Жаңабек Жақсығалиев: «Парасат –  байлықтан жоғары тұруы тиіс»

5967
Adyrna.kz Telegram

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңабек Жақсығалиев: 

«Парасат –  байлықтан жоғары тұруы тиіс»

- Бүгінгі әңгімеміз негізінен рухани өміріміз бен ұлттық құндылықтар тұрғысында өрбісе деген тілегім бар. Осы орайда алғашқы сауалымды да төтесінен қойсам деймін: көзі ашық зиялы азамат ретінде халқымыздың руханият саласындағы қазіргі аяқ алысына, бағыт-бағдарына қандай баға берер едіңіз? Біз осы «байлық, байлық» деп материалдық игіліктің соңына түсіп кеткен жоқпыз ба?

 – Ел тәуелсіздігімен бірге нарықтық қатынастар һәм жаһандану ілесе келді. Қазақ басқа жүйеге көшті. Нарық жайлаған заманда, рухани құндылықтар емес, экономикалық тиімділік басты орынға шықты. 

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары бірте-бірте іштей сөгіліп, көздің жауын алатын қызылды-жасылды материалдық дүние алға суырылып шықты. 

Жер жаһанды ақша билеген заманда ағайынгершілік, бауырмалдық, ізгілік, мәрттік, жомарттық, т.б. сынды ұлтымыздың жұлынтұтасын құраған асыл қасиеттер көмескіленіп, ұлт келбеті ақырындап өзгере бастады.

  Бүгінде экономикасы шарықтап, байлығы шалқыған Батыс елдерінің де рухани мәселеде тұйыққа тірелгенін мамандар жиі айтып жүр. Сонда не істемек керек деген мәселе осы ретте өзінен-өзі туындары хақ. 

Біздіңше, бұл ретте алдымен ата-бабамыздың жүріп өткен дәстүрлі жолын мұқият саралағанымыз жөн. Қатпарлы тарихымыздың тереңіне бойласақ, «байлық» ұғымы туралы қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік дүниетанымы, парасат-пайымы, көзқарасы болғанына көз жеткіземіз. 

Кеңестік билік дәріптеген таптық сана әбден бойымызға сіңіп кеткендіктен болар, біздің бүгінгі қоғам тәуелсіздігімізге отыз жылға жуық уақыт өтсе де баяғы «бай менен молданы, қойдай қу қамшымен» деп ұрандаған кеңестік-коммунистік режим қалыптастырған түсініктен әлі толық арылып болмағандай көрінеді. 

Оған негіз бай-қуатты адамдарға қоғамның әлі қырын қарауы, оларға деген халық құрметінің төмендігі және елімізде орта таптың қалыптасуы мен кедейшілікті еңсеру жолдарының баяулығы. 

          Ал, бұрынғы қазақтың ұлттық санасы «Кім бай болғысы келмейді, құдайы қаламайды», «Үйің жанға толсын, қораң малға толсын», «Құлының өсіп тай болсын, ұлың өсіп бай болсын», «Сұлу аттың көркі –  жал, Адамзаттың көркі мал» (Абай Құнанбаев), «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи» (Шәкәрім Құдайбердиев), -дегенге саятын еді. 

Еуропалық және ресейлік бірқатар зерттеушілер ХІХ ғасырға дейін дала тұрғындары түгелдей дерлік дәулетті болғаны жайлы қызықты деректер келтіреді. Қазақ халқы дәулетті ғұмыр кешкен. 

Байлық мыңдаған мал басымен есептелген. Халық зердесінде Тәуке хан ел билеген кез  «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалғаны айтылса, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Абылай хан заманында әрбір екінші қазақтың дәулетті, бай болғандығын» жазады. 

Бірақ бұл жерде ерекше назар аударарлық бір нәрсе бар. Қай заманда да, қай қоғамда да байлардың бәрі «сүттен ақ, судан таза» болды десек, ақиқаттан алшақ кеткен болар едік. 

 – Мәселен?

           – Шығайбайлар, қарабайлар, сасықбайлар, итбайлар бұрында болған және ондайлардың қазірде бар екенін жалпақ жұртқа жеткізіп жатудың өзі артық. Бүгінгі жемқорлық – бөлек әңгіме. Осы орайда Қожа Ахмет Яссауидің: «Дүние малды жиғандар – ақты қара қылғандар, жақын малын алғандар» дегені еріксіз еске түседі.

         Иә, медальдың екі жағы бар. Сәйкесінше, бақ-дәулеті ортаймаған,  қазақ халқының генофонды мен ұлт руханиятына айрықша үлесін қосып, қазақ тарихының төріне жайғасқан текті әулеттеріміз мен мұндалайды. 

