Сұлтан Хан Аққұлы: Әлихан Бөкейхан әлі терең зерттелген жоқ

2841
Adyrna.kz Telegram

1866 жылдың 5 наурызы – ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан жарық дүние есігін ашқан күн. Қазақ ұлтының ел болып, халық болып бой түзеуі үшін бар ғұмырын сарп еткен, халық көкірегіне  жарық сәуле шашу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген Әлихан Бөкейханның біртұтас  «Алаш» идеясын ұсынуы  халықты бір жұдырыққа жұмылуға, ұлт болып ұйысуға бастаған еді. Амал не, тоталитаризм ұлт көсемдерінің бұл идеясын жүзеге асыруға жол берген жоқ, 70 жыл бойы атын атауға тыйым салды. Биыл 150 жылдығы аталып өтілетін Әлихан Бөкейханның қазақ үшін жасаған ұланғайыр еңбегі қалай бағалануда? ЮНЕСКО тарапынан қолдау тауып отырған мерейтой қалай өткізілмек? Осы және өзге де ұлттың ұлы мәселелері жайында алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Биыл Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл. Саяси тұрғыдан Әлихан Бөкейхановтың саяси қайраткерлігіне қандай баға берілді деп ойлайсыз?

– Жалпы, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысқа ғылыми және тарихи тұрғыдан баға беріліп жатыр. Дегенмен, жан-жақты толық баға берілді деп айта алмаймыз. Өйткені «Алаш» қозғалысының, «Алаш» автономиясының, «Алаш» идеясының, «Алаш» партиясының тарихи маңызы әлі терең зерттелген жоқ. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихында «Алашорда» қозғалысына саяси баға беру жайлы талпыныс та болмай отыр. Әлихан Бөкейханның аты бізде «Алаш» идеясымен қатар ауызға алынады. Әлихан Бөкейхан десек, «Алаш» қозғалысы, «Алаш» қозғалысы десек, Әлихан Бөкейханды ойымызға аламыз. Өйткені ұлт-азаттық қозғалысы мен Әлихан Бөкейхан аты біте қайнасып кеткен. Біз бүгінгі Қазақстанның негізі «Алашорда» автономиясынан бастау алатынын  ескере бермейміз.

– «Жас Қазақ үні» газетінде заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Қасымовтың «О национальном герое Алихане Бокейханове» атты мақаласы жарық көрді. Сол мақалада Әлихан Бөкейханға Қарағанды қаласынан көше берілмегендігі жайында жазылады. Cондай-ақ, аталмыш мақалада Әлихан еңбектерінің, ол туралы зерттеу кітаптарының ешқандай мемлекеттік тапсырыспен басылмағандығы айтылады. Сонда өзі туған қаладан көше атауын беруге сараңдық танытуымыздың сыры неде деп ойлайсыз?

– Сабыр мырзаның сөзінің жаны бар. Дегенмен, мәселенің әділдігін айтқан жөн. Әлихан Бөкейхан шығармаларының 9 томдығы шықты. Алайда соның өзін ырың-жырың қылып үш жылда әзер шығардық. Мәселен, 2009 жылы алғашқы үш томдығы, 2010 жылы төртінші-бесінші томы, 2013 жылы қалған төрт томы жарық көрді. Ал қалың оқырман көпшілік одан бейхабар. Себебі Қазақстанда әлеуметтік-саяси маңызы бар әдебиеттер бар болғаны 2 мың дана таралыммен шығады. Қазақстан халқының жалпы саны 17,5 миллион болса, соларға арналған 12 мың кітапхана бар екен. Ал жаңағы ғылыми көпшілік, танымдық кітаптар бар жоғы екі мың данамен жарық көреді.

– Жалпы, алаштануда, әлихантануда біздің ұлттық ғылым қандай жетістікке жетті деп ойлайсыз? Жеткен жетістігіміз не, кемшілігіміз неде? Жүйелі зерттеу бар ма?

– Жүйелі зерттеулер бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Осы саламен қаншама тарихшы, филолог, жазушы, т.б. да мамандық иелері айналысып жүр. «Алаш» идеясының негізгі маңызы неде? «Алашорда» үкіметінің көздеген мақсаттарының  қайсысы қазір жүзеге асты? 1917 жылдың 12 желтоқсанында «Алаш» автономиясының жоғарғы атқарушы билігі – «Алашорда» үкіметінің қабылдаған ең алғашқы Қаулысы не туралы еді? Жаппай білім беру, ғылымды дамыту болатын. Тіпті, 1941-1945 жылдардағы ІІ Дүниежүзілік қанды соғыс жылдарының өзінде Кеңестер одағы ғылым, білімге бөлінетін қаржыны қысқартқан емес. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған ширек ғасырда Қазақстанның орта және жоғары білімі де, ғылымы да біршама төмендеп кеткені айтылуға тиіс шындық. Жақында ғана Қазақстанның Білім және ғылым министрі ауысты. Осы ширек ғасыр аралығында Қазақстанның Білім және ғылым министрі он төрт рет ауысып отыр. Демек бір де бір министр екі жылдан артық отырмаған. Әр министр келген сайын, өз реформасымен келеді. Алдыңғы министрдің қолға алған ісі аяқсыз қалады. Бұдан соң, Тәуелсіз Қазақстанның ғылымы мен білімі қалай жетіледі? 2016 жылғы республикалық бюджеттен ғылымға бөлінген қаржының 2014 жылғыдан асып кеткені шамалы. Жоғары оқу орнының жанындағы ғылыми зерттеу институттары азды-көпті жалақысын алып отыр. Ал Білім және ғылым министріне қарасты Шығыстану институты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жалақыларын уақытылы ала алмайды. Демек, қазақ ғылымына жеткілікті көңіл бөлмей, ол өз дәрежесінде дамымайды.

– Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы әңгімелер айтыла бастап еді. Бұл іс қалай жүзеге асуы мүмкін?

– 2015 жылдың қараша айында Парижде халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 38 сессиясында Қазақстан тарапынан келіп түскен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту жайлы ұсыныс қаралып, қабылданды. Осы жайлы «Ақ жол» демократиялық партиясының парламенттік фракциясы Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап: «Әлихан Бөкейханның саяси тұлғасына ЮНЕСКО деңгейінде көңіл аударып отыр екен. Ал біздің Үкімет бұған қалай қарайды? Үкіметтік комиссия құрылып, бұл мерейтой мемлекет деңгейінде тойлана ма?», – деп сұрады. Оған Премьер-министрден арнайы жауап келді де. Онда: 2016 жылдың бюджетінде бұл мерейтойға қаржы қарастырылмаған. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өту жайлы мемлекеттік комиссия құруды біз қисынсыз деп санаймыз. Сол секілді мемлекеттік мекемелер, 2016 жылы өздерінің ағымдағы жоспарлары бойынша атап өтеді» делінген.

Ақпан айының басында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Парламенттің кезекті бір отырысынан кейін, журналистерге «Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атауға мемлекеттен қаржы бөлінетін болды» деп айтып қапты. Оны журналистер жер-жаһанға жариялап, сүйінші де сұрап жіберді. Бірақ, Премьер-министр бұл шараға қаржы бөлінбегенін айтып отырса, Мәдениет министрі жоқ қаржыны қайдан тауып беруі мүмкін? Оның үстіне, Алматыдағы бір баспа үйі Әлихан Бөкейханның кітабын мемлекеттік тапсырыс бойынша шығаруды сұрап Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазады. Оған осы министрліктің вице-министрі қаржы жоқ деген жауап қайтарады.  Сол себепті де, биыл Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді дегенге күмәнім бар.

– Сіздер Әлихан Бөкейхановтың мерейтойын атап өту үшін елден қаржы жинауға кірістіңіздер. Бұл акция қалай жүріп жатыр? Жалпы, мерейтойды атап өтуге жеткілікті қаржы жиналуы мүмкін бе?

– Жаңа жылдың алдында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Алаш» ғылыми зерттеу институтының бастамасымен елдегі барлық алаштанушы ғалымдар, оның ішінде Парламент депутаттары бар, қоғам қайраткерлері бар, бәріміз бас қосып, Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын қалай атап өтетінімізді ақылдасып, 67 пункттен тұратын ұсыныс дайындадық. Соның бірнешеуін атар болсам, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған арнайы монета шығару, Қазақ поштасында арнайы марка шығару. «Қазпошта» маркіні шығаруға кіріскен көрінеді. Өйткені маған марканың эскизін жолдады. Ал монетаны Ұлттық банк шығара ма, шығармай ма, ол жағы белгісіз. Әлихан Бөкейханның атында Қарағанды қаласында көше  жоқ. Оның есесіне, Ленин көшесі мен Октябрь ауданы бар. Осы бір атауларды Әлихан Бөкейханның атымен атаса. Әлиханның кіндігі кесілген Ақтоғай ауданында Талды би, Қасым қыстағы деген жерлер бар. Әлиханның әке-шешесі, ата-бабалары тұрған жер. Сол жерге Әлиханға арналған кешенді мемориалды кешен тұрғызу, Алматы қаласындағы Аграрлық университетке, Алматы қаласындағы тұңғыш метроға  Әлихан атын беру, Алматыдағы үлкен алаңдардың біріне «Алаш» аллеясын ашып, соның қақ ортасына Әлиханның зәулім ескерткішін орнату туралы ұсыныстар айтылды. Дәл осындай хаттар Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімдеріне жолданды. Астана қаласындағы сол жағалауда резервте тұрған бес даңғыл бар. Сол даңғылдың біріне Әлихан Бөкейханның есімі берілсе, сол жағалаудағы ең көрнекі жердің біріне тағы да «Алаш» аллеясын ашып, онда да Әлихан ескерткішін орнатса деген ұсыныстар айтылды.

– Сіз бір мақалаңызда Семей қаласының атауын «Алаш» деп атау туралы ұсыныс айтасыз. Бұл ұсынысты қайда жолдадыңыз? Ол қаншалықты қолдау тапты?

– Семей қаласы қазақ өркениеті үшін өте ерекше қала. Ол «Алашорда» үкіметінің, яғни 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанның тұңғыш астанасы болған Семей қаласына Алаш есімін берсе, ол – Әлиханның 150 жылдығына да, келесі жылы тойланғалы отырған «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына да керемет ескерткіш болар еді. Семей қаласының атын «Алаш» деп өзгерту үшін көп қаражаттың қажеті де жоқ. 1917 жылдың желтоқсан айында өткізген екінші жалпықазақ съезінің қаулысы бар. Осы қаулыны арада 100 жыл өткенде жүзеге асырса, жетіп жатыр. Бұл жалпы қазақтың тілегі болатын. Басқа қаулының қажеті де жоқ.

–  Алда «Алаш» қозғалысының 100 жылдығы келе жатыр. Бұл да елеусіз қала ма?

– Ол жағы белгісіздеу. Әлихан Бөкейханды бүкіл елдер әлемдік тұлға ретінде мойындап отыр. Алда наурыздың 5-і – Әлихан Бөкейханның туған күні ескерусіз қалайын деп отыр. Ал туыстас, бауырлас Түркия республикасында наурыздың 4-інде Гази университеті мен ЮНЕСКО-ның Түркиядағы кластерлік бюросы бірлесіп халықаралық конференция өткізгелі жатыр. Бұның сыры неде? Бармақ шайнататын жағдайда отырмыз.

– «Алаш» идеясы ғылыми айналымға енгенімен, саяси тұрғыдан ештеңе іске аспады дейсіз. Бір еңбегіңізде «Әлихан Бөкейхан Қазақстанды Жапонияның деңгейінде мемлекет жасағысы келді. Сол үшін Жапонияның тыңшысы ретінде қудаланады» деп жазасыз. Арыстардың Жапонияның даму үрдісін Қазақстанға әкелу туралы идеясын тарқатып айтып өтсеңіз…

