Қастер мен Мұрагердің сот үкімі оқылды

5243
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық сотында "мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған этникалық екі қазақ Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына үкім оқылды. Судья Оспанова Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтінін айтты. Бұған қоса, олардың әрқайсысына 25 250 теңге көлемінде айыппұл салды.

"Жазасын қауіпсізідігі төмен мекемеде өтейтін болғандықтан жаза өтеушілердің ол мекемеде өтетін бір күні екі күн болып есептеледі. Қастер мен Мұрагер жазаларын барынша қауіпсіздігі төмен мекемеде өткізеді. Оларға өздерінің туған туыстарымен кездесуге толық мүмкіншілік бар. Бүгінгі күнге дейін олар 2019 жылдың 18 қазанынан бастап қамауда жатқандықтан олардың 3 ай 3 күні, 6 ай 6 күн болып есептеледі. Сонда олар енді  қауіпсіздігі төмен мекемеде 5 ай 24 күн жазасын  өтейді",-деді судья Оспанова.

Сот залынан "Адырна" ұлттық порталының редакторы Оңғар Қабден  тікелей эфирден хабар тартты:

Еске салайық, сот барысында Прокурор "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Шыңжаң қазақтары  Қастер мен Мұрагердің  әрқайсысын бір жылға соттауды сұраған болатын. Мемлекеттік айыптаушы да "жеңілдетілген мән-жайларды ескеріп" оларды Қытайға қайтармауды өтінген еді.

Бүгінгі сотқа Қарағанды, Шымкент, Алматы тағы басқа аймақтардан  Қастер мен Мұрагерді қолдап, көп адам келді. Сот залына сыймаған халық  екі азаматты сыртта қолдап тұрды.

2019 жылы қазан айында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер мен Мұрагердің Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Қастер мен Мұрагердің  ісі бойынша сот 6 қаңтарда басталған. Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Шыңжаңда қалған олардың туыстарына да Қытай билігі қысым жасағанын айтқан.

Бұған дейін де белсенділер екі азаматты Қытайға қайтармауды талап еткен болатын.

                                                                "Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер