Мұнай бағасын реттеу ОПЕК-ке қиын бола түседі

2776
Adyrna.kz Telegram

Өткен аптада Brent маркалы мұнай бағасы рекордтық көрсеткішке дейін төмендеп кетті. Экономист-сарапшылардың пайымдауынша, 2020 жылдың жазында қара алтынның бағасы 20 долларға дейін төмендеуі әбден мүмкін. Ресейдегі «Взгляд» экономикалық сараптау орталығының маманы, Ирина Викторованың айтуынша, мұнай бағасының күрт төмендеуіне бірнеше себептер бар. Бұл ретте ол «қазір мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,8  млн баррельге жеткізу жайы жиі қозғалады. Бұл дегеніңіз - алты айдың ішінде мұнай өндіру көлемі 100 млн баррельден асып кететінін көрсетеді. Сұраныстың аздығына қарамастан Сауд Арабиясы мен АҚШ мұнай өндіру көлемін шектемей отыр. Бұған қоса Қытай экономикасы да әлсіреп кетті. Әлемдік экономикаға қысым түсуде.  Сондықтан мұнай бағамы келер жылдың қаңтар айында-ақ 20 долларға төмендеуі  әбден мүмкін» деді.

Отандық мамандар бұл ретте Ресей сарапшысы пікірінің жаны бар екенін алға тартты. Экономика ғылымының докторы Марал Төртенованың айтуынша, алдағы уақытта біздің атқарушы билікке мұнай бағасының төмендеуіне төтеп беретін экономикалық бағдарламалармен жұмыс істеуге тура келеді.

«2019 жылғы нарыққа шығарылған мұнайдың көлемі 2018 жылғы шығарылған мұнайдан 2,8 млн баррель артық. Мұнай өндіруші елдердің мұнайды сатылымға көптеп шығаруы жағдайды осыған әкелді.  Қазір қайсыбір сарапшылар «АҚШ, Ливия, Сауд Арабия бірігіп келісімге келіп Ресей мен Қытайды тұқырту үшін осылай істеп отыр. Кезенде Кеңес өкіметін күйретер тұста АҚШ тура осы саясатты ұстанған. Ол кезде мұнайдың бағамы 20 долларға дейін түсіп кеткен» дегенді алға тартады. Өз басым, мәселенің астары тек мұнда ғана емес екенін айтқым келеді. Қазір АҚШ-тың сыртқы қарызы көбейіп кетті. АҚШ-та ірі-ірі компаниялардың банкротқа ұшырауы жиіледі. Енді бюдежті кеміген АҚШ осы тығырықтан шығу үшін ірі көлемді мұнай өндіріп табысын еселеуге тырысты. Бірақ бұл да алпауыт елдің кірісін еселей қоймады. Нарықта шикі мұнайдың көбеюі тағы бір дағдарыстың болатынан хабар беріп отыр. Сондықтан біздің атқарушы билікке осы дағдарысқа төтеп беретін экономикалық бағдарламамен жұмыс істеуге тура келеді»,-дейді экономист-ғалым Марат Төртенова.

Жалпы, мұнай бағасының кері кетуі валюталар бағамына да, жалпы ішкі өнімге де, экономиалық рейтингке де кері әсер ететінін біз бұған дейін де жазып келдік. Сарапшылар нақ қазір мұнай бағасын реттеу  ОПЕК-ке де қиын бола түсетінін алға тартты. Бұған қатысты «Барометр» орталығының экономист-сарапшысы Дәурен Арын «бір-екі жылда мұнай бағасы реттеледі деу қиын» дейді.

«Бір-екі жылда мұнай бағасы тұрақталады деп айту қиын. Мұнай бағасын реттеуге қазір ОПЕК-тің де күші келе қоймайды.  Бүгінде АҚШ-тың мұнай терминалдары Ирак пен Ливияның арзан мұнайына толып тұр. Американың өзі де  мұнай өндіруде  Сауд Арабиясын қуып жетіп бірінші орынға көтерілді.  Мойындау керек,  әлем әзірге АҚШ-тың қас-қабағына қарап бет түзейтіні белгілі. Демек, АҚШ мұнай бағасын реттеуге өзі кіріспесе, жағдай қиындай бермек. Ол әсіресе, бюджетін мұнайдан түскен түсіммен  толтырып отырған көптеген елдерге соққы. Қазақстанға да жеңіл болмайды.    Үкімет «пессимистік сценарийге дайынбыз» деп бюджетті жоспарлап қоятыны белгілі. Біз үшін дағдарысқа төтеп беретін мықты жобаларды ойластыруға тура келеді»,-деді Дәурен Арын.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

"...
Пікірлер