        Бұған ХІХ ғасырдағы ұлт мақтаныштары Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Мұхаммедсалық Бабажанов, т.б. айтулы тұлғалардың беделді, дүмді, әйгілі ортадан  шыққандығын айтсақ та болады.  

Патша заманында қазақ даласын отарлау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізген орыстың әскери тарихшылары қазақтағы «бай» ұғымын орыстың «богатый» сөзімен еш салыстыруға болмайтынына арнайы назар аударған. 

Қазақтардағы оның түпкі мәні орыстардағыдай тек материалдық игіліктерді иеленген жандарға емес, сонымен қатар рухани құндылықтарға да қол жеткізіп, халқының ықыласына бөленген ерекше тұлғаларға ғана қарата айтылғанын айрықша атап өткен. 

– Яғни сөзіңіздің ауанынан  аңғарғаным, бүкіл гәп тап осы жерде жатыр дейсіз ғой. Сіздің ойыңызша қазақтың түсінігіндегі рухани һәм материалдық байлық дегеніміздің өзі «екі тізгін, бір шылбырды тең ұстаған» ғазиз жандарды көз алдыңа әкеледі екен. Ойыңызды әрі қарай сабақтай түссеңіз? 

Дана қазақ мұны қос ауыз сөзге сыйғызып:  «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» немесе «Байлықты не аққан терден сұра, не қара жерден сұра», - деп түйіп тастаса, дінімізде де пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Айналасымен қарым-қатынаста байлықты бірінші орынға қойған адамдардан әділдік, жақсылық пен адамдық күтпе» деу себебіне көз жіберген. 

         Қысқа айтқанда қайнаған еңбек, төккен термен жиналған байлыққа үрке қарамаған жөн. Мемлекеттің шағын бизнесті соңғы үш жыл бойы тексеруге мораторий жариялауы да осы жайттармен байланысып жатыр. Капиталдың қорлануының шапшаң жүруі бүгінгі еліміз үшін де өте маңызды. 

         Қазаққа көп нәрсе керек. Соның бірі – ұлттық буржуазия. Бұл сөзімізге бұлтартпас дәлел – кезінде Алашорда үкіметінің ұлттық буржуазияның мүддесін жан-тәнімен қорғағаны. 

Қарапайым бір мысал. Байыған адам ең кемінде баласының терең білім алуына мүмкіндік жасайды. Білімді ұрпақ көбейеді. Бұл – ұлттық интеллигенцияның сапалық тұрғыда күшеюіне жол ашады. 

Осы орайда ХХ ғасырдың басында мыңдаған қазақ жастарының Ресей мен шетелдерде білім алып, Алашорда үкіметін құрғаны санада жаңғырады. Ұлттық буржуазиясы мен ұлттық интеллигенциясы қадамын тең басып, аяғынан тік тұрған елде ұлттық элитаға сұраныс туады. 

Түсінген жанға мұның бәрі шырмауықша шырматылып, бір-бірімен сақиналай тізбектеліп байланысып жатқан шынжырлы дүниелер. Түптің-түбінде қазақтың көсегесін көгертетін – ары таза ұлттық элита.

Осындайда Италия саясаттанушысы Гаэтаноның: «Мемлекетте ғылымға баса мән берілген жағдайда – ғылыми элита, байлықтың жаңа көзі ашылғанда – технократтық элита, идеология басқа салаға бұрылғанда – діни немесе ұлттық элита билікке келеді» дегені ойға оралады. 

Бұл үзіндіден экономикасы шикізатқа байланған елдерде билікте технократтық элитаның кеуделейтіні тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр.  Біз сияқты шикізатқа тікелей тәуелді елдердің жағдайын осыдан-ақ түсіне беруге болады. 

Шикізат дегеннен шығады. Араб әлеміндегі мұнайдан түсетін миллиардтарға шейхтар тұрғызып жатқан көк аспанмен таласқан өте зәулім, келбеті мен сәулеті келіскен ғимараттар мен жаннаттың гүлзар бағындай, қарауға көз керек қонақүйлерге таңдай қағып, тамсана қарайтынымыз ешкімге жасырын емес.

 Алайда саяси сарапшылар осы бір шылқыған байлық сол елдегі жоғары сапалы технологиялар мен өндірістің инновациялық салаларын жеделдетуге үлес қоса алмағаны өз алдына, соңғы бірнеше онжылдықта бұл елдерден дүниежүзіне әйгілі бірде-бір ғалымның, жазушының, композитордың немесе Олимпиада чемпионының шықпағанын алға тартады. 

