Араздық ақ дастархан үстінде жуылады

5389
Adyrna.kz Telegram

Ең алдымен «Наурыз 8-9 күн бойы тойланатын болған» деген әңгімеге қарсымын. Дәл осылай тойлау дәстүрі болғанымен, ол ел салтына кірігіп, жыл сайын кесімді түрде апта бойы тойлау ғұрпына енбеген. Өйткені көші-қонда жүрген қазақ халқы үшін бір жылы қыс қатты болып, малы шығынға ұшырап, тұрмысы жұтаң тартып қалады. Енді бір жылы қыстың аяғы жайырақ шығып, той тойлауға мұршасы болмайды.

Ал тіршілігін төрт түлікпен тығыз байланыстырған қазақ малын тастап, қызық қуалап кетпейді. Қыстан қысылмай, күйлі шыққан жылдары, рас, тойды тойға ұластырып, әлденеше күн қатарынан тойлап жататын замандар болғанын жоққа шығаруға да болмайды. Наурыздың басты мәні – қазақ сөздің парқын біліп, сөзді кие тұтып, сөзге тоқтағандықтан, бұл  күні талай дау мен тартыстың түйінін таба алатындығында.

«Біреу мен біреудің» арасындағы бітіспей келе жатқан, кек алды, соңы насырға шапқан араздық дәл осы наурыз күні жаймашуақталып, екі жақ бітіседі. Ал қазақ халқы үшін адам мен адамды, көңіл мен көңілді жақындастыратын – еншісі бөлінбеген ақ дастарханы.

Наурызда әдет-ғұрып пен жөн-жоралғылардың көп болатыны да сондықтан. Ағайын арасындағы бірлікті бәрінен биік қойып, араздасқандардың атажау, алакөзге айналмауын қалаған, арағайындық жүгін көтеруді адамдық парызы санаған данагөй жанашыры даукестің өзін қарсы жақ дұшпанының үйіне ертіп келіп, екеуінің ортасында отырып қабырғалы сөзін салмақтап айтып, ренжіскендердің ашуын ақылға жеңдірткен. Ал «алдына келсе, атасының да құнын кешетіні» қазақ үшін қағида, бұлжымас заң. Қазақтың ежелден береке мен ынтымаққа үйірілген халық екендігінің ең ұлы айғағы да, мысалы да осы – Наурыз.

Серік Қапшықбаевтың қоржынынан:
 

Үркердің жерге түсуі. Ежелгі жыл санаушылардың есебінше, Үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктем кезінде аспан етегіне дейін аласарып, ал жазда тіпті батып кетеді екен. Наурыздағы күн мен түннің теңелуі дәл осы табиғат ерекшелігіне тікелей байланысты. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «Қырық күн шілде» немесе «Үркердің жерге түсуі» деп атаған. Көктем кезінде, яғни наурызда күн жолы Үркердің үстімен өтіп, оның қос жұлдызы бұқаның мүйіздері құсап күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Бұған орай халқымыздың «Әлемді көк өгіз мүйізімен көтеріп тұр» деген нанымы да бар.

«Шүлен тарту». «Шүлен» деп бай, мырза адамды айтады. Наурызда өгіз соятын осындай қолы ұзын, жомарт жандар ағайыны мен ауылдастарын «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» көктемнің көкөзек шағында әлдендіріп,  көтермелеу үшін нарқазандарға мүше-мүше етін салтыртып, «шүлен тартады».  Ауылдың ақсақалдарына өгіздің шекесі тартылады. Мырзалықпен берілген асты «шүлен тарту» дейді.

«Бел көтерер». Қыстан шыққан соң жазғытұрым ел еңсе көтереді. Наурыз басталмай тұрып бір аптадай уақыт бұрын ағайын-туған, ауылдастар құшақтасып «көріседі». Ер адамдар мен балалар бірін-бірі ырғап, бел көтеріседі. Қыстан қалай шыққанын қоң етіне қарап байқайтын салттың түрі. «Қыс кетті, жаз келді, енді еңсеміз көтеріледі» деген қуаныш белгісі. Қазақтың тұрмыс-салтында жиі қолданылады.

«Той тарқар». Бірнеше күнге созылған той да тарқайды, той табағы жиылады. Ағайын бір-бірінің амандығын көріп, көңіл тоғайтады. Өліге салауат айтылып, ақсақалдар тіріге бата береді. Оған шапан жабылады.

«Ат тері». «Айдаболдың асында шаппағанда, әкеңнің басында шабасың ба?» деген қазақ Наруыздың қызығы үшін барын салады. Наурыздың өзі қыдырудан басталады. Күйлі қазақ болса жеке атқа мініп, жағдайы төмен қарашасы бір атқа екіден міңгесіп, ауыл-ауылды аралап көже ішіп, көкпар, бәйге, аударыспақ, күрес  ұйымдастырып, қызыққа батады. Бұған дейін өнерін ортаға салып, оза шапқан дарабоздарға, қарсыласының жауырынын жерге тигізген балуандарға, тіпті тайы озып келген жас балаға да «ат тері» деп сыйлық берген.


Серік ҚАПШЫҚБАЕВ, ақын

 
 
Пікірлер