Олимпиада жолдамасы үшін Иорданияға баратын боксшылар белгілі болды

3395
Adyrna.kz Telegram

28 ақпан күні бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Иорданияға аттанып, онда Азия және Мұхит жағалаулары елдерінің лицензиялық турниріне қатысады. Нақтырақ айтқанда, 3-11 наурыз аралығында Амман төріне керілген рингте Токио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады.

Бұл жолы Азия және Мұхит жағалаулары елдеріне 63 лицензия бөлініпті. Ерлер арасындағы 52, 57 және 63 келі салмақ дәрежесінде 1-6 орындарға ие болған боксшылар жазда Олимпиада ойындарына барады. Ал 69, 71 және 81 келі салмақтағы боксшылар Токиоға бару үшін 1-5 орындарға ие болулары керек. 91 келіге дейінгі және 91 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі алыптарға 4 жолдамадан бөлінген.

Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты мәлімдеген ақпаратқа сүйенсек, Амманда әйелдерарасындағы 51 келі салмақ дәрежесінде Олимпиада ойындарының 6 жолдамасы сарапқа салынады. Ал 57, 60, 69 және 75 келі салмақ дәрежелеріне тек 4 лицензиядан бөлініпті.

Енді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев жариялаған тізімге көңіл аударайық:

52 келі: Сәкен Бибосынов – 2019 әлем чемпионатының қола жүлдегері;

57 келі: Серік Теміржанов – бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы;

63 келі: Закир Сафиуллин – 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері;

69 келі: Абылайхан Жүсіпов – 2017 және 2019 жылдардағы әлем чемпионаттарының қола жүлдегері;.

75 келі: Әбілхан Аманқұл – 2017 әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері;

81 келі Бекзат Нұрдәулетов – 2019 жылғы әлем чемпионы;

91 келі: Василий Левит – Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері;

+ 91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – әлем және Азия чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері, Қазақстан құрамасының капитаны.

Ғалымбек Кенжебаев өз сөзінде Иорданияға баратын жігіттердің бәрінің дәл қазір өз салмақтарындағы үздіктері екендерін тілге тиек еткен. Әрі бәрінің де тәжірибесі бар екенін және кез келгенінің жоғары жетістікке қол жеткізе алатындығын атап өткен. Қазір құрама сапында бәсекелестік жоғары екендігіне, әлеуеттері жоғары жастардың да өсіп келе жатқандығына тоқталып өтіп, Иорданияға баратын құрамды бірнеше рет өзгертуге тура келгендігін де жасырмаған.

Бас бапкер дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жылдар бойы қалыптасқан өз әдістемелерінен ауытқымауға тырысқандарын түртіп өтіпті. Әрі Куба, Англия және Германия секілді елдердің қарымды боксшыларымен бірге жаттығып, бірлескен жиын өткізгендеріне де тоқталыпты.

Ғалымбек Кенжебаев сөз соңында бар салмақта Олимпиада жолдамасын жеңіп алуды мақсат тұтатындарын, әйтсе де, кем дегенде 6 лицензия олжалап қайтуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеген. Мұндай жағдайда, мамыр айында Парижде өтетін бүкіләлемдік іріктеу турнирінде қалған жолдамаларға қол жеткізу көзделіп отырғандығын да бүкпесіз айтқан.

diamondring.kz

Пікірлер