Даңқты жерлесіміз Қадыр Мырза Әлінің «Классиктер – жетімдерден шығады» дегені осы оймен сабақтасып жатыр. Демек, парасат – байлықтан жоғары тұрмаған елде, ешқандай ілгерілеп алға жылжу, гүлдене көркейіп, қарыштап даму болмақ емес.

          Ғафу өтінемін! Осы жерден әңгімеңізді үзуге тура келіп тұр. Рухани байлық пен материалдық байлықтың бір-бірімен астасып, үндесіп жатқан дүниелер екеніне кеңірек тоқталып, біраз көсілдіңіз. Енді жоғарыда атап өткеніміздей, руханият саласы хақындағы ойыңызды білгіміз келеді?

 – Әрине, бұл сауалыңызға бір-екі ауыз сөзбен баға беру қиын болар. Сіз айтып отырған руханият дегеніміздің өзі «басы бұлақ, аяғы теңіз» байтақ сала. Тәуелсіздік жылдарында ел билігі мәдени-рухани бағытта түрлі бағдарламалар қабылдап, мемлекеттік деңгейде қыруар жұмыстар атқарылды. Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат. 

Басқасын айтпағанда, соңғы жылдары «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынып, тындырылған істердің өзі бір төбе. Аталған стратегиялық бағдарламаның облысымыздағы сарапшылар комиссиясының бірі ретінде осыдан жыл жарымдай уақыт бұрын облыстық «Орал өңірі» мен республикалық «Айқын» газеттеріне өңіріміздегі атқарылған жарқын істер хақында көлемді сараптамалық мақаламызды жариялаған едік. 

Сөз орайында айта кеткеннің артықтығы жоқ, «Рухани жаңғыру» соншалықты қарқынмен, қуатты екпінмен басталып еді, «соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқан жоқ па?» деген балама пікірлер де бар.

Десек те, тәуелсіздігіміздің бергені мен берері орасан. Еліміз бойынша қаншама мәдени ошақтар, мектептер, ауруханалар, бала-бақшалар бой түзеді немесе заманауи ғимараттар тұрғызу әлі де жалғасып жатыр. 

Оның бәрін айтып жатудың қазір қажеті де бола қоймас. Басқасын айтпағанда,  өзіміздің облыс орталығындағы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен Қ.Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығындағы қайнап жатқан жұмыстарды көріп сүйсінесің. 

Кешегі кеңестік дәуірді былай қойғанда, егемендіктің елең-алаңында шаһарымызда осындай ұлттық өнер мен мәдениетті асқақтататын игі істер болды ма?! Осы жылдан бастап білім, мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысының көтерілетіндігі де көңілге жылылық ұялатады. 

Иә, жасалып жатқан оңды, жақсы дүниелерімізді бізден ешкім тартып алмасы хақ. Ұлттық идеология – мемлекеттік саясаттың бір құрамдас бөлігіне ақырындап айнала бастады.  

Осы ретте мына нәрсеге тоқталғым келеді. Формациялардың алмасуы, тарқатып айтсақ, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жалпы қоғамды, соның ішінде зиялы қауымды да есеңгіретіп тастады. Әсіресе, тәуелсіздік тұсында жазушылар мен ақындар, ғалымдар мен ұстаздар, мәдениет пен өнер иелерінің мысы басылып қалды. 

Өйткені Кеңестер Одағының тұсында оларға көрсетілген сый-құрмет пен мемлекеттік қолдау көзден бір сәтте бұлбұл ұшты. Рухани саладағы орта, бейнелі тілмен айтсақ «жынынан айырылған бақсының» күйін кешті. 

 – Осы пікіріңізге тұздық ретінде мына нәрсені есіңізге салғым келеді. Қоғамда бүгін үлкен дискуссия болып жүрген маңызды мәселелердің бірі – қаламгерлердің кітаптарын шығарудағы қиындықтар немесе оның таралымының аздығы, жалпы кітап төңірегіндегі пайымыңызбен бөлісіп отырсаңыз? 

 – Кеңестік-коммунистік жүйе көркем әдебиетті өз идеологиясының алаңына айналдыра алғаны сондай, сол кезде кітаптар  мемлекеттік тапсырыс бойынша жүздеген мың тиражбен шығатын еді.

Жазушылар мен ақындар бір жылда бір кітап жазып, бір темір тұлпарды тақымдайтын уақыт болды. Қазіргі тілмен айтсақ, олар шығармашылығын бизнеске, яғни пайда табуға арнады. 

Оның орнына қазір бір тойда бір «арғымақты» ауыздықтайтын заман келді. Тек жазушылардың орны әнші, асабалармен алмасты. Қазақ айтады: «Әр уақыт – бір уақыт» деп. Бұл – бөлек әңгіме.

