Тарихқа жан бітірген қойылым

2415
Adyrna.kz Telegram

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» тарихи романы  сахналанды. 4-5 наурыз күндері тұсауы кесілген қойылымның сахналық нұсқасын жасаған – Әннес Бағдат. Қоюшы  режисері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева. Ол - бұл қойылым қазақ театрының жаңалығы екенін, романда кейіпкерлердің көптігін, оларды мейлінше жинақтап, Әбілқайырдың қателігін, Керей мен Жәнібек бастаған қазақ руларының бас қосуын ықшамдап, сахналық нұсқасын жасау оңай болмағанын айтты.

         «Күңіренген сайын далада, азаматын жоқтаған ана». Қойылым басы осылай басталды. Қайшылыққа толы XV- ғасырдың орта тұсы қазақ даласы үшін күрделі кезең болса да, іргелі кезеңге айналды. Қиын да шешуші тұстағы бабалар салған елдік мұрат рухымызды аспандатты. Ата жолынан аттамаған Жәнібек сұлтанның ақ пейілі бүгінгі заманға керек-ақ. Осы рольді сомдаған Д.Мұсаев бұл күнге шейін тарихи батырды, хан-сұлтандарды сомдауды армандағандай жарқ етіп көрінді. Жарқ етсе, еткендей-ақ расында Д.Мұсаевтың сомдаған ең үлкен рольі осы еді.  Театрға алғаш келген 2007-жылдан бері шыңдалып келген Д.Мұсаев сұхбатында «Тұңғышпай Әл-Тарази, Асанәлі Әшімов , тағы да басқа ағаларымыз түр сипатыма, дене бітіміме қарап нағыз батырдың рольін сомдайтын жігіт келді деп жігерліндіретін еді», - деді ағынан жарылып. Рабиа-Сұлтан-Бегім, Жаған-Бегім, Аққозыдай асыл аналардың сертке беріктігі, адалдығы қазақ әйелдерінің қайсарлығын, адалдығын танытқандай. Мұхаммет-Шайбани мен Қасымды сомдаған жас актерлер Д.Анарбай мен Н.Қуанышбайұлының жігерлі жалындары көрермен қауымды бей-жай қалдырмады. Терең тарихын жақсы білген М.Жұмабаев - Қасым, Бұрындық, Мұхаммет секілді жастардың жігерінен от алып, мұндай ұрпақтың қайта туарына күмән келтірмесе керек. Сондықтан да : Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін-деп жырлады емес пе?!   

Театр сахнасында алғаш рет қойылған бұл драма, еліміздің  театрларының барлығында көрерменге жол тартқаны игі іс болар еді.  Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында  ұсынған бұл қойылым бүгінгі қоғамды, жас буынды тарихпен тәрбиелеудегі игі істердің бірі екенін де айтып өткеніміз жөн.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

Пікірлер