Биік төбенің қақ ортасында тұрған Дәуқараның құлпытасындағы арабша жазуды журналист Қазыбек Қабжанов оқып, суретке түсірген еді.
«Батыс Қазақстан құлпытастары» кітабында «Дана. Каz» журналының Бас редакторы Қазыбек Құттымұратұлы былай деп жазыпты: «БҚО, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Жігерлен елді мекенінің күнбатыс жағында 2-3 км қашықтықта биік төбе басына орналасқан көне, жаңа зираттар араласқан қорым. Мұнда Кіші жүз, Байұлы құрамына кіретін Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батырдың моласы бар. Ел-жұрт басына тәу етіп, ақтық (шүберек) байлайтын зиярат орыны саналады. Құлпытас шағын, биіктігі 110 см шамасындай. Ешқандай ою-өрнек салынбаған. Ескерткіш тастың кей жері сыртқы әсер салдарынан (бәлкім май құйғаннан ?!) қарайған. Құлпытас мәтіні 5 бөлікке бөлініп жазылған, астына ру таңбасы қашалған.
Сонымен, біз Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Жігерлен елді мекеніндегі «Дәуқара қауымында» жатқан Дәуқара Қарақожаұлының 1751 жылы 64 жасында қайтыс болғанын білдік. Сонда Дәуқара 1687 жылы туған деп айта аламыз.
Дәуқараның басына түнеушілердің үзілмейтіндігін, оның құлпытасына байланған ақтықтар мен темір жәшікке салынған теңгелердің көптігін көруге болады. Кезінде балшықтан соғылған тастан қалаған үйі құлап қалған екен. Құлпытасы да жыл өткен сайын жерге шөгіп, құлайын деп тұр.
Дәуқара жайлы әңгіме болғанда тыңдаушысын елең еткізер нәрсе – Дәуқара батырдың дулығасы, сауыты, қылышы болғандығы. «Қандай қиыншылық болса да, батыр бабамыздың сауытын көздің қарашығындай сақтайық» деген Дәуқараның үлкен баласы Мырзаболаттан бастау алған аманат-өсиет күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келеді екен.
Сонымен журналистік тынымсыз ізденудің арқасында Дәуқараның жауға киген сауыты табылды. Ол мемлекеттік мұражайда емес, батырдың ұрпағының үйінде, анасының аманаты бойынша оның сандығында, ақ орамалға оралып сақталған.
Дәуқараның дулығасы да қолда болған. Оны Тайпақ өңірінде тұрған әлтекенің бір жігіті бабамыздың аруағын ардақтаймыз деп алып, артынан ол кісі Ақтөбе жаққа көшіп кеткен. Сол кісінің ұрпағы қазір қайда тұрады? Дулыға бар ма екен? Ол жағы белгісіз болып тұр.
Тәуелсіздікті аңсап, елін жаудан қорғаған Дәуқарадай батырдың есімін ұлықтау мақсатында Байбақты руының бір топ азаматтары Дәуқара батыр мен Науша батыр Қаржауұлының зиратының басын қарайтуда.
Батыр бабамыз Дәуқараның ұрпақтары Әбітұлы Қуаныштың балалары Серік пен Сәуленің көмегінің арқасында көп жылдан бері атадан балаға қасиетті мұра болып келе жатқан, Ұмсындық әженің сандығында сақталған Дәуқара батырдың сауытын өткен жылдың күзінде бірінші болып мен көрдім.
Серік Қуанышұлының айтуынша, Ұмсындық әже қанша өжет, қайсар болса да, асыра сілтеу жылдарының қыспағынан қорқып, Дәуқара атасының сауыты мен қылышын өзі білетін жерге көміп сақтаған. Бұл сауыттың тарихы тереңде жатыр.
Әлі баласы Әбіт 1903 жылы Тайпақ ауданының Өлеңті елді мекенінде дүниеге келген. Руы – Байұлының Байбақтысы, оның Әлтекесі, оның Дәуқара бөлімі. Әбіт 1942 жылы соғысқа алынып, 1943 жылдың қаңтар айында Сталинград майданында ерлікпен қаза тапқан. Әбіттің бәйбішесі Ұмсындық Қаналықызы Әлиева 1912 жылы Тайпақ ауданының Жыланды елді мекенінде дүниеге келген. Әбіт 1942 жылы соғысқа кетер алдында Ұмсындыққа «Батыр бабамыздың сауыты саған аманат. Атаның атын ардақтап, тәу етіңдер. Қиналған кезде атадан көмек сұраңдар, ол көмегін береді. Жұртқа жаймай, Қаратөбедегі Қалдығайты өзені жанындағы Дәуқара атамыздың зиратына барып тұрыңдар. Мен соғыстан аман келсем сөз жоқ, бұл сауыт-сайманға өзім қамқоршы боламын. Батыр бабам елін, жерін қорғаймын деп шейіт болған. Менің өзгелерден нем артық?! Отан қорғауда опат болсам – ұрпағыма мақтаныш. Ал сен өмірден өтеріңде шаңырақ иесі балаңа аманатта» деген Әбіт соғыстан оралмаған.
Заман жақсарды-ау дегенде, Ұмсындық әже қарулар тыққан жерді ашса, қылыш тоттанып, шіріген. Қолға ұстауға келмей, ортасынан қақ бөлініпті. Сауыт аздап тоттанғаны болмаса, баяғы күйін жоғалтпаған.
Сол күннен бастап Ұмсындық әже батыр бабасының сауытын жұрт көзіне көрсетпей, өзінің үлкен сандығында сақтапты. Балаларына, тамыр-танысқа, көрші-көлемге сауыт жайлы айтуға тыйым салыпты.
Өмірден өтер шағында Ұмсындық сауытты баласы Қуанышқа тапсырған. Ол кісі 1986 жылы 74 жасында қайтып, Аңқатыдағы қауымға жерленді. Қуаныш болса қасиетті дүниені баласының үлкені Серікке тапсырған.
Серік екінші бөлмеден ақ шүберекке оралған көлемді нәрсені алып келіп, менің алдыма қойды. «Дәуқара атамыздың баяғыдан бері жұрттан жасырып жүрген сауыты мынау» деп орамал байламын шешіп, сауытты көрсетті.
Дәуқара батырдың сауытын үлкен толғаныс үстінде қолыма алып, қарап отырмын. Аздап тот басқан, торланған, кішкене шынжыр көз сауытқа зер салып қарағанда байқағаным – кіндіктен сәл жоғары жағында тесіктің барлығы. Ал басқа жерлері бүтін.
Сонымен, Жігерлен ауылы қасындағы биік төбеден мәңгілік мекенін тапқан Дәуқара батырдың сауыты табылды. Енді, батырдың дулығасы табылса, сонау 1998 жылдан бергі журналистік ізденісімнің жетістігі болар еді деп ойлаймын. Әйтеуір, ұзын жіптің екінші ұшын ұстағалы отырмыз, сәтті болғай!
Қайыржан ХАСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі,
Орал