Кейбір деректер бойынша классик жазушымыз Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тері» мемлекетке бір миллион сом пайда түсіріпті. Ол кезде 1 долларың құны кеңес сомына шаққанда 86 тиынды құраған екен. 

Қырдағы кез келген шопан мен малшының, диқан мен қырманшының керзі етігінде «Жұлдыз» бен «Жалынның» қыстырулы, бірге жүргенін көрген буынның өкіліміз. Аталған журналдар сол заманда 200 мың данадан кем шықпайтын. Есімізде қалғаны сол кездегі қоғамның әдебиетке деген құмарлығы мен қызығушылығы жойқын болатын.

Уақыт жылжыды. Заман өзгерді. Қандай шедевр, қандай классик болса да ақын-жазушылардың шығармалары 2000-ақ данамен, бертін келе 5000 таралыммен жарық көре бастады. Тіпті оған жете алмай жүрген қаламгерлер қаншама?! Ендігі жерде мемлекет кітаптарды бұрынғыдай мол тиражбен шығаратын дәстүрден алшақтай бастады. 

Өйткені сұранысы мен ұсынысы теңдей таразыға тартылатын нарықтық экономиканың талабы басқаша еді. Тәуелсіздіктің таңсәрісіндегі халық шаруашылығының шатқаяқтауы, күнделікті күйбең тірлік халықтың көркем әдебиетке, жалпы руханиятқа деген ынтасын төмендетті. 

Бірте-бірте кітапты интернет алмастырып, халық өзіне керегін ғаламтордан ала бастады. Капитализммен бірге халықтың танымдық талғамы өзгеріп, ендігі кезекте «Қалай баюға болады?, Қалай ақылды болуға болады?, Қалай көшбасшы болуға болады?», т.б. мотивациялы дүниелер өтімді тауарға айналды. 

Мысалы, американдық кәсіпкер, жазушы, мұғалім Роберт Кийосакидің «Бай әке, кедей әке» атты кітабы сияқты дүниелер жастар тарапынан жаппай сұранысқа ие болып, қазақ тіліне аударылып,  шапшаң тарала бастады.

Сол сияқты шет елде оқып, білім алып келген полиглот һәм жаңашыл  замандасымыз Ш.Мұқан уақыт сұранысына орай әлемдік інжу-маржандарды орыс һәм ана тіліне тәржімалап, заманауи бағыттағы тың жобаларды қолға алып, жаңа топтамаларын кеңінен айналымға енгізіп жатыр. 

Қысқасы, замана сұранысына орай рухани дүнелеріміздің сипаты өзгеріске түсті.

 Сөз арасында ел тәуелсіздігімен бірге интернет келгенін айтып қалдыңыз. Бүгінгі өмірдің ажырамас бөлігіне айналған ғаламтордың бұқаралық ақпарат құралдарының арасында ықпалы орасан зор екенін білеміз. Мұның қоғамдық өмірімізге тигізіп жатқан әсері жөнінде не айтар едіңіз?

  – Қазіргі қоғамдық санаға интернеттің, соның ішінде әлеуметтік желілердің әсері мейлінше күшті. Ақпарат ғасыры келді. Мылтықсыз майдан басталды. Әсіресе сыртқы күштер мен саяси технологтар ақпарат кеңістігіне еркін кіріге бастады.  

Қазір билік пен бұқараның арасындағы ақпаратта цензура һәм фильтр жоқ. Бұрынғыдай еш нәрсе сүзгіден өтпегендіктен,  ақпарат тасқынының ішінде «асылы» мен «жасығы» қатар жүретін болды. Осының нәтижесінде халықтың саяси сауаты мен ұлттық санасы жаңа кезеңге қадам басты. 

Ақиқатын айтсақ, әлеужелілерде билікке деген халық тарапынан агрессия өршіп тұр. Қазақта: «Ауруын жасырған өледі» деген даналық сөз бар. Осының бәрін көріп-біліп отырған президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет» дегенді ашып айтты.

         Байқауымызша, елімізде мемлекетшілдік саясатты терең қаузап, егжей-тегжейлі талдау жасайтын сауатты аналитиктер сирек. Олай деуімізге негіз әлеужелілерде белсенді блогерлер атынан билікке қарата айтылған сыни посттарға көп жағдайда үкімет тарапынан орынды уәж немесе сындарлы салмақты жауаптар қайтарыла бермейді. 

 Мемлекет үнемі қорғаныста жүрген ойыншыны көз алдыңа әкеледі. Содан кейбір саяси-әлеуметтік мәселелерге байланысты халықтың көңіліндегі күдік сейілмей, қайта қоюлана беретіндей көрінеді. 

