Салқам Жәңгір жоңғарлардың қазақ еліндегі шұрайлы жерлер мен Сырдария өзені бойындағы сауда орталықтарына сұқтанатынын, соларға қол жеткізу үшін үздіксіз шапқыншылық жасай беретінін айқын түсінетін. Шынында да, Ертістің бастауында 1635 жылы «Төрт Ойрат Одағы» (Жоңғар хандығы) құрылып, ойрат тайпалары күш біріктіргеннен кейін, олардың билеушісі Батыр қонтайшы бұл ниетін ашық көрсетті. Сол жылы бірден қазақтарға қарсы алғашқы ірі шапқыншылығын жасады. Мақсаты белгілі, көшіп-қонуға жайлы жер-су мен сауда-саттық жасауға қолайлы Сыр бойы қалаларына иелік ету. Қазақ қолының жетекшісі Салқам Жәңгір мүмкіндігінше қарсылық ұйымдастырды. Бірақ ұрыс барысында өзі тұтқынға түсіп қалды. Едәуір қиындықтан кейін қашып шығып, қайтадан қорғаныс соғыстарын жүргізді. Созылмалы қанды шайқастар нәтижесінде қазақ жасақтары жер-суын негізінен қорғап қала алды, дегенмен біраз уақыт жоңғарларға салық төлеп тұруға мәжбүр болды.
Батыр қонтайшының әскерлері қазақ еліне жасаған жорығынан кейін шығыстағы моңғолдарды да, Енисей бойындағы қырғыздарды да жеңіп, олардан да алым-салықтар алып тұрды. Жоңғар әміршісінің қол астына бұл кезде хандықтың ұстыны болған Батыс Моңғолияға қосымша Іле өзені жоғарғы ағысының және оған көрші жерлердің жұрттары да қарайтын. Оның билігін Шығыс Түркістан халқының бір бөлігі мен Енисейдің орта ағысын мекендейтін хақастар да мойындаған. Енді жер-жердегі ойраттардың бірлігін арттыру қажеттігі күн тәртібіне шыққан еді. Егер 13-ші ғасырда әлемнің жартысын жаулап алған Шыңғыс хан феномені Гумилев анықтағандай «пассионарлық дүмпу» көрінісі болса, сондай «пассионарлық дүмпудің» жаңа көрінісін 15-ші ғасырдың ортасындағы Есен тайшының сәтсіз әрекетінен кейін, 17-ші ғасырда құрылған Жоңғар хандығы көрсетуге тиіс секілденген. Батыр қонтайшы сондай ахуалға жетуді армандады, сондықтан да өзі бас болып, Жоңғар хандығының күллі билеушілері қостап, 1640 жылы күллімоңғол құрылтайын шақырды. Оған Жоңғарияның өзінен, Батыс және Солтүстік Моңғолиядан, Тибеттен, Шығыс Түркістаннан, Орта Азиядан барлық ойрат ақсүйектерінің өкілдері келді. Ойраттың торғауыт тайпасына жататын елу мың шаңырағын бастап көшіп барып, Еділ бойына, қазақ елінің терістік-батысына орныққан Хо-Өрлүк тайшы екі нойон ұлымен кеп қатысты. Құрылтай Тарбағатай ауданындағы Ұлан-бура алқабында өтті. Бұл құрылтайдың басты мақсаты біріккен халхалар (Солтүстік Моңғолия) мен ойраттардың (Жоңғария) негізінде, соны тұғыр етіп, әр өлкедегі хандықтардың өзіндік империясын құру, сөйтіп ортақ жауға қарсы күш жинау, сырттан дұшпан тиіскен жағдайда өзара көмек беруді қамтамасыз ету болатын. (Осы шақта маньчжурлар Солтүстік Қытай үшін соғысқан, Қытайды жаулап алған да, онда маньчжурлардың Цин династиясын орнықтырған). Құрылтайда хандықтың Кавказдағы иеліктерінен бастап Үндістан шекарасына дейінгі барлық бодандарына – моңғолдар мен ойраттарға, қалмақтарға ортақ, өзара келіспеушіліктер мен қақтығыстарды болдырмауға тиіс моңғол-ойрат заңдарының жинағы қабылданды. Шыңғыс ханның Ясасынан бастау алып, көшпенділердің әдет-ғұрып заңдарын бойына сіңірген «Далалық Заңдар жинағы» (Ики Цааджин Бичик – Ұлы Заңдар Кодексі) деп аталатын бұл заңнамалық құжат барлық ойрат иеліктеріне күші жүретін біртұтас заңдарды белгіледі. Сондай-ақ, Құрылтайға Буддалық жоғары дінбасыларынан ғалым және ағартушы, ойрат әліпбиін (діни мәтіндердегі жазбаларды оңайлату және сөйлеу мен жазуды жақындатуды көздейтін тодо бичиг – айқын жазу ережесін) жасаушы хошоуыт Зая-Пандита қатысқан-ды. Ол жасында Тибетке барып, буддизмнің қисыны (теориясы) мен іс-дағдысын үйренуге жиырма екі жылын арнаған, одан еліне оралғаннан бері Будда ілімін тарату жолында белсенді миссионерлік жұмыс жүргізіп жүрген болатын. Сол кезде Батыр қонтайшының бүкілмоңғол құрылтайын өткізу жайындағы жобасын мақұлдап, шақыруын қуана қабыл алды. Құрылтай оның миссионерлік ұмтылысын заңдастырды. Ойраттардың баршасы ұстануға тиіс бірыңғай дін ретінде Гелугпа (Рақымшыл) мектебі дәстүріндегі буддизмді бекітті. Құрылтай көздеген басты мақсаттың өзі моңғол тілдес әртүрлі тайпаларды буддизм және бірыңғай құқықтық нормалар мен заңдар ауқымында біріктіруді жүзеге асыратын құжат қабылдау еді. Ол жүзеге асты.
