"Қытайда нағыз ақырзаман басталды" деп жарыса жазуда әлемдік БАҚ өкілдері. Белгісіз вирустың тарауы осы аптада еселеп артқан.
Оған Қытайдағы жаңа жыл мерекесінің тойлануы әсер еткен. Ел ішіндегі әуе рейстерінің саны артқандықтан, жолаушылар вирусты елдің барлық аймағына таратып үлгерген. Күні кеше ғана Шығыс Түркістанда екі адам аталмыш вирусты жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған.
Вирус бүгінде мұхит асып АҚШ-қа, теңіз асып Жапонияға жеткен. Қытаймен көршілес елдердің де азаматтары бұл вирусты жұқтырып үлгерген. Атап айтатын болсақ, Тайланд, Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг пен Ресейге жеткен. Әзірге бұл белгісіз эпидемияны емдеудің тәсілі табылмады.
Бүгінгі таңда вирустан 26 адам көз жұмып, 849 адам ауруханаға жатқызылған. Сонымен бірге 1072 адам вирусты жұқтыруы мүмкін деген күдікпен бақылауға алынған. Вируспен күресу үшін Қытай билігі 144 млн доллар бөлген. Вирус ошағы болып табылатын Ухань қаласын және Хуанган, Эчжоу қалаларын оқшаулап тастады.
Қалаға әуе байланысы тоқтатылған, көлік қатынасы шектелген. Әскери бақылау посттары қаланың шығыс жолдарын бақылауға алып, ешкімді шығармауда.
Bugin.kz