Өткен жолы «Жас алашта» жарық көрген Ерлан Кариннің «Мемлекеттілік және мемлекетшілдік» атты мақаласындай тұщымды дүниелерге қоғам шөлдеп отыр. Көтерілген мәселе бойынша уақытында тарихтың тұңғиығына терең бойлайтын кемеңгер Кекілбаевтың қолтаңбасы ерекше болатын.

Тағы бір назара аударарлық мәселе, бізде бұқаралық ақпарат құралдары биліктік және оппозициялық бағытта болып, екіге бөлінетіні белгілі. Ел билігі жүргізіп отырған саясатты бірі дәріптеп, мақтаса, ал екіншісі сынап, даттайды. 

Бұл жалпақ жұртқа белгілі. Ешқандай жаңалық емес. Маған, бізге центристік һәм аралық бағытты берік ұстанатын жаңа заманауи басылымдар керек сияқты болады да тұрады. 

Еш жағына бұра тартпайтын, халықты бір ортақ мүддеге біріктіріп, бір мақсат, бір болашаққа апаратын мерзімдік баспасөздер – заман талабы. Бізде күшті оппозициялық партиялар мен қозғалыстар болмағанына қарамастан әлеуметтік желінің өзі қоғамның барометріне айнала бастағандай сезіледі. 

     – Бүгінгі қазақ қоғамының, тіпті қазақ руханиятының деуге де болады, бір бөлшегіне айналып кеткен той-топыр туралы не айтар едіңіз? Бір кезде академик З.Қабдолов «Қазір той тойлайтын заман емес, ой ойлайтын заман» деген еді. Алайда қазақтың бұл «дерті» әлі асқынып тұрғандай ма?

         –  Иә, бүгінгі қоғамдағы күйіп, өртеніп тұрған мәселені орынды көтердіңіз. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін, алдымен отаршыл заманда елеусіз қалған ұлыларымыз: хандар, билер, батырларымыз, мәдениет қайраткерлерінің есімдерін жаңғырту бағытында игілікті істер басталды. Бұл – дұрыс қадам болатын. Ол саясат әлі жалғасып жатыр.

         Асыл бабаларымыздың есімдерін үздіксіз дәріптеп, оларға тағзым ету бертін келе елімізге танымал көрнекті ақын-жазушыларымыз бен академик-профессорларымыздың яғни, зиялы қауым өкілдерінің мерейтойларын мемлекеттік деңгейде өткізуге ұласса, бүгінде той тойлау жаппай бұқаралық, халықтық сипат алды. 

         Ұл баланың үйлену тойы мен қалыңдықтың ұзатылу тойын есептемегенде, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, мектеп бітіру, ЖОО-ға түсу, оны бітіру, түлектер кездесуі, жаңа жыл, құдалық, 25-30 жастан 80-90 жасқа дейінгі мерейтойлар шеруі, тіпті күнделікті соғымға қонақ шақыру мен жаңақоныс тойының өзін тойханалар мен мейрамханаларда сән-салтанатпен өткізу жарысқа айналып, нәтижесінде қонақжай халқымыздың ата дәстүрі тәрбиелік мәнінен айырыла бастады.

          Қазір мейрамханалар мен дәмханалардың, асабалар мен әншілердің дәурені жүріп-ақ тұр. Қазақ жалақысының жартысын тойға беретін болды. Қазақ қоғамының тойдан шаршағаны өз алдына, даңғазалық пен дарақылық шегіне жетті. 

          Қайсыбір апталардың соңғы үш күнінде қазақтың тойы мен құдалығы һәм садақасының қатар келетіні ешкімге жаңалық болмай қалды. Сайып келгенде халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан меймандостық салты – ұлт мәдениетінің ең озық көрінісі болудан қалып барады. 

         Елімізде тәуелсіздік жылдары тұрғызылған он мыңдаған тойханалардың дамылсыз жұмыс жасап, жеміс-жидектер мен көкөніс немесе басқа тағам  түрлерінің көрші елдерден фуралармен ағылып келіп жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. 

         Осының нәтижесінде елімізде ас-судың бағасы аспандап, шарықтап тұр. Оның ауыр зардабын тартып отырған сол қара халықтың өзі. Елімізде тамақ өнеркәсібі әлі толық қалыптасып болмағандықтан, көршілеріміз қытай мен өзбек өнімдерінің тұрақты тұтынушысына айналып, қазақтың бар жиған-терген дүниесі сыртқа кетіп, оларды байытып жатқаннан басқа халқымыз еш пайда көріп отырған жоқ. 

