Құрметті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы!
«Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін.
Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ.» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты өзекті де өнегелі мақаласында анықтап айтқанындай, мен Сізді мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде менің ұсыныстарым мен тілектерімді ескеруге шақырамын. Бұл тек бірінші ұсыныс.
«Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» деп Абай айтқандай, ел арасында бір «сыбырдың» бар екенін білесіз. Сіз сол «сыбырды» тоқтатып, нүкте қойсаңыз. Қазақстан театр қайраткерлері одағымен қатар Қазақстан театрлар ассоциациясы не үшін қажет екендігін қазақстандық театралдар түсінбей отыр. Бұл бір саланың мамандарын екіге бөліп, ынтымағын ыдыратушылық емес пе? Оның үстіне бір мемлекетте бір театр саласына қатысты екі ұйымның болуынан біз мемлекет ретінде не ұтпақпыз? Бірде-бір мемлекеттің тәжірибесінде бұндай екі жаққа бөлінушілік деген атымен жоқ. Сонымен қатар, бұлай бір театр саласын екіге бөлу арқылы мемлекет қаржысын мағынасыз жаратуға, ысырапшылдыққа жол беріліп отырған жоқ па? Үкімет қаражатын үнемдеп жұмсап, керісінше, театр қайраткерлерін жарастыратын жобаларды жасап келе жатқан тарихы терең, тәжірибесі мол бір ғана Қазақстан театр қайраткерлері одағын қалдыру керек деп есептеймін. Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану кандидаты, профессор Тұңғышбай Қадырұлы 2009 жылдың қазан айынан бастап төраға болып табылатын Қазақстанның театр қайраткерлері одағына Республикамыздың барлық театрлары бірауыздан мүшелікке қайта өтулері керек деп ойлаймын.
Егер Сіз менің осы ұсыныс-тілегімді қабыл алсаңыз, қазақстандық театралдардың басым бөлігінің алғыстарына бөленіп, бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы кезеңінде орын алған жағдайға көз жұма қарамай, әділетті қоғам қалыптастыруға үлес қосқан болып саналар едіңіз. Сол кезде Арыстанбек Мұхамедиұлының жолын жалғастырушы емес екендігіңізді, театрдың жанашыры екендігіңізді дәлелдер едіңіз. Әлде, Сіз де Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров секілді Арыстанбек Мұхамедиұлына адал жақын дос, сенімді серік, мүдделес пе едіңіз?
«Қазақстан театрлар ассоциациясы» ұйымдастырып келе жатқан ««Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы» тақырыбындағы жүлдені ойлап табудың не керегі болды екен немесе кімге керегі болды екен? Арыстанбек Мұхамедиұлына ауадай қажет болған бастамаға ұқсайды. Тұңғышбай Жаманқұловты жығу үшін бе? Қазақстан театр қайраткерлері одағы ұйымдастыруындағы «Еңлікгүл» деп аталатын керемет есімді иемденген салмақты сыйлық бар емес пе еді? Сол сыйлықты қайтару керек деп санаймын. Себебі, «Сахнагер» сыйлығын үлестіру үдерісінде де театралдарды алалаушылық бар секілді көрінбейді ме Сізге? Сыйлыққа ұсынылушылар мен ие