ешкімді міндеттемеуі қажет», - дейді ол.

Сұхбат барысында отандық жұлдыз алдағы болуы мүмкін дағдарысқа тоқталып, өз басындағы қиын кездерді және өзінің қалай көтерілгенін де әңгімеледі.

«Дағдарыс болып жатса, әйтеуір бір істің көзін табарым анық. Қолымыздан біршама іс келетін жігітпіз. Мәселен, 2008 жылғы дағдарыс кезінде әншілерге қиын соқты. Ешқандай той жоқ, концерттер жоқ. Сол замандарда автокөлік жуып та қиындықтан өттік. Сондықтан, екі қолға бір күрек табылары анық. Дәл қазір бизнесім жоқ. Бәрін сатып жібердім. Өйткені, өнерге көп уақыт керек. Ал осы күнге жетуіме бірінші себеп болған - өзімнің ынта-жігерім. Үйдің кішісі болсам да, ата-анам арманымды орындау үшін Алматыға жіберді. Ән айтсам, әншілер тобын құрсам деп армандайтынмын. Осы күнге үлкен еңбектің арқасында жеттім. Әрине, қалталы ағаларымнан да көмек болды. Олар шетелде, аптасына 100 доллардан беріп тұратын. 1995-1998 жылдар аралығында бұл үлкен ақша», - деді ол.

Пікірлер