         Ал еліміздегі басқа ұлттар мен ұлыстар да мұндай дәстүр бар ма?! Жоқ, әрине. Өйткені менталитет басқа. Бірақ жаратылысынан «кең болсаң, кем болмайсың» дейтін дарқан қазақтың бұған бәлендей бас қатырып жатқаны шамалы. Күнде ойын, күнде той! 

Осының салдарынан кәсіпкерлеріміз зауыт пен фабрика емес, тойханалар мен ойынханалар салып үлгере алмай жатыр. Телеарналарды ашып қалсақ та сол көрініс: тәрбиелік мағынасы төмен бағдарламалар, арзан әзілдер, құнсыз әндер мен сол баяғы ортанқол әншілер мен асабалар. 

          Бұл жерде асабалар мен әншілерге ешқандай өкпе не ренішіміз жоқ немесе оларға шүйлігуден аулақпыз, құдай ондай арзан әңгіменің бетін аулақ қылсын.  

         Тек әңгіменің орайында біздің бүгінгі қоғамның жалпы көрінісін айтып отырған жайымыз. Соңғы кезде әншілер мен спортшыларды көзсіз құрметтеу тек бізде емес, әлемдік үрдіске айналып бара жатқаны жиі айтылып жүр.

           Өнеркәсібі дамымаған, іргелі ғылымы мен техникасы артта қалып, тек той-тойлаумен гөләйттап жүрген, интеллектуалдары мен технарьларынан  бұрын, әншісі мен асабасына айрықша сұраныс туып тұрған елде болашақта Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Е.Бекмахановтар сияқты бірегейлер қаншалықты шығады деп еріксіз ойға шомасың және бұл бағытымыз ел тәуелсіздігіне де қауіпті.

 

       – Қазақ – шашпа халық. Дүниені шашу үшін жинамай  ма? 

       Иә, оныңыз рас. Табиғатымыз солай. Бірақ капитализм қазақтың ол мінезін көтермесі хақ. Біздіңше, алдағы 10-15, мүмкін 5-10 жылда қазіргі қаптаған сансыз тойлар қазіргіден сирейді. 

Капитализм ерте ме, кеш пе қазақтың «мінезін» әйтеуір бір түзейді. Өзінің талаптарына икемдеп, қалыбына салады. Мен бұл жерде шашпалық пен ысырапшылдық мәселесіне қатысты айтып отырмын. Бұл – нарықтың заңы.

         Кейбір оқырманға біздің бұл ойымыз «Байдың асын қызғанған байғұс құсағандай» боп көрінуі мүмкін. Мүмкін мұның бәрі бай-бағландар мен қасқа-жайсаңдарға жарасып, үйлесетін тірлік болар. Атам қазақ «Бай байға құятынын да» айтып кеткен.

         Ал ақиқаты сол бұл жағдай бұқараның көпшілігінің қалтасына оңай тимей отырғаны анық. Халықтық қисынға салсақ, бүгінгі қазақ «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам деп» алашапқын болып, уақытын босқа өткізіп жүргендей көрінеді.

Иә, қазақтың бұлай қонақжай, көпшіл, намысшыл болуының сыры тереңде жатыр. Аз еңбек етіп, көп өнім алатын көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған батыр халықтың мінезі «у ішсең руыңмен», «тегі бірдің намысы бір» деп ағайыншыл, ұжымшыл, елшіл болып қалыптасты. 

Ханның алдында қасқайып қарсы тұрып «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп шындықты айтатын, дала демократиясына негізделген әділетті, бүкпесіз қоғам мен отыз екі тістен шыққан сөз, отыз екі рулы елге поштадан  да тез тарайтын сайын далада арамдар мен сараңдарға еш орын жоқ еді.

         Сайып келгенде көшпелі қоғам жауынгер халықтың бойына ақкөңілділікті сіңірді. Қазақтың «Батыр –  аңғал, ер – қамсыз» деуінде де үлкен мән бар. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласына келген орыс, шетел зерттеушілері біздің бойымызда осы қасиеттің барына көңіл бөлген. 

        Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «ақкөңілділік, анайылық, аңғалдық мәдениеті төмен жұрттарға тән қасиет» екенін атап өткен.  Өз басым бүгінгі қазақ қоғамының ысырапшылдық пен дарақылық һәм әсіремақтаншылыққа бой ұруын халқымыздың осы мінезінен іздеймін. 

       Бұл пікірге біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ өз ойым солай. Оның ішінде мен де, сіз де, бәріміз де бармыз. Өйткені ешкімде ұлтынан, халқынан, қоғамнан бөлініп қала алмайды. 

          Мұның сыртында үш ғасыр бойы бодау заманда қанымызға сіңген құлдық сана синдромының сарқыншақтары бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Айбынды Ғұн державасының негізін қалаған атақты Мөде тәңірқұттың «Құлды мақтан өлтіреді» деген даналық сөзінің астарын қазақтың түсінетін уақыты алда келе жатырғанына еш күмәнім жоқ. 

         

 

             Ауылдан үдере көшу қарқын алып тұр. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» деген ұғым ескіре бастағандай. Бір жылдары Елбасы бастамасымен «ауыл жылы» деп жариялап, мемлекеттік деңгейде қамқорлық танытуға күш салса да одан айтарлықтай нәтиже болмағаны белгілі. Қаңыраған көшелер мен үңірейген үйлердің орнын көріп ішің қан жылайтыны рас. Сонда осы екпінмен кете берсек қасиетті бесігіміз санап келген ауылдардан айырылып қалатын түріміз жоқ па? Сіздің ойыңызша, осы «көшті» тоқтату үшін не істемек керек?

 – Иә, айтып отырғаныңыз бүгінгі қазақ қоғамының жанды жері һәм талмауыр тұсы. Көз алдымызда ауыл халқының саны күн өткен сайын азайып, кеміп бара жатыр. Өлара кезеңде жұрты үйінді топыраққа айналған шағын ауылдарымыз да аз емес. 

Билік ауылды қолдау мақсатында қолынан келген бар мүмкіндігін жасауда. Тәуелсіздік тұсында қаншама ауылдарға су, жол, газ, телекоммуникациялық байланыстар, мектеп, аурухана, мәдениет үйлері, балабақшалар салынуда. 

Мал шаруашылығына «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» немесе ауылдағы ағайынға кәсіп ашу үшін, әртүрлі бағытта қайтарымсыз несиелер беріп, жас мамандарды ауылға тұрақтандыру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы немесе ауылдағы ірі шаруа қожалықтарының иелерін әлемнің дамыған елдерімен тәжірибе алмасу, әзірше мал өсіруші кәсіпкерлерді салықтан босату, т.с.с. сияқты біраз тірліктер жедел жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, оның нәтижесі көңіл көншітпей тұр.  Демек, бұл – ең басты һәм стратегиялық нәрсенің тетігі табылмай тұр деген сөз?!

Одан дүркірей көтеріліп, көркейіп,  гүлденіп кетіп жатқан ауыл жоқ. Бір қарағанда, қаншама қаржы-қаражат босқа, желге ұшып  жатқандай көрінеді. Қазақ қаламгерлері мен қоғам қайраткерлері де бұл мәселені аз көтеріп жүрген жоқ. Әсіресе орта және аға буын өкілдері кеңестік дәуірдегі «қойы қоздап,  түйесі боздап, қорасы шулаған» ауылды аңсайды. 

Ауыл мәселесіне қатысты сарапшылардың арасында әртүрлі пікірлер мен көзқарастар бар. Біріншілері, қазіргі жағдайды, яғни урбанизацияның саябырсымауын қалыпты нәрсе ретінде көреді. Оны әлемдік тенденция ретінде қабылдайды. 

Өркениетті елдерде ауыл халқы 6-7 %-ды ғана құрайды, қалғандары қалада тірлік етеді екен. Жорамалдарға сенсек, 2025 жылы планетаның 7,5 миллиард халқының 5,5 миллиарды қалада тұрады.

 Мәселен, байлыққа белшесінен батып, шаруашылығы шалқыған АҚШ-тың мүйізі қарағайдай фермерлері, қаланың жастарды қызықтырып, өзіне баурайтын жақтары көп, балаларымыз көп жағдайда біздің ата кәсібімізден бас тартып, содан фермерлердің саны азая бастағанына өкініш білдірген. 

Ал, екінші пікір мынаған саяды. Қазақты кеңес дәуірінде Кремль жылдар бойы ауылда буып ұстады. Қалаға жақындатқан жоқ. Қазақ өзінің туған жерінде екінші сортты ұлт болып саналды. Сондықтан бізде Балтық жағалауы, Кавказ елдеріндегідей қала халқы қалыптасқан жоқ. 

Мәселен?

 Ереван, Тбилиси, Бакудың 80-90 % халқы мемлекет құраушы һәм титулды ұлт өкілдерінен болса, Қазақстанда 1989 жылы қалада тұратын қазақтардың үлесі 38,3% болғанынан-ақ көп жайды аңғаруға болады. Бұдан Мәскеудің қазаққа басқа саясат ұстанғанын көреміз. 

Соңғы жылдары Кеңестер Одағы дәуіріндегі ауылды аңсау мен сағыну сарынына қоса, сол кезеңді бүгінгі таңда асыра дәріптеушілік белең алып тұр деп есептейтіндер бар. Олар шын мәнінде қазақ ауылы «советтік резервация» қатарында болды деп санайтындар.