– Әрине, Әлихан Бөкейханға  «жапон тыңшысы» деп айып тағуға тырысқан. Сондай айып тағылғанда Әлиханның керемет жауап қайтарғаны туралы алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай әдемі жазады. Сол себепті де оған «жапонтанушы» деген айып тағылады. Ал оның үзеңгілестеріне, Ахмет Байтұрсынұлы және басқаларға «жапон тыңшысы» деген айып тағылғаны рас. Оларды өлім жазасына кесуге себепкер болған айыптың бірі де осы еді. Әлихан бастаған алаш қайраткерлері Жапон тәжірибесіне қатты қызыққан. Сөйтіп, Қазақ даласын Жапония мен Батыс Еуропа елдерінің деңгейіне 20-25 жылда жеткізуді нақты жоспарлады. Егер Жапонияны 1868-1889 жылдар аралығында, яғни жиырма бір жылда артта қалған феодалдық мемлекеттен әлемнің ең қуатты елдерінің біріне айналдырған «Мейзи жаңғыруы» десек, «Алаш» идеясы осы бағдарламаның қазақша баламасы болатын. Алаш арыстары қазақ даласын 20-25 жылдың ішінде әлемдегі ең қуатты елдердің біріне айналдырғысы келді. Ол сондай-ақ, Батыс Еуропаның да даму үрдісін үлгі етіп алғысы келді. Германия, Дания, Англия, АҚШ, Швейцария, Аустралияның тәжірибесін мұқият зерттеді. Әлихан 1910 жылы «Қазақтар» атты тарихи-танымдық очерк жазды. Онда ол қазақ мәдениетін Еуропа деңгейіндегі мәдениетке жеткізуді нақты жоспарлайды.  1924 жылы «Теңдік» газетіне шыққан «Үлгі алыңыздар, Дания кооперативі және ел шаруашылығы» деген еңбегінде Данияның 1878 жылдан 1900 жылға дейінгі аралықта агроөнеркәсібі ең дамыған елге айналғаны туралы айтылады.  Әлихан осыларды көлденең тарта отырып, Қазақ елін де ең дамыған аграрлық және өнеркәсібі бар елге айналдыруды көздеген. Бұл «Алаш» бағдарламасының бірден бір стратегиялық мақсаты болатын.

x_0392fb13_0

– Жалпы, аштық болмағанда, халық қуғын-сүргінге ұшырамағанда, соғыс болмағанда қазақтардың саны бүгінде кем дегенде 30 миллионға жетер еді деген де әңгімелер айтылып жатады ғой.

– 1897 жылы Ресей империясында тұңғыш халық санағы болып өтеді. Әлихан Бөкейханның «Қазақтар» атты еңбегінде ана тілім – қазақ, ұлтым – қазақ деп айтқан адамдардың саны 4 миллион 84 мың адам болған.  «Бірақ, – дейді  Әлекең, –  осы халық санағында қазақтар ұлдарының санын және малының санын кемітіп көрсеткен». Себебі жұрт балаларын армияға алып кетеді деп қорықса, көп малға көп салық салынады деп қорыққан. 1917 жылы «Алаш» автономиясын жарияларда  Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы және Ахмет Байтұрсынұлы үшеуінің «Алаш азаматтарына» деген үндеуі жарық көрді. Сонда: «Баяғы әдетпен балаларыңыздың санын, малдарыңыздың санын жасырып қалатын заман өтті. Егер біздің халқымыздың саны аз болатын болса, бүкіл Ресей құрылтайына қатысатын депутаттарымыздың саны да кем болады. Егер малымыздың санын кем көрсетсек, онда бізге бөлінетін жер нормасы да азаяды» деген. 1897 жылғы есеп бойынша, Хиуа, Бұқарадағы өзбектер мен тәжіктердің жалпы саны бір миллионға жетпеген. Әлиханның 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақ қанша?» деген мақаласы жарық көреді. Сонда ол 1897, 1907, 1914 жылғы есептерді айта келіп, І дүниежүзілік соғыс басталарда қазақтың саны алты миллион төрт жүз жетпіс мың болған еді дейді. Арада он жыл өткенде қазақтың саны пәленше болуы тиіс еді, бірақ 1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, 1921-1922 жылғы аштық қазақтың табиғи өсімін жойды да, қазақтың саны осы алты миллион жарымның айналасында қалды дейді.

– Зерттеулеріңізде Әлихан Бөкейханның масон қозғалысында болғандығы жайында айтасыз. Ол мүшесі болған кадет партиясы масондардың партиясы болған делінеді. Ол осы партияның қатарында 12 жыл болады. Кейіннен тастап шығып, «Алаш» қозғалысын құрады. Бұған не түрткі болды?

– 1837-1847 жылы патша отаршылдығына қарсы Кенесары ханның көтерілісі, ханның қайғылы қазаға ұшырауына байланысты сәтсіз аяқталады. Осы көтеріліс сәтсіздігінің салдарын терең зерттеген бірден бір қазақ болса, ол – Әлихан Бөкейхан болатын. Сөйтіп, ол әлемдегі ең алып, ең отаршыл Ресей империясына қарсы қарулы көтеріліс жеңіске жете алмайтынын және оны бүкіл қазақ қолдай қоймайтындығын түсінеді. Сол себепті ол Патша үкіметіне бейбіт, саяси күш арқылы қарсы тұруға ұмтылады. Ол күш білім екенін жақсы түсінген. Оның осы күрес жолында түйгені, Ресейдегі самодержавиелік биліктің өзін түбегейлі реформаламай, қазақтардың ешқашан ұлттық тәуелсіздігін ала алмайтындығына көз жеткізген. Сол себепті Әлихан Ресейдің өзін реформалауға күш салады. Ол 1905 жылдан 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін сол кездегі Ресейдегі ең ірі, ең ықпалды партия, Конституциялық демократиялық партия – халық бостандығы партиясы деп те аталған, кадет партиясына мүше болып кіреді. 1912 жылдан 1917 жылдың шілдесіне дейін осы партияның орталық комитетінің мүшесі болған. Ол 1906 жылы Семей қазақтары атынан І мемлекеттік Думаға сайланғаннан кейін, ол Ресей империясындағы масон ұйымына мүше болып қабылданады. Өз мақсаты мен масондардың алға қойған мақсатының ұштасатынын сезгеннен кейін, олардың ұсынысын қабыл алады. ХХ ғасыр басындағы Ресей масондығының атасы, профессор Максим Максимович Ковалевский деген кісі. Оның 1906 жылы Франциядан эмиграциядан оралғанда айтқан бір сөзі бар, самодержавиені тек масондық қана жеңе алады. Демек, Әлихан мен масон ұйымының мақсаты біреу – екеуі де Ресейдегі самодержавиелік монархиялық билікті құлату. Ол Кадет партиясына өмірінің соңына дейін мүше боламын деп уәде берген жоқ. Ақпан төңкерісі Ресейдегі самодержавиелік билікті құлатты. Ресей конституциялық мемлекет болуға аяқ басты. 1917 жылдың қараша айында Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау болды. Осы сайлауда Ресейді демократиялық, федеративті, парламенттік республика деп жариялауға тиіс болатын. Ол өзінің алдына қойған бір жоспарына қол жеткізді. Енді екінші әрі басты мақсаты – «Қазақ» автономиясын құру жолындағы күресті бастауға бел шешіп кіріседі. Сөйтіп, «Алаш» қозғалысын, ұлттық партиясын  құрады. 1917 жылдың 12-17 қарашасында Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау болғанда, қазақ даласында үш партия дауысқа түскен. Олар: Большевиктер мен меньшевиктердің социал-демократиялық партиясы, Көлбай Төгісов бастаған «Үш жүз» партиясы және Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» партиясы. Сол сайлаудың нәтижесінде, қазақтан 43 депутат сайланады. Соның бәрі «Алаш» партиясының өкілдері болады. Бұл сайлау қазақтың бір ұлт болып қалыптасқанын дәлелдеген сайлау болды. Өйткені қазақтың бәрі «Алаш» партиясын қолдады. Ешқандай жүзге бөліну байқалған жоқ. Бұл тарих алтын әріптермен жазылуы тиіс тарих. Қазақты ұлт ретінде ұйыстыра білген кім? Әлихан Бөкейхан!

– «Алаш» идеясын зерттеушілердің арасында олардың өзара бірлігі, идея бірлігі болмағандығын айтатындар кездеседі. Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов «Түркістан» идеясын жақтады деп айтады…

– Тарихшылардың шатасып та, жұртты шатастырып та жүрген бір мәселесі бар. Ол «Алаш» партиясының ішіндегі пікір еркіндігін, идея еркіндігін түсінбеуі. Мысалы, 1917 жылы ІІ жалпы қазақ съезінде Халел және Жанша Досмұхамедұлы бастаған зиялылар тобы «Алаш» автономиясын бірден жариялайық дейді. Екінші, Әлихан бастаған басым көпшілігі құрылтай жиналысын күтейік деп дауласады. Сөйтіп, «Алаш» автономиясы жарияланды. Бұл Алаш қайраткерлері арасындағы дау-дамай емес, тактика мәселесіндегі дау болды. Керісінше, бұл «Алаш» партиясының ішінде ой еркіндігі, пікір еркіндігі болғандығын көрсетеді. Яғни, «Алаш» қазіргі заманға сай демократиялық партия болған. Екіншіден, «Алаш» автономиясы құрылғаннан кейін, екінші жалпы қазақ съезі «Алашорда» үкіметіне 1 айдың ішінде Сырдария, Каспий маңындағы қазақтар бізге қосыла ма, жоқ па, соны анықтап, «Алаш» автономиясын жариялаңыздар деген ерік берді.

