ҚР Ұлттық музейінде дәстүрлі күйші Жанғали Жүзбайдың дәріс-концерті өтті, деп хабарлайды музейдің ақпараттық-имидждік қызметі. Шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбай бүгінгі таңда қазақтың ұлттық өнерінің даму барысын сөз ете келе, қазақ халқының өмірінде домбыраның үлкен рөл атқаратынына тоқталып өтті.
-Қазақ күйлері ел тарихының жылнамасы, шежіресі деп жатамыз. Сондықтан да Кетбұға, Сүгір секілді бабаларымыздың мұрасын жаңғырта беруіміз керек. «Ұлттық өнер дамымай жатыр» деген сөздерді естіп қалып жатамыз. Бірақ олай емес, жетіспей жатқаны жарнама ғана. Десе де өнердің жолы, оның ішінде ұлттық өнердің жолы өте ауыр. Оның өзіндік қиындықтары бар. Алайда қазақтың ұлттың болмыс-бітімі, жалпы табиғаты осы күй өнерінде көрініс тапқан, сақталған. Сол себепті де кешегі ұлылардан қалған музыканың бір дыбысын да бұзбай ойнау үлкен жауапкершілікті қажет етеді, - деді Ж.Жүзбай.
Кеште Жанғали Жүзбайдың Абылайхан Орманбек, Талғар Ғалымжан, Ақжусан Иманғазықызы секілді шәкірттері техникалық тұрғыдан аса қиын күйлерді орындап, жиналған қауымды ерекше күйге бөледі.
Айта өтейік,«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін жаңғырту мен насихаттауға арналған «Дәстүрлі музыкалық мұра» атты бағдарламасы аясында өткен мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.