Коронавирус ажырасуға себепші болуы мүмкін бе?

3223
Adyrna.kz Telegram

Коронавирустың салдарынан болған карантиннен соң Қытайда ажырасу дерегі көбейіп кеткенінен баршамыз хабардармыз. Қазірде Қытай Үкіметі күніне 10 отбасына ғана ажырасуға рұқсат беріп жатқан көрінеді. Өйткені некесін бұзуға ниеттілер саны тым көп. Ал бұл жағдай біздің елімізде көрініс табуы мүмкін бе?
Аз-кем ойланып көрейік. Жалпы, коронавирус пандемиясынан бұрын-ақ, былайша айтқанда, заман тыныш кездің өзінде біздің елде соңғы жылдары, әсіресе соңғы онжылдықта ажырасу дерегінің күрт өскені бар.
Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен жиындардың бірінде «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Президенті Гүлнар Байымбетова Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталатынын және ол отбасылардың 80%-дан астамының ортақ балалары бар екенін айтқан болатын. Сұмдық сан.
Өткен жылдан бері жалғызбасты және көпбалалы әйелдердің әр жерлерде бас көтеріп жатқаны тағы бар. Әрбір әкімдіктің алдын торуылдап, шенді-шекпендіге тап беріп жатқан әйелдер де жетерлік. Әйелдердің мұндай әрекетке баруына не себеп? Әлбетте, ең бірінші кезекте – әлеуметтік жағдайдың төмендігі, яғни жоқшылық. Ішінара жағдайы бола тұра ашкөздікке салынып жүргендер кездесетіні заңдылық. Бірақ жаппай халық арасында мұндай көріністің белең алуына шын мәнінде жұртшылықтың басым бөлігінің жағдайының нашалығы себеп болса керек. Мұны неге айтып отырмыз? Біз сөз етіп отырған ажырасу дерегінің де басым бөлігі әлеуметтік жағдайдың төмендігінен орын алатындығын саланың барлық маманы растап отыр.
Ал енді коронавирустың кезінде істеп отырған жұмысынан ажырап бір есеңгіреп қалған отбасылар карантин деп бір үйге қамалды. Еркін жүріп-тұруы шектелген, әрі десе қаржылық қиындық туындаған отбасында ыдыс-аяқ сылдырламауы мүмкін емес. Оған қашықтан оқытудың машақатын тағы қосыңыз. Жай күннің өзінде балалардың жоғын, керегін түгендеу үсінде түгесілетін әйелдер, смартфонның жоқтығы, интернетке қолжетімсіздік, баланың барлығын өзі оқытуы сынды мәселелермен ерінің мазасын алатыны сөзсіз. Әрбірден кейін ол ер азаматтың да тең міндеті. Әншейіндегідей мұндай ұрыс-керіс туындаған жағдайда сыртқа сытылып шығып «бас сауғалауға» мүмкіндік тағы жоқ. Содан бұрыннан бері басы қылтиып жүрген даудың одан сайын өршіп, ажырасу туралы шешімге нақты бел буылатынын болжау қиын емес.
Бірақ, біздің елді одан сақтайтын бір ғана үміт бар. Ол – ұлттық психология. Ол психология қазақ отбасыларының көпшілігін онсыз да бұрыннан сақтап келеді. «Жұрт не дейді?» деген намысқа тырысу мен «Бәрі де өтпелі», «Алла қаласа бәрі де реттелер», «Бұл күн де артта қалар», «Балалар өскен соң бәрі ұмыт болады» деген сынды үмітке жалғанған жұбатулар.
Отбасы ғана емес, жалпы еліміз болашаққа зор үміт артып өмір сүріп келе жатқаны жасырын емес. Бізде бүгінгі күннен гөрі болашаққа деген сеніммен өмір сүру басымырақ. Сақтаса, сол үміт қана сақтайды!
Сіз қалай ойлайсыз?

Маржан Рақай

Пікірлер