Иә, бір қарағанда ол кезде «ауылдың тамағы тоқ, көйлегі көк» болғандай көрінгенімен, шешілмеген проблемалары да шаш етектен болатын. Қазақ ауылдары шөл және шөлейтті жерлерде орын тепті. 

Орталық сүтті, етті, жүнді, т.б. өте төмен бағаға алып, қазақ ауылын шикізат базасына айналдырды. Көптеген ауылдар адам өміріне қажетті негізгі әлеуметтік нысандарға мұқтаж болды.

1991 жылы еліміз тәуелсіздігін жариялаған жылы республикада 750 елді мекен суды тасып ішсе, 450 жерде – монша, 1648 елді мекенде – аурухана, 2090 жерде – мектеп, 3800-інде балалар мекемелері болмаған.

210 селолық ауданның 71-інде жағдай қанағаттанғысыз, ал 30 алыс ауданда адам төзгісіз деп танылған. Бұл аймақты ғылым тілінде «табиғат жағдайы адам күнкөрісіне қолайсыз аймақтар және мейлінше қолайсыз аймақтар» деп атайды. 

Қалай болғанда да кеңес дәуіріндегі ауылдың енді қайта оралмасы анық. Өйткені уақытты кері шегіндіріп, тарих шегершігін кері айналдыра алмайсың. Қазір қоғамдық һәм өндірістік қатынастар басқа, жоспарлы экономиканың орнына нарықтық экономика келді. 

Бұрынғыдай ауылда қайнап жатқан шаруашылық тағы жоқ. Ол кезде ауылда бір адам бос отырмайтын еді. Әскерден келген жігіттер бір айдан кейін жұмысқа шықпаса түрмеге жабатын заң болды. 

Бұрын инфрақұрылым болмаса да жұмыс болды, қазір инфрақұрылым реттеліп қалды, бірақ жұмыс жоқ. Бүкіл мәселе осыған тіреліп тұр.

Үшіншілер, қайткенде де қазақ ауылын бизнес көзіне айналдырып, мол табысқа кенелу керек дейтіндер. Белгілі қоғам қайраткері А.Айталының, біз Nokia шығарып финдердің, Mercedes шығарып немістердің, Toshiba, Panasonic шығарып жапондардың немесе Samsung, LG  шығарып кәрістердің алдына түсе алмаспыз. Қазақ қадым замандардан «мал-жан аман ба» деп өскен халық. Мал бағу қазақтың қанында бар. Мамандар әлемде мал шаруашылығын өркендетуге географиялық жағынан ең қолайлы елдер Канада, Австралия, Ресей мен Қазақстан екенін айтады. Канада мен Австралия қойдың қызығын көріп отыр. Бізде осы бағытта жылжуымыз керек дегенді айтты. Тіпті өзіміз баға алмасақ, Қытай мен Монғолиядан келген қандастарымыз мұны бізден артық атқарады дегені бар.

Сұрағыңызға қатысты ойымызды тобықтай түйсек, алдымен әлемдік тәжірибелерді (Канада, Австралия және т.б. елдер)  саралауымыз керек және ұлттық ерекшеліктерімізді ескеріп, осы мәселені көтеріп жүрген ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің және ауылдағы осы саланың «отымен кіріп,  күлімен шығып жүрген» іскер жандардың көзқарастары мен пайымдарын жүйелеу арқылы ортақ тоқтамға келу қажет.

Ұлттық ерекшелік дегеннен шығады, 1921 жылы наурызда Кеңес үкіметі Жаңа экономикалық саясатқа көшті. Ашып, айтсақ нарықтық қатынастар ел өміріне еркін енді. Қазақстандағы мал саны 1924 – 1928 жылдары 24,8 млн-нан 40,5 млн-ға жетті. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда осы көрсеткішке қол жеткізе алмай отырмыз.

Иә, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазақ ауылдарының көбі шөл және шөлейтті жерлерде орын тепкен. Бұған соңғы жылдары мал ішетін тұщы судың азайып бара жатқанын қосыңыз. 

Осы бағытымызбен жылжи берсек, тұрғындары аз шағын ауылдар нарық сынына төтеп бере алмай «жұтыла» береді. Болашақта малы мыңғырған үлкен шаруа қожалықтары ғана тек жер үшін қалады. 

Тәуелсіздік алғалы екінші буынға өтіп бара жатырмыз. Қазаққа мықтап ойланатын уақыт келді. 

 

  • Тұщымды әңгімеңізге рахмет!   

 

 

Сұқбаттасқан Маралбек АМАНТАЕВ

«Қаратөбе өңірі» газеті директор-редакторы

 

Пікірлер