Өткен 30 жылда партиялық жүйе қалыптаспады

3220
Adyrna.kz Telegram

Өркениетті елдерде қалыптасқан саяси партиялар, оларды қолдайтын тәуелсіз өз бизнесмендері, электораты бар. Демократиялық партияда болсаң оның өз саясаттанушысы, ешкімге бағынышты емес экономист мамандары, саясаткерлері жетерлік. Әрбір партия қалыптасқан тұтас бір институт. Сол партияның құндылықтарына берік халық өз даусын береді. Өмір бойы сол позицияны қолдайтындар да немесе мықты бағдарлама ұсынған партияны қолдап дауыс беру де үйреншікті нәрсе. Бұл Республикалық партияға да, Демократиялық партияға да қатысты дүние.

Түркияда биліктің "Ақ партиясы" мен оппозициялық "СНР" мен "МНР" секілді ұлтшылдар партиясы қалыптасқан. "СНР" партиясының Ататүрк құрып кеткен 80-90 жылдық тарихы, қалыптасқан фундаменті, принциптері бар. Халық сол жолда позиция ұстанады. Кейде "Ақ партия" дұрыс айтса оны да қолдайды. 2010 жылы "СНР"-ге даусын берген ел азаматтары, 2020 жылы Ататүріктің партиясы әлсіз бағдарлама ұсынса "Ақ партияны" қолдап дауыс береді. Тіпті бір-біріне өлердей жау болған "Ақ партия" мен "МНР" қазір саяси коалиция да құрып жатыр. Бұл да қалыпты процесс. Белгілі бір саяси кезеңде сол кездегі қалыптасқан жағдайға орай ортақ мүдде үшін бірігеді. Кейін жолдары екіге айрылып, бірі екіншісін ығыстырып, тек басына билікке келуі де мүмкін.

Бізде партиялық жүйе 30 жылда қалыптаспады. Саяси мәдениет көтерілмеді. Өз алдына тәуелсіз партиялар шықпады. Бизнесмендер ашық амбициясын білдіріп, партия құрар деңгейде емес. Қазақстандық саяси құндылықтар қалыптасқан жоқ. Бірақ қалыптасу жолында келе жатырмыз. Ешкім ешкімнің алдына шығып келген де жоқ. Кімнің жолы тура екенін де толық білмейміз. Біздің қоғамда саяси ой, пікір алуандылығы өркениетті деңгейге дейін пісіп жетілмеді. Тек қана билік тарапы және оған қарсы тарап деген екі позиция бар.

Осыдан бір жыл бұрын қоғамдық қарсылық өте күшті болды. Сайлау соның дәл көрсеткіші. Бірақ өмір орнында тұрмайды. Соңғы бір жылда оппозиция елдегі процесті өз мүддесіне бұра алмады. Ауызбіршілік болмады. Мықты альтернатива да ұсына алмады. Қазір елде бытыраңқы қоғамдық көзқарас бар. Дәл осы тұста сенім кредиті таусылған билік тарапы да бар.

Шарттар мен саяси процестер өзгерген мұндай жағдайда не істемек керек? Қазақстандық құндылықтар мен саяси мәдениет қалыптасу процесіндегі қазіргі позицияны екі тарапқа бөліп қарастыруға болады:

Біріншісі, халық тарапы. Қоғам саяси реформаны талап ете отырып, пікір алуандылығын принципке ала келе, билік саясатының дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп, өркениетті оппозициялық саяси партиялардың құрылуына жол ашу, саяси реформаны табанды талап ету бағытынан таймауы қажет. Саяси партиялардың өзара саяси деңгейі жоғары бәсекесі биігіне жетуге ұмтылу қажет. Сол кезде қоғамда саяси ой, пікір, жаңа құндылықтар пісіп жетіледі. Халық өзіне керегін іздеп табады. 18 млн халықтың саяси мәдениеті мен принциптері, құндылықтары қалыптасады. Біздің соңғы бір жылдағы деңгейімізге өкінішке орай шала піскен, шашыраңқы да бытыраңқы күй деген баға беруге болады. Қоғамдық қарсылықтың логикалық түйіні жасалмай, фейсбукте пар шығарумен өтті. Әлі күнге дейін 30 жылда екінің біріне белгілі болған кемшіліктерді тізіп жаза беретін санадан аса алмадық. Бәрі білетін дүниені сөзін өзгертіп әртүрлі форматта айта беретін жолмен саяси құндылықтар қалыптаспайды. Халық одан да жалығады. Оған жеткізбей сауатты саяси конкуренцияны, саяси реформаны сауатты талап етер жолға бағыт алуымыз қажет.

Екіншісі, бізге ұлттық буржуазияның, саяси элитаның сауатты партия құру үшін алғашқы қадамдарды жасауы ауадай қажет. Партия құру үшін ең маңызды 3 нәрсе керек. Олар:

1. Қаржы.
2. Партияның әр саладан сауатты кадрлары.
3. Тәжірибе.

Осы үшеуі бойынан табылған азаматтарды халық қолдауы керек. Олардың бәсекесі Қазақстандық саяси өмірге жаңа құндылықтарды әкеледі. Өміршеңдері қалады. Тек бұл фейсбуктегі айқай шу деңгейінде өтпеуі тиіс. Сауатты, қаржысы бар, тәжірибелі буржуазиядан шығуы керек. Қазақстанның реали жағдайын мойындауға тиіспіз.

Алдағы уақытта осы екі бағытта биліктен саяси реформаларды табанды талап ету қоғамдық құндылығымыз бен принциптеріміз болуы тиіс. Президент саяси реформаларды уәде еткенін ескерсек оны қолдай отырып уәденің орындалуын да халықтың белсенділігімен тікелей талап етуге тиіспіз. Осы бағыт бізге саяси құндылықтар мен дамудың жаңа жолдардын ашатын болады.

Қазіргі Қазақстан бір жыл бұрынғы сайлауда тұтас біріккен Қазақстан емес. Ырду-дырду қоғам. Жоғарыда аталған екі жолдан басқа альтернатива көріп тұрған жоқпын.

 

Бауыржан Серікбаев,

саясаттанушы

Пікірлер