Батыс Моңғолия мен Еділ–Жайық аралығында (Қалмақ хандығында) тұрып жатқан барлық ойрат хандары мен ақсүйектерінің өкілдері құрылтайда өздері қабылдаған шешімдерді жүзеге асыруға бір кісідей құлшынды. Олар Қазақ хандығына батыстан да (Еділдегі Қалмақ хандығы), шығыстан да (Жоңғар хандығы) үздіксіз шабуыл жасап тұрды. Және, алған жерлерін құзырларына біржола бекітіп қою үшін, өздерінің діни ғибадатханасын – Будда храмын салып отырған. (Бүгіндері де тарихи орын ретінде айтылып жүретін Өскемен маңындағы Аблайкит монастырі 1654–1656 жылдары салынған. Ойраттардың ұзындығы бір шақырым, ені жарты шақырым жерді алып жатқан бұл діни ордасын қазақ жасақтары 1670 жылы қаусатқан. Жоңғарияның ХVIII ғасырда жасалған картасына қарағанда, ойраттар Жетісуда 58 буддалық храм мен монастырь салған).
Күллімоңғол құрылтайынан кейін Жоңғар хандығының қазақ еліне жаңа да жойқын басқыншылық жасамақ ниетпен жорыққа дайындалып жатқанына байланысты, Салқам Жәңгір Бұхара хандығымен келіссөздер жүргізді, қырғыздармен байланысын нығайтты. Және Батыр қонтайшы әскерінің қазақ жеріне Жоңғар Алатауы арқылы басып кірмек тұсын алдын ала біліп, қорғаныс шараларын жасады. Әскері ішінен сол заманғы озық оқ-дәрілі мылтықпен қаруланған арнайы екпінді топ жасақтады. Осы арнайы жасақты дұшпанның жолын тосуға бөліп, екі тау арасындағы қысаң тұсқа ор қазып бекіндірді. Әскердің екінші бөлігі белес сыртында тосқауылда тұрды. Кең таралған дерекке қарағанда, қорғаныстағы қазақ әскерінде алты жүз сарбаз, ал жаулап алуға келе жатқан жоңғар қолында елу мың адам болған. Батыр қонтайшының бұл қатерлі жорығына «Далалық Заңдар жинағы» біріктірген көптеген ойрат нойондары қатысқан, олардың қатарында шығыс-моңғол (халха) әміршісі Алтан ханның ұлы Омбо-Ердени, сондай-ақ, Хо-Өрлүк тайшы жіберген Еділ қалмақтары да жүрді деген дерек бар. Осы жорықта олар Жәңгір жасақтарымен бетпе-бет келгенге дейін Алатау қырғыздарының біраз жерін, Шу өзенінің жоғарғы жағындағы жұртты жаулап алған-ды. Дегенмен қазақ жасақтарының көзсіз ерлігі олардың шапқыншылығы алдына алынбас қамал тұрғызды. Ор қазып бекінген, мылтықпен қаруланған қазақ сарбаздары жоңғардың қалың қолына батыл қарсы тұрып, алғашқы тегеурінді әскери тойтарыс берді. Аз қолмен үлкен әскерге тікелей төтеп берудің қиындығын түсінгендіктен жасалған әскери айла оң нәтижеге жетті, орларға бекінген үш жүз жауынгер қалың қолға мылтықтан оқ жаудырса, қалған үш жүз сарбаз сыртынан шабуыл жасайды. Алды-артынан жауған оқ пен екі жақтағы таудан төмен құлатылған тастар шапқыншылар қатарын қатты сиретті. Ұзамай қазақтарға көмекке Бұқар хандығынан Самарқан әміршісі Жалаңтөс баһадүр жиырма мың әскерімен келеді (Жалаңтөс Сейітқұлұлы – қазақ батыры, әскербасы, Самарқан қаласының Регистан кешеніндегі сәулет өнерінің жауһары болып табылатын Шир-Дор, Тилля-Кары медреселерін салдырған билеуші, атақты Әйтеке бидің атасы). Көмекке қырғыз жасақтары да жетеді. Тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен бедерленген осынау 1643 жылғы ұрыста жоңғарлардың ойсырай жеңілгені белгілі. Бұл шайқаста Жәңгір хан зор қолбасшылық дарын мен әскери шеберлік таныта білген. Сол даңқты шайқастың 350 жылдығын тәуелсіз Қазақстан 1993 жылы атап өтті.
Салқам Жәңгір хан Жоңғар хандығының қуатын әділ бағалай білді, Батыр қонтайшының Еділ қалмақтарын, жер-жердегі барлық ойрат бірліктерін «Ики Цааджин Бичик» негізінде өз хандығы мұраттарымен тұтастыра алатын мүмкіндіктерін есепке алды. Сондықтан, бітім жасап, бейбіт келісімшартқа отыру мақсатымен Жоңғарияға өзінің ұлдары Тәуке (болашақ хан) мен Апақты бас етіп екі рет елшілік аттандырды. Алайда даулы мәселелер бәрібір шешімін таппады.
Бұл кезде Қытайдағы маньчжур (жүржен) тайпалары құрған Цин династиясы көрші елдерді өз империясына қосу саясатын жүргізе бастаған. Олар шығысындағы Корея мен оңтүстігіндегі Вьетнамды жаулаумен жүріп, алғашқы кезде Жоңғарияға назар аудара қоймаған еді. Осы жәйт ойраттардың қазақ еліне жорықтарға шыға беруіне қолайлы болды. Қазақтардан кек қайтару үшін олар 1646 жылы қайтадан атқа қонды, тұтқиылдан шабуылдап, қазақтардың бірер белгілі тұлғаларын бала-шағасымен тұтқынға түсірді, мол олжамен кері оралды. Алайда мұндай ұсақ жеңіс Батыр қонтайшыны қанағаттандыра қоймаған. Оның басшылығымен Қазақ еліне жаңа да үлкен жорық жасауға жоңғарлар мұқият дайындалды. Орыс патшасының Сібірдегіәкімшілігінен болашақ соғысқа қажет сауыт-сайман, қару-жарақ, оқ-дәрілер сатып алынды. Сөйтіп, 1652 жылы Қазақ хандығына тағы бір үлкен жорық жасады. Осы ірі шайқаста қазақ жасақтары жеңіліске ұшырады. Мемлекет басшысы ретінде кемел саясатымен, туған елін қорғауда көреген қолбасшылығымен және қолына қару алып тікелей шайқасқа кіретін ерен ерлігімен бүкіл Орталық Азия елдері арасында кең танымал болған Салқам Жәңгір майдан даласында қаза тапты.
Аздаған үзілістермен 18-ші ғасыр ортасына дейін жүрген жоңғар-қазақ соғысының 1635 жылдан басталған бастапқы кезі – Жәңгір хан (Есім ханның екінші ұлы, алғашында таққа оның үлкен ұлы Жәнібек отырған) қаза тапқан 1652 жылға дейінгі кезеңі – ойраттардың үздіксіз шапқыншылығына толы болды. Олар Жетісудағы, Шығыс және Орталық Қазақстандағы шұрайлы жайылымдарға таласып, Сыр бойындағы сауда жолдары мен егіншілік аймақтарын қолға түсіруге ұмтылған еді. «Төрт Ойрат одағының» Қазақ хандығынан қоныс тартып алуды мақсат етіп, толассыз шабуылдаудан таймауы сол шақта Қазақ мемлекеттігінің сақталып қалу-қалмау мәселесін таразыға түсірген болатын. Осындай қиын шақта Жәңгір ханның үлкен саясаткерлігі, көрші хандықтармен дипломатиялық қатынастар жасауға мән беруі, әскерін от-қарумен жарақтандыра алуы, Бұхарамен, Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүрмен, Тянь-Шань қырғыздарымен достық қарым-қатынаста болуы, қолбасшылық дарыны мен жеке басының батырлығы қазақ елдігінің іргесін бұзғызбауды қамтамасыз етті.
(Жалғасы бар)
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымының кандидаты