Балқаш Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін

3374
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде әлем халқының 40%-ы тұщы су тапшылығынан зардап шегіп отыр. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 67%-ға дейін өседі деген болжам бар. Яғни сол уақытта Жер бетіндегі 5 млрд адам таза су ішу мүмкіндігінен айырылады екен. Климат өзгеріп, тұрғылықты жерінің өмір сүруге жарамсыздығынан үйін тастап, жайлы орын іздеп жүрген босқындар жыл сайын көбеюде. Осы уақытқа дейін су үшін дауласып, тіпті соғысқан елдер де аз емес.

Қазақстан да суы тапшы мемлекеттер қатарына кіреді. Ол аз судың өзі біздің өңірлерге біркелкі таралмаған. Әсіресе, шалғайда жатқан ауылдардың жағдайы қиын. Деректерге сүйенсек, еліміздің су қоры жыл өткен сайын азаюда. Үлкен өзендеріміз Ресей, Қытай мен Өзбекстаннан ағып келетінін және ол елдерде өндіріс пен шаруашылық дамып жатқанын ескерсек, болашақта жағдай қиындамаса, жақсырмайтын сияқты.

Балқашты мысалға алайық. Көлемі жағынан әлемде он төртінші орында тұрған көлдің қазіргі халі нашар дейді экологтар. Егер дер кезінде әрекет етпесек, ол Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін деген қорқынышты болжам бар.

Арал теңізін толықтай айналып, 20 күн зерттеген экспедиция құрамында болдым. Суы тартылған теңіздің түбіне қонып, уақыттан жаңылып, әбден шаршаған едім. Кеше Балқашта қатқан мұздың бетімен жүріп бара жатып сол күндер еске түскені. Теңіздің түбінде жүргеннен, мұздың бетімен жүрген әлдеқайда қорқынышты екен. Алайда біріншісіне қарағанда, екіншісі жаныма жайлы көрінді. Аяғыңның асты сор емес, су екенін білгеннің өзі ерекше әсер сайлайды, санаңа сенім ұялатады.

Айтпақшы, «Мұздың үстінде не істеп жүрсің?» деп сұрап жатқандар көп. Осы Балқаш мәселесіне сіздердің назарларыңызды аудару үшін! Ертең кепкен көлдің түбімен жүрмес үшін! Ұрпағымыз тұщы су тапшылығын көрмес үшін!

Ернар АМАЛБЕК

Пікірлер