Табысынан айырылған барлық азамат 42 500 теңе алады – Біржан Нұрымбетов

2782
Adyrna.kz Telegram

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгені алу кезінде туындап жатқан мәселелерге тоқталып, банктерге үндеу жасады. Сондай-ақ, декреттік демалыста отырған аналарға бала күтіміне байланысты бір жылға дейін мемлекет тарапынан жәрдемақы төленетінін де ескертіп, табысынан айрылған азаматтардың барлығы да 42 500 теңге алады деді. 

Министрдің айтуынша, төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға 938 мың адамнан өтініш түскен.

"Өтінішті берген кезде, ақшаны аудару үшін есепшот көрсету қажет. Біраз азаматта мұндай есепшот жоқ болып шықты, өмірінде ешқашан ашпаған. Сондықтан, олар өтініш толтырғанда, үлгермей қалатын болдық деп шот ашу үшін банктерге жүгіріп жатыр. Сондықтан біз ойластырып, бір-екі күнде мынадай өзгеріс енгіземіз:  Сіз өтінішті берген кезде, банкте шотыңыз болмаса, шотты көрсететін жерге ештеңе жазбайсыз. Біз өтінішті қабылдаймыз, әлеуметтік төлем тағайындаймыз. Сөйтіп, сіз есепшотты ұсынғанға дейін күтеміз. Бір айға дейін күтеміз. Шотты алған соң, ақшаны аударамыз", - деп түсіндірді министр.

"Мен бүкіл банкке үндеу жасағым келіп отыр. Қазіргі қиын кезеңде біз секілді "бір терезеден" халықтың өтінішін қашықтан қабылдап, мәліметтерін алып, есепшотын сырттай енгізіп, карталарын әзірлеп, үйіне жеткізіп беруге шақырамын", - деді министр.

"Декреттегі аналар бір жылдан соң, олар жұмысқа шығар еді. Бірақ, қазір оларды ешкім жұмысқа алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бір жылдан соң, бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, 42 500 теңге жәрдемақыны алуға мүмкіндігі бар", - деді Біржан Нұрымбетов.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер