Батыс өлкедегі маңызды қорғаныс шарасы

3759
Adyrna.kz Telegram

Тәуке хан елдің батыс өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін батыл шара алуға тектен-тек бекінбеген еді. Оның түпкі себебі сол, орыс мемлекетінің жүргізген соғыстарына белсене қатысу арқылы патша сеніміне әбден кірген, тиісінше, патшалықтың  қамқорлығы арқасында Қалмақ хандығын күшейтіп, қуатты, жақсы ұйымдастырылған әскер жасақтап  алған Аюке хан Қазақ хандығының терістігіндегі бітіспес жауына айналған болатын.

Қалмақ хандығының әміршісі шапшаң да оралымды жасақтарымен әуелде қазақтардан еріксіз айырылған ноғайларға жортуылдатып, олардың Кубаньдағы ауылдарын, ауылдардағы қазандарын (шаңырақтарын)  шауып кетіп жүрді.  (Қалмақтар орыс әскерлерімен бірлесіп қаншама қырып-жойғанменен, ноғайлар әлі де патшалық ықпалына толық түсе қоймаған еді). Одан Қазақ хандығына – Петр патшаның қолы жетпеген тәуелсіз елге  тұрақты жорық жасап тұруды әдетке айналдырды. Бәлкім мұнысы өзінің оңтүстіктегі конфедеративтік қожайыны (немесе сюзерені) Жоңғар хандығымен оның Шыңғыс хан заманындағыдай алып империя құруды көздейтін басты мақсатына бірлесіп жету  орайында қимыл үйлестіру жөнінен келісіп алғандығынан шығар. Қалай болғанда да, ол жортуылдарымен қазақ жеріне терең сұғынып, Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауын мекендейтін жұртты, түрікмендерді де шапты. Арал маңындағы елді, қарақалпақтар мен өзбектерді де шапқыншылыққа ұшыратты. Тіпті Хиуа хандығына дейін шабуылдап барып  жүрді. Не керек, Еділ қалмақтары да, олардың оңтүстіктегі қатыгез туыстары жоңғарлар секілді, тіпті солармен бірдей дәрежеде қазақ еліне қатер төндіріп тұрған. Тәуке хан осыны зайыр ұқты.

Қалмақ хандығы әскерлерінің Қазақ хандығына жасаған шапқыншылығын Кіші жүз қазақтарының ру-тайпалары басында тұрған сұлтандар бастан кешіп жатты. Солардың бірі Тәуке ханмен аталас төре тұқымдарының бірі, Жәнібек ханның кіші ұлы Өсекеден тараған Бөлекей сұлтан ұрпағы Қажы сұлтан еді. Ол бауыры Бөлекейұлы Батыр ханмен қатар өскен бұтақ өкілі болатын. Қажы сұлтан күллі өзіне қарасты әулетімен, балаларымен (ішінде ортаншы ұлы, болашақ Әбілқайыр баһадүр бар) Сырдың төменгі ағысында өмір сүрді. Қарақұм атырабын қыстап, жаз айларында Торғай мен Ырғыз өзендерінің жоғарғы ағысында, Жемге таяу маңда көшіп-қонып жүретін. 17-ші ғасырдың соңына қарай осы аумақты мекендейтін қазақтар Еділ қалмақтарының әскери шабуылдарына жиі-жиі ұшырады. Осындай ахуалда жасөспірім Әбілқайыр шайқасқа ерте араласып, ұрыстарда танытқан ержүректігімен, батырлығымен ерекшеленді. (Ресми тарихи әдебиетте ол 1693 жылы дүниеге келді деп жазылып жүр. Алайда  Әбілқайыр ханның өмір жолын терең және жан-жақты зерттеп, теңдессіз ғылыми-зерттеушілік жұмыс жүргізген тарихшы Ирина Ерофеева оны 17-ші ғасырдың 80-ші жылдарының орта кезінде туған деп санайды. Оның тамаша жұмысын және өзге де тарихи мағлұматтарды салыстырып қарастыра келе, біз бұған сәл түзету енгізіп, Әбілқайырды Тәуке хан таққа отырған шамада – 1680 жылдары дүниеге келген деген ойға тоқтадық).

1698 жылы Қазақ хандығы оңтүстік-шығысынан Жоңғар хандығының жойқын шабуылына ұшырағанда, солтүстік-батысынан Қалмақ хандығының жасақтары да жер-суына тарпа бас салды. Аюке ханның орыс патшасы әскерімен түрлі соғыстарда бір сапта шайқасып көп тәжірибе жинақтаған жауынгерлері жақсы қаруланған, әскери өнерге кәсіби машықтанған болғандықтан да, көп жағдайда  қазақтардан әлдеқайда басым түсіп жүрді. Алайда, отанын қорғап жүрген себепті, қазақ сарбаздарының рухы мықты болатын. Олар өздерінен күшті жаудан жеңілгенмен, құты қашпайтын, еңсесін түсірмейтін.

Ұрыстар арасындағы бір бейбіт сәтте жасөспірім Әбілқайырды көпке әйгілі қазақ батырының қалай көріп, танысқанын және бір көргенде қандай деңгейдегі бағалаумен әспеттегенін айта кетейік. Бұл жөнінде ғасырлар бойы ел ішінде сақталған аңызды дала төсінде айдауда болған әлдебір орыс зиялысы жазып кеткен екен. Өз аты-жөнін көрсетпей, «Невольник», яғни «Бас бостандығы жоқ» деп қол қойып, «Предание о киргиз-кайсацком хане Абулхаире» – «Қазақ ханы Әбілқайыр туралы аңыз» деген тақырыппен 19-шы ғасырдың соңында Торғай облыстық баспасөзі бетінде жариялапты. Аңызды ғылыми айналымға Ерофеева енгізді. Сондағы жоғарыда аталған эпизодты әңгімелейік. Бір ғана өзгеріс – батырдың есімін нақтылаймыз. Біздің ойымызша,   Әбілқайырды 17-ші ғасырдың соңында, яки 18-ші ғасырдың алғашқы жылдарында кезіктірген – кейін ханның сенімді серігіне айналатын Жәнібек батыр емес (өйткені бұл шақта ол тым жас – 1693 жылы туған), дұрысы – Жәнібектің әкесі Қошқар батыр болса керек. Аңыз сонысымен де аңыз, уақыт өте келе кей деталь бейкүнә өзгеріске ұшыраған ғой деп ойлаймыз.

Сонымен… Ұлы Дала. Түс кезі. Есімі елге әйгілі, ерлігіне бек разы халық тік тұрып құрметтейтін Қошқар батыр дулығасы күнге шағылыса жалтылдап, жасағының алдында желіп келеді. Алдынан жеке-дара өсіп тұрған қалың бұтақты ағаш көрінеді. Ағаштың жанынан өтіп бара жатып, батыр тізгінін тартады. Жасақ оның қос қапталынан, қаумалай тоқтайды. Бәрінің назары батыр қараған жаққа ауады. Ағаш түбінде аса көркем бір жасөспірім жігіт қатты ұйқы құшағында жатыр екен. Жәнібек батыр оған сүйсіне қарайды. «Өрімдей жас, алайда неткен өр кескін! Қуат пен жігер төгуін қара… Мына балауса бозбаланың қанында тектілік бар!» – деп сүйсінеді ол. Жан-жағынан қаумалаған сарбаздарына жүзін бұрып: «Қараңдаршы, – дейді, – құшағын қалай батыл да кең жаза жайып жатқанына көңіл бөліңдерші! Ол құдды өзінің қажырлы қолдарымен бүкіл әлемді құшақтап алғысы келетіндей!»

Сарбаздар ауыздығымен алысқан аттарының басын тартып, жетекшілерінің аузына қарайды. Батыр ұйықтап жатқан жігіттің әдеттегіден тыс ғаламат көркіне сүйсінгеннен, оған ат үстінен есі кете үңіліп тұрып: «Бұл баланың болашағы зор. Айтпады демеңдер!» – дейді. Сосын ұзын найзасының ұшымен бозбаланың қолын түртіп қалады. Сол-ақ екен, бала жігіт оянып кетеді. Қошқар батыр найзасын кері тартып алуға үлгерер-үлгерместен, жолбарысша серпімді қимылмен орнынан атып тұрады. Жанында жатқан садағын ала көтеріледі. Тұрған бетте жебені батырдың кеуде тұсына бағыттайды. Садақ жағын кере тартып, атуға әзір өжеттігін танытады. «Тоқта, жанкешті бала, тоқта, – деп айқай салады батыр, – таста садағыңды, мен Қошқар болам! Қошқар батыр жайында талай естіген боларсың, сенің садақ кезеніп тұрған – сол, Қошқар батыр! Мен саған жау емеспін. Мен саған жақсылық тілейтін дос болам!»  Бала жігіт садағын кезеп тұрған қалпы, батырдың бетіне тік қарап, өр үнмен: «Мейлі, сен  атақты Қошқар батыр болсаң – бола ғой, бірақ сенің өз бетінше тыныш жатқан адамды мазалауың қалай? Ал мен Әбілқайыр сұлтанмын! Әлдекімнің ат үстінде отырып, өзімді найзамен түрткілеуіне мен төзбеймін!» – дейді.

Батырдың нөкерлері мына бейтаныс бозбаланың өжеттігі мен жасына сай емес өркөкірек менмендігіне қайран қалады. Аңырып, бір-біріне қарасады.  Жабыла қамшының астына алып, жуасытып жіберсе қайтер еді?! Бірақ Қошқар батыр бейтаныс бозбаланың қылығына разы болғаны сондай, бәрін одан сайын таңырқатып, атынан түседі де, татуласу ниетін көрсетіп, өжет балаға қолын өзі созады. Сонда бала жігіт садағын төмен түсіреді. Басын иіп, ізет көрсете тұрып, ел қадірлеген батырдың қолын қысады. Жас Әбілқайыр сұлтан ел таныған дала батырымен осылай танысады. Бұл кезде Қошқар батырдың баласы Жәнібек әлі жеті-сегіз жаста ғана. Ол да әке жолын қуа келе, ел қорғанына айналған батыр, Шақшақ  Жәнібек атанады. Сосын Әбілқайыр ханмен үзеңгілес болады.

Ал оған дейін Әбілқайыр едәуір тағдыр талқысынан өтеді. Небір шайқастарды бастан өткереді. Ұтады да, ұтылады да. Еділ ойраттарының қолбасылары оны тұтқынға түсіреді. Олар жүрек жұтқан жас қазаққа әрі таңдана, әрі қызыға қарайды. Бұл кезде олар аса қуатты еді. Көптеген сәтті әскери жорықтары барысында қалмақтардың да, олардың бас әміршісі Аюке ханның да беделі арта түскен. Сол 18-ші ғасырдың басында Қалмақ хандығының ішкі саяси жағдайы әлдеқайда нығайғаны сондай,  әлі де патшалық қармағына түсе қоймаған көрші аймақтарға өктем билік жүргізуге тырысқан. Осы реттегі оның өзге көршілерінен басымдығы көзге ұрып, тиісінше, абыройлылығы артқан, халықаралық дәрежеде танылған. Осындай биік мәртебеге жеткен Аюке ханның құзырында едәуір өзге жұрт өкілдері, солардың ішінде, қалмақтардың жеңісті жорықтарының бірінде әлдеқандай тағдыр талқысымен тұтқындалған жас Әбілқайыр сұлтан да қызмет еткен еді.

Қалмақ хандығында еркінен тыс өткізген уақытын жас Әбілқайыр нәтижелі өткізіп, пайдасына асыра білді. Батыл, зерек, ақылды жас батыр сол шақтағы аса беделді және танымал дала қолбасшыларының бірі ретінде мойындалған Аюке ханның әскери істі қалай ұтымды түрде қайта құрып алғанын зерделеді. Оның жүзеге асырып отырған ел басқару жүйесін парықтады. Қалмақ ханының әскери-саяси қызметіндегі елеулі озық тәжірибені аңғарып, ол жүзеге асырған амалдың – байырғы дала әдетіне еуропалық дәстүрлерді кіріктірудің анық артықшылықтарын байқады. Не керек, құдай бойына аса зор күш-қайратқа қоса дарытқан ақыл-ойдың арқасында, Әбілқайыр сұлтан өзінің еркінен тыс біраз мезгіл уақытша әміршісі болған Аюке ханның қызметінде жүріп, оны  белгілі дәрежеде жауынгерлік шаруа мен мемлекеттік істерді ұйымдастыруда өнеге көрсеткен ұстазы ретінде де қабылдағандай болды. Ақыры, танығаны мен үйренгенін, қол жеткізген білігін өз елі игілігіне жұмсайтын шақ туғанын түйсінді. Сөйтіп, Еділдің төменгі ағысындағы Қалмақ хандығында өткізген азын-аулақ уақытынан кейін, Әбілқайыр сұлтан өзінің туып-өскен өңіріне – Сыр суына шектесетін дала мен Қарақұм алқабында өмір сүріп жатқан туған-туысқандары арасына қайтты. Елге оралғаннан кейін тез арада айналасын өзінің жеке басының батырлығымен бірге, шайқас жүргізудегі өте оңтайлы тәсілдерді ұйымдастыра білетін әскери шеберлігімен қайран қалдырып, мойындатты. Ұзамай қазақтар мен қарақалпақтардан құралған жасақты бастап, башқұрт елінен бір-ақ шықты.

Қаһарлы Иван (Иоанн Грозный) тұсында бодандыққа түскен башқұрттар орыс тағына Романовтар келгелі бері айрықша қысым көріп жүрген. Башқұрт жер-суы талан-таражға ұшыратылып, атамекендеріне шекаралық бекеттер, қамалдар, патшалықтың өз тұрғындары ғана жайлаған елді мекендер, христиан монастырьлары салынды. Тарихи құқтары тапталып, бостандықтарынан айрылған башқұрттар 17-ші ғасырда әлденеше рет көтеріліске шығып, жерге, дінге байланысты көптеген талаптарын орындатуға қол жеткізе алған. Алайда патшалық қашанда өз озбырлығында бір қадам шегінсе, артынша екі қадам ілгерілеп, небір жәдігөй әрекетке баратын. Оның үстіне, өкіметтің башқұрт ішіндегі пайдакүнем шенеуніктері өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, қилы зорлық көрсету жолымен, бодандардан заңда жоқ алым-салық алған. Сондай қысымдар салдарынан башқұрттар 1704 жылы қайта көтерілді. Алты-жеті жылға созылған бұл көтерілістің белгілі бір кезеңінде, 1708 жылдар шамасында, башқұрттардың орыс патшалығының әскерлеріне қарсы шайқастарына  Әбілқайыр сұлтан да атсалысты. Ол мұнда башқұрт жетекшісі Алдар Есенгелдиннің шақыруымен келген еді. Өзі бастап әкелген қазақ-қарақалпақ одағының құрама жасағы патша әскеріне қарсы белсенді ұрыстар жүргізді. Осы шақта Әбілқайыр өзі игерген және машықтанған әскери өнерін бастап әкелген жасағы мен көтерілісшілерге риясыз үйретті. Соғысудың қыр-сырымен бөлісіп, өз әскеріне де, башқұрт жасақтарына да шебер жетекшілік етті. Соның нәтижесінде башқұрт көтерілісшілері мен оларды қолдаушы сарбаздар Сарытау (Саратов), Астрахан, Самара, Қазан, Вятка, тіпті Кавказ бен Тобылға дейін  ат ойнатқан. Әбілқайыр баһадүрдің жеке басының ерлігіне, жаугершілігіне, әскери қолбасылық қабілетіне тәнті болған башқұрттар оны өздерінің ханы деп атады.

Терістіктегі башқұрт көтерілісінің соңғы кезеңі оңтүстікте 1708 жылы қайтадан басталды. Ол Қазақ хандығының уақыт өткен сайын үдей түскен жоңғар басқыншылығына қарсылық көрсету шараларын ұйымдастырып жатқан шағына сәйкес келді. Күрделі саяси жағдайды жан-жақты сарапқа салған Тәуке хан, жоғарыда айтқанымыздай, ел билігіне реформа жасауды қолға алған. Соған орай Әйтеке би бастаған бас адамдар башқұрт елінде орыс әскерімен соғысып жүрген Әбілқайыр сұлтанның елге қайтуын сұраған. Содан, қазақ-қарақалпақ қолын басқарып, башқұрт көтерілісін қолдауда едәуір табысты жеңістерге жеткен, еуропалық жалпақ өңірде де жиһангер, қолбасшы ретінде кеңінен танылған Әбілқайыр баһадүр туған еліне оралады. Оралысымен, ойраттардың екі тұстан да жасап жүрген шапқыншылығына қайтіп төтеп беруге болады деген өмірлік мәселені ақылдасқан бас қосуларға қатысады. Осы тағдырлы сауалды қарастыру үшін (тарихта Қарақұм құрылтайы деген атаумен әйгілі болған) халық өкілдері жиналысын шақыруға белсене атсалысады.

Қарақұм құрылтайына қатысқан Кіші жүзден және Орта жүздің бір бөлігінен келген билер мен рубасылар, ақсақалдар, басқа да бас адамдар  1710 жылы Әбілқайырды хан лауазымына сайлайды және осы екі жүзден жауға қарсы жасақталатын әскердің бас сардары етіп тағайындайды. Әбілқайыр хан мемлекеттің Түркістандағы орталық ордасында отырған Бас хан Әз Тәукенің батыс өлкедегі арқа сүйейтін сенімді тірегі, қазақ хандығының қабырғалы, қарымды қорғаушысы ретінде қабылданады.

(Жалғасы бар)


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

Пікірлер