Амангелді Кеңшілікұлы. Флобердің махаббаты (Жалғасы)

3052
Adyrna.kz Telegram

Уақыт құстай ұшып, көзді ашып жұмғанша шашасына шаң жұқпай тағы екі жыл заулап өте шықты. Мәртебелі уақытты Құдайға теңегенімізбен оның да жүректі жаралаған ғашықтық дертін жазуға құдіреті жетпейтініне Гюставтың көзі анық жетті. Күн артынан сынаптай сырғанап күндер өтсе де Элизаны ұмыта алмады. Айлы түндерде тәтті ойлардың тылсымында жаны қысылып, оны ойлаумен жыл артынан жылды шығарып салды.
Он тоғызға толғанда мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсті. Төбелері көкке жеткендей болған әке-шешесінің қуанышы қойнына сыймай кетіп, ұлдарын Пиренея мен Корсикаға саяхаттауға жіберді. Бойы әжептәуір өсіп, бойжеткен қыздардың бәрі қызыға қарайтын сұлу жігіт ел көріп, жер көріп Корсикадан қайтарда Марсель қаласына аялдады. Ойыңда ештеңе жоқ ол сол күні таңертең теңізге түсуге барғанда қонақ үйдің жанындағы сәкіден Элизаны көріп қалғандай болып, жүрегі аттай тулап, көңілі алып-ұшып жас келіншектің жанына жетіп барды. Өкінішке қарай, сәкіде отырған Элиза емес, Элали Фуко есімді бөтен әйел болып шықты.
Екеуі танысып, әңгімелері жылдам жарасып кетті. Жас келіншек кемеде қызмет ететін күйеуінің келуін тосып жүр екен. Талай-талай аққудай арулардың арманы болған сұлу жігіт тән рахатының дәмін татып үлгеріп, еркектің иісін аңсаған қатынның басын тез айналдырып алды. Бойларын билеп қуана ойнақ салған нәпсінің жыландарын жеңе алмаған екеуі құшақтары айқасып, тар төсекте табысып, сол түнді бірге өткізді.
Жас денесі аршылмаған жұмыртқадай әппақ әйелдің ыстық қойнынан жаны байыз тапқандай болған жігіт тасқындап келген сезімін тұсаулай алмай, сұлу келіншектің шиедей қызыл ернінен тістелеп сүйіп, төсін иіскеп, балдай тәтті тәнінің шәрбатына мейірін қандырып жатып Элизаны ойлап, кескін-келбетін көз алдына елестетті. Сүйіктісін аңсаған шақтарында көр азабына түскендей қинап, таңды-таңға ұрғызған азапты түндердің қарымтасын мына түн сәл де болса қайтарғандай ма, қалай? Әйткенмен, тұла бойын билеп алып, тамыр-тамырын қуалаған сезім толқындары басқа біреуді аңсайды. Сағынады. Үміт жалауын желбіретіп, қолын бұлғап алыстан шақырғандай болады.
Шыдамынан айырып, желіге мастанған нәпсісін қанағаттандырып, жалғыздықтан жабырқаған жүрегін жұбатқан мына әйелдің Элиза болып шықпағаны қандай өкінішті. Сүйген жанының тәніне тән сұлулықтың бәрі – түндей тұңғиық көздері, сымбатты мүсіні, толқынданып иығына төгілген қолаң шәші, қыпша белі, сыңғырлаған тәтті күлкісі.. бәрі- бәрі – құмарлықтың мастығына еліріп, қойнында торға түскен ақ сазандай тулап жатқан мына келіншектің бойында бар. Құдды, сойып қаптап қойған Элизаның сыңары ма, дерсің. Тек, жаны, жаны ғана Элизанікі емес. Нәпсіңді алдағаныңмен, жүрегіңді алдай алмайсың. Элали Фуконы көңілі ұнатқанымен, жүрегі сүймейді. Тәні тоят тапқанымен, сезімі қанағаттанбады.
Таң сібірлеп ата салысымен Гюстав кездейсоқ жағдайда жолыққан келіншекпен асыға қоштасты. Көңілінде өшпестей ізін қалдырған Марсель қаласындағы басынан кешкен махаббат оқиғасын ол өлгенше ұмыта алмады. Кейін бармағын шайнап өкініп, жұрттан сұрастырып Элали Фуконың қайда жүргенін сұрастырған кездері де болды.
Тіршілік қалыпты арнасына түсіп, таудың тентек өзеніндей сарқырап аға берді. Есіңнен тандыра жаздап, еркіңді билеп алатынына қарамастан, адамның өмірі махабаттан ғана тұрмайды. Екі аяқты пендеде одан басқа да міндеттер толып жатыр. Солардың бірі жоғары білім алып, өз жолыңды тауып, көңілің қалайтын сүйікті ісіңмен шұғылдану.
Өмірде өз орныңды таба алмағаннан үлкен қасірет жоқ. Өнерде - екібастан. Мейірімі мол Алла-Тағала адамның бәрін де талантты етіп жаратады. Алайда, жұрттың көбісі өз жолын таппай адасып, әуре-сарсаңға салынып, әбігерге түседі. Жақсы ғалым болуға қабілеті мол талантты адамдар кейде бойындағы біліміне сеніп қолынан келмейтін ісі – жазушылыққа, ақындыққа ұмтылып жібі түзу бір шығарма туғыза алмай, өмірден өтеді. Әрине, ақын немесе жазушы болу үшін білімнің керек екенін ешкім де жоққа шығармайды. Дегенмен, білімді адамдардың бәрі шетінен үлкен ақын немесе аса көрнекті жазушы бола алмайтыны да айдай ақиқат. Кейде, елге ұнағысы келген көңілшек сыншылардың біліміне бола кейбір қаламгерлерді аяғын жерге тигізбей мақтай жөнеліп, халықты адастыратын кездері бар. Француз классигі өмір сүрген уақытта жазушылықтың не екенін түсінбей адасып жүргендер француз әдебиетінде көп еді. Өмір шындығынан алыс шығармаларды мысықша балалатқан графомандар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен болатын.
Жазушылықтың шытырман шырғалаңына түсіп кетпеуін ойлап алаңдаған Флобердің ата-анасы өз балаларының болашағы бұлыңғыр шығармашылықтан гөрі, пайда әкелетін нақты іспен айналысып, заңгер болғанын ақыл көрді. Жүрегі қалағандықтан емес, қандай да бір кәсіпке бейімделу қажеттілігі туғандықтан Флобер білімін жетілдіру мақсатында құқық пәнін одан әрі тереңдете оқи түсу үшін Парижге аттанды.
Заңгер емес, пешенесіне ұлы жазушы болу тағдыры жазылған суреткер іш пыстыратын ғылыми кітаптарды оқи алмай көңілі құлазып, университеттегі темірдей тәртіптен жалығып, атақтан, байлық пен мансаптан басқа ештеңені ойламайтын, талғамы төмен, санасында сәуле жоқ замандастарын жек көре бастады. Тоғышарлықтың торына түскен байғұстардың ішінде сөйлесуге тұрарлық бір жанның табылмағанын қарасайшы. Кіммен сөйлесерін білмей қапаланған Флобердің ақымақ тобырдың дауыстары естілмейтін қиял патшалығының мекеніне кіріп алып, есігін құлыптап тастап, жан сырын ақ параққа ақтарғаннан басқа амалы қалмады. Элизаны сағынып жүргенде Элила Фуконы қалай кездестіргені, әдемі әйелдің оттай ыстық құшағында қалай балқығаны ойына оралып «Қараша» атты повесін шабыттанып жазып тастады. Шығармада Элила Фукомен екеуінің арасындағы болған бір күндік махаббат ойынының оқиғасы суреттелгенімен, басты кейіпкердің кескін-келбетін ол Элизаның көркіне тән сұлулық нәшімен өрнектеді.
Айтпақшы, сол жылы тағдырдың бұралаң жолы Элиза екеуінің жолын тағы да түйістірді. Сүйген жанының ай дидарлы жүзін көруді құмартып жүрген Гюстав бір күні сылтау тауып Морис Шлезенжердің кеңсесіне бас сұғып, бұрынғы таныстығын қайта қалпына келтірудің амалын тапты. Ойында ештеңе жоқ Морис жас жігітті үйінен түскі ас ішіп кетуге шақырды.
Элизаны қайта көру бақытына қолы жеткен Гюставтың таңданысында шек болмады. Дауылды жылдардың жаңбыры да, өткен уақытты бұрқасындатқан бораны да ғашығының сұлу сымбатына сызық түсіре алмапты. Қайта ол бұрынғысынан да әдемі болып, гүлдей құлпырып кеткен бе, қалай? Жүрегіне шоқ салған уыздай жас келіншекті алғаш көргенде ол бозбала еді, ал, қазір ат жалын тартқан - зіңгіттей азаматқа айналды. Бойындағы құмарлықтың құштарлығы әлі басылмаған жігіт жүрегінде махабат оты қайта маздады. Сүйгеніне қосылатын күн туса оның жолына шыбын жанын құрбан етуге ол дайын. Шешендік пен шеберліктің бәрі бойында бар болғанымен жүрегінің түбінде жасырынған асыл сөздерін жеткізуге гауһар тілінің шамасы келмей қойғанын айтсайшы. Жанына жақындап қалса не айтарын білмей сасқалақтап, тілі күрмеліп, жүрегінің түйінін жаза алмай азаптанғанын қарасайшы.
Ғашықтық дерті қайтадан жанын жалындай шарпығанымен бұл күндер Гюставтың өміріндегі ең бақытты кезеңі болды. Шеленжерлердің отбасымен баяғыдай араласып, үйлеріне жиі барып, кейде олармен бірге саяхаттады. Амалын тауып ақыры бір күні Гюстав ғашығына сезімін білдіріп, сөз айтты. Ішінен қатты қобалжыған ол бәрінен бұрын сүйіктісінің өкпелеп қалатынан қатты сескенген. Бірақ, Элиза өзіне деген ойы бар ғашық жігітке ренжіген жоқ. Алайда, «достық қарым-қатынастан басқа еш нәрседен дәмеленбеуін» албырт жасқа қатаң ескертті.
Гюставтың көзіне сүттен ақ, судан таза періштедей болып көрінгенімен, тағдыры қызық Элиза Шлезенжер дәл ол ойлағандай арына кір жұқтырмаған пәк әйел емес-тін. 1836 жылы Флобер онымен алғаш танысқанда жұрттың бәрі оны Морис Шлезенжердің жұбайы санайтын. Алайда сұлу бикеш ол жылдары алаяқтығы үшін қаржылық дау-дамайға ұшыраған Эмиль Жюдза деген біреумен заңды некеде тұрған болып шығады. Бас бостандығынан айырылу қаупі төніп, сотты болған азаматтың берешек ақшасын Морис Шлезенжер өз қалтасынан төлеп, оны түрмеден құтқарып қалады. Жасаған жақсылығы үшін ол Жюдзеге әдемі әйелін оған тастап, Франциядан біржола кетуін сұрайды. Жюдзе келісіп, Элиза заңды емес екінші күйеуімен өмір сүре бастайды. Ерлі -зайыптылардың ажырасуына ол кездері заң жүзінде рұқсат етілмегендіктен 1840 жылы Эмиль Жюдзе қайтыс болғаннан кейін ғана Морис пен Элиза некелерін заңдастыра алды.
Шлезенжерлердің шаңырағымен жақын араласқан адамдардың айтуынша кербез келіншек Мористы жақсы көрмеген. Елден кетіп қалғанына қарамастан алғашқы алаяқ күйеуін өлердей сүйіп, оны бір көруге асық болған. Неліктен Элизаның өзін жанынан да артық жақсы көріп, тағдырын талақ етуге дайын Гюставтың қолынан ұстап кете салуға тәуекел етпегенін түсіну қиын емес. Баспанамен қамтамасыз етіп, жеке басына жасаған жақсылықтары үшін ол екінші күйеуіне шексіз қарыздар-тын. Оның үстіне Мористен сүйген баласы да бар.
Ғашықтық дерті бойды жеңбей қоймайды. Біреуді бар ынтасымен сүйген адамның жанары маңдайында емес, жүрегінде болатыны шындық шығар. Ал, ғашық жүрек аспандағы шырақтай жанған жұлдыздардың ішінен біреуін ғана көріп, одан басқа ештеңені байқамай есінен танады. Гюстав та қаптаған қыз-қырқындардың бірде-біреуіне назар аудармай Элизаның қыр соңынан көлеңкесіндей қалмай қойды. Екі байының ортасында басы қатып жүрген сұлу қатын сөзін жауапсыз қалдырса да үмітін үзбеді.
Бетінің қызылы бар ұрғашы көрсе сезімін тежей алмайтын Морис Шлезенжер әйелінің көзіне жиі шөп салатын. Күйеуінің осындай жаман әдеті бар екенін Элиза жақсы білетін. Екеуі сол үшін жиі-жиі ұрысып та қалатын. Махабатқа тұрақсыз күйеуінің жеңілтек мінезінен шаршаған келіншек бір күні Флобердің сезіміне жауап беріп, жігіттің пәтерінде кездесуге келісімін берді.
Жабырқаған қайғының тұсауында жүрген жігіттің көңілі жаздай жадырап кетті. Алыстағы сағымдай мұнарлаған арманына қолы жеткенін ойлағанда сәулелі сұлу жарды аңсаған жүрегі лүпілдеп, көңілі тыныштық таппай, жүзінде ыстық қан ойнады. Элизаның белінен қапсыра құшақтап, ажары таймаған тұңғиық қара көздерінен, ақ тамағынан қалай сүйетінін қиялдағанда іштегі ыстық жалыны сыртқа шыққысы келіп тіленіп, жанына маза бермей аласұрды.
Асау сезімін отқа салған жігіттің арманы орындалмады. Уәдесін бергенімен екеуі кездесуге уағдаласқан пәтерге Элиза келмеді. Француз классигінің өмірінде болған бұл оқиға «Сезім тәрбиесі» романында көрініс тапты. Ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдар, бар жан-тәнін салып тырысқанына қарамастан Элиза Шлезенжердің еш уақытта да Флобердің көңілдесі болмағанын айтады.
Флобердің өмірінде Элиза Шлезенжер мен Элила Фукодан басқа Луизе Коле есімді әйелдің болғаны да бізге белгілі. Екеуінің арасындағы болған махаббат драмасына біз сәл кейінірек тоқталармыз. Оқырманды тап қазір Луизе Коледен гөрі, француз классигінің еркін билеп алып, есінен тандыра жаздаған ғашығы Элиза Шлезенжердің тағдыры қызықтырып жатқанын іштей сезіп, осы бір махаббат оқиғасының қалай аяқталғанына тоқталып, әңгімеміздің нүктесін қойғанды жөн санадық.
Сөзіміздің басында біз Гюстав Флобердің бір ғана әйел – Элиза Шлезенжерді ғана өмірден сүйіп өткенін айтқанбыз. Өмірінің соңында оны жазушының өзі де жұртқа жария етіпті. Бір күні әдебиеттегі әріптестері Теофиль Готье, Ипполит Тэн және Эдмон Гонкурлармен бірге мейрамханадан кешкі ас ішіп отырып, ол өте қызық мәлімдеме жасайды. Ұлы жазушы өмірінде бір ғана келіншек - Элиза Шлезенжерді ғана шын ниетімен сүйгенін, басқа әйелдердің бәрімен де жүрегін оттай жандырған жалғыздық дертінен арылу үшін ғана көңілдес болғанын мойындайды. Бірақ тағдыр жолықтырған бірде-бір әйелдің қиялындағы қол жетпес арманы болған Элизаның орнын алмастыра алмағын айтып, мұңға батады.
1871 жылы Морис Шлезенжер дүние салды. Элизаның екінші күйеуі болған, алаяқтыққа жақын азаматтың биржадағы авантюралары сәтсіз аяқталып, ол әйелімен бірге Баденге қоныс аударып, сол жақтан ажалын тапты.
Күйеуі өлгеннен кейін, екеуінің ең алғаш кездескеніне отыз жыл өткенде Флобер өз ғашығына өмірінде тұңғыш рет махаббат хатын жазды. Элизаға жолдаған хатының алғашқы сөйлемін әдеттегідей «Мадам» деп емес, «Менің ең алғашқы, өмірдегі жалғыз махаббатым!» деген сөздермен бастады.
Флобердің хаты Элизаның жүрегін елжіретіп, сезім толқынысына салды. Өзіне ғашық болған ұялшақ жігіттің кескін-келбеті көз алдына келді. Ашық теңізде, ақ желкеннің астында иықтары түйісіп, бір-бірінің демін сезіп сырласқан бақытты күндері есіне түсті. Құштарлық сезімін жүгендей алмаған ниеті жаңа жауған қардай әппақ есалаңның көңілінде сол күні қандай жынды құйынның құтырып, жанына тыныштық бермегенін Элиза қайдан білсін. Бәрі де көрген түстей өте шықты.