– Кенесары мен Әлихан Бөкейханды тәуелсіздік үшін ұлт- азаттық қозғалысын бастаған батырлар ретінде қатар қоясыз. Әрі олардың мүрдесі мен басын таппай, Қазақтың рухын қайтара алмайсыз деген пікірдесіз. Оны іздеуден қандай да бір нәтиже бар ма?

– Қазақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Біз ата-бабаларымыздың рухына, әруағына табынып өскен қазақпыз. Әруақтарымыз риза болмаса, біздің ісіміз де ілгері баспайды. Бұл біздің ұлттың өзіне тән қасиет. Басқа халықтардан ерекшелеп тұратын да осы қасиетіміз. 2014 жылы Омбыға барып келгеннен кейін Кенесарының бас сүйегіне байланысты тың мәліметтерді жарияладым. Сол мақаланы бір күнде 15 мың адам оқыған. Бұл дегеніңіз біздің жастарымыздың арасында тұлғаларымызға, әруақты қайраткерлерімізге деген қызығушылықтың өте күшті екенін білдіреді. Егер сол Кенесары ханның басы мен денесін тауып, Астана қаласындағы ұлттық пантеонға зор қошеметпен жерлесек, біздің қасиетті тұлғаларымызға деген зор қошемет, зор құрмет қалыптаспай ма? Жастарымыздың ұлттық рухы бір серпіліп қалар еді. Өткен тарихымызды қастерлей алмасақ, болашағымыз да болмайды. Әлиханның бас сүйегін іздеудің қажеті жоқ. Оны 1937 жылдың 27 қыркүйегінде ату жазасына кескеннен кейін, сол күні оның сүйегін Мәскеуде зиратта өртеп, сол жердегі №1 шұңқырға басқа бес мыңнан астам адамның күлімен бірге жерлепті. Ол жерде Нығмет Нұрмақұлының да сүйегі жатыр. Ал Кенесарыға келер болсақ, Ресейдің өте құнды жәдігерлерді сақтайтын «Гохрам» деген мекемесі бар. Кенесарының бас сүйегі ғана емес, оның көтерілісіне қатысты бірнеше қанжары, Құран-Кәрім, Кенесары әскерінің тулары, бас-аяғы үш жүзге жуық жәдігер Ресейдің мемлекет қамқорлығындағы «Гохрам» музейінде. Мәселе Ресейдің бермей отырғанында емес, мәселе Қазақстанның  сұрай алмай отырғанында. Оны қайтаруға құлықтылық танытып отырған жоқпыз. Сергей Маслов деген орыс жазушысының жазуына қарағанда, Кенесарының бас сүйегінің маңдай тұсына патшалық Ресейдің мөрі басылған. Мен бұл деректі Омбыға барғанымда тапқан едім. Ол ешқашан өшпейді. Яғни оны ешқандай басқа бас сүйекпен шатастыра алмайды. Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Сол жағдайды пайдаланып, мұрағаттағы тарихымызға қатысты жәдігерлерді неге талап етпеске?

– Әлихан Бөкейханның тегіне байланысты бір сауал. Көбіміз «Әлихан Бөкейханов» деп жазамыз. Әлихан өз шығармаларында «Бөкейхан»деп жазды ма, жоқ «Бөкейханов» деп жазды ма? Сіздіңше, қалай жазғанымыз дұрыс?

– Дұрысы Әлихан Нұрмұханұлы Бөкейхан. Ол кісінің 1900 жылы «Дала уәлаятында» шыққан мақаласындағы қолтаңбасы төте араб әрпімен жазылған, Бөкейхан деп қол қойған. Ол 1890 жылы Омбыдағы техникалық училищені бітіргенде, сол оқу орнының директоры Табаковқа жазған бір өтініші бар. «Менің нағыз тегім – Нұрмұхамедұлы емес, Бөкейхан» делінеді онда. Патшалық Ресейдің ұстанған бір саясаты кез келген тегіне «овты» қосып отырған. Бұл орыстандыру саясатының өте қитұрқы тетігі. Біздің әлі «ов»-тан айрыла алмай отырғанымыз құлдық сана сезімнің көрінісі. Бірақ біз оны құлдық сана сезімнің әсері деп ойламаймыз. Ұлттық сана сезім осындай майда-шүйдеден басталады. Біз аты-жөнімізді жөндей алмасақ, басқа үлкен істерді тындыра алмаймыз.


Әңгімелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, "Түркістан".

 

 

Пікірлер