Хатты оқи салысымен Элиза жылдам жиналып ертегі жылдардың елесін қуып Флоберді бір көру үшін Круассеге келді. Отыз жыл бұрынғы аласұрған сезімдері қайтадан көңілінің бір түкпірінен жыландай басын көтеріп, Гюстав та өз ғашығымен кездесуге асықты. Алайда сұлулықтың да Уақыт-Құдаймен тіресуге шамасы келмейді екен.
Элиза қатты қартайып кетіпті. Жарық жұлдыздардай жымыңдаған жанары суалып, майы таусылған шамдай сөне бастапты. Тажал тағдыр байғұс әйелдің сұлулығын аямай талқандап, бұрынғы әдеміліктің ізін де қалдырмапты. Шәші ағарып, бетін әжім басып, салдырап қу сүйегі ғана қалыпты.
Ертегідей әдемі өмірді армандаған байғұс қатын тиген екі байынан да опа таппады. Бірінші күйеуі, түрмеден басын аман алып қалу үшін, керек емес кезде сатып жіберетін асыл бұйымдай оны бөтен еркекке қиып, бере салды. Екіншісінің де айдай сұлу аруды ұшпаққа жеткізгені шамалы. Еркек біткеннің бәрі қызыққан әдемі қатыны болғанына қарамастан, бөксесі бұлтыңдаған ұрғашы көрсе, өзін ұстай алмайтын жаман әдетінен арыла алмай қойды. Оны мына жалғанда шын сүйген, ол үшін жанын құрбан етуге дайын бір ғана адам болыпты. Ол – Флобер. Жасы алпысқа таяп қалған кемпірдің енді ғана осы шындықтқа көзі жетті. Әлде, он екіде бір гүлі ашылмаған бозбаланы бақытсыз еткісі келмегендіктен, кезінде оны әдейі түсінгісі келмеді ме?
Жендет уақыт Флоберді де аямады. Өмірінің соңғы жылдарын Круасседе өткізген француз классигі шығармашылықтың қызығына беріліп, сыртқа көп шыға қоймайтын. Күніне он төрт, он бес сағаттан жұмыс істеу оны қатты қалжыратып, жүйкесін жұқартып, қартайтып жіберді. Оның үстіне ол бұрқыратып темекіні де көп шегетін. Қатыны жоқ еркектің күтімі де болмайды. Отыздан асқанда Флобердің шәштары түсе бастап, дұрыстап тамақтанбағандықтан денесі де тез толып, семіріп кетті. Бір сөйлемді жазуға кейде бір күнін арнайтын суреткер қаржылық тапшылықтық азабын да қатты тартты. Ал, «Бовари ханым» романының төңірегіндегі дау-дамай жазушыны бұрынғыдан бетер қатты күйзелтіп жіберді.
Өткен-кеткенді еске түсіріп, екеуі ұзақ сөйлесті. Ұлы жазушыны бақытты ете алатын Құдай берген мүмкіндікті өз қолымен қиратқанын Элиза енді ғана түсінді. Бұл Флобер мен Элизаның ең соңғы рет кездесуі болды. Көп уақыт өтпей ұлы суреткер дүниеден өтті.
Флобер қайтыс болғаннан кейін бір жылдан кейін француз классигінің досы Максим дю Кан жаз кезінде Баденде демалады. Сауық-сайран құрып жүрген күндерінің бірінде ол адасып Илленауда орналасқан жындыхананың жанынан бір-ақ шығады. Ақыл-есі ауытқыған науқастар жататын ауруханының есігі ашық қалып, арғы жағындағы бір топ сырқат әйелдер серуендеп жүр екен. Бір топ әйелдің ішінен егде тартқан біреуі оған ізет танытып, басын изеп қасынан өте шығады. Максим дю Канмен амандасқан бейтаныс кемпір француз классигінің жүрегін оттай жандырып, өмір бойы сүйіп өткен махаббаты Элиза Шлезенжер болатын

(«Флобердің серті мен дерті» атты көлемді еңбегімнің толық нұсқасын келешекте республикалық басылымдардың бірінен оқитын боласыздар. Суреттегі Флобер ғашық болған Элиза Шлезенжер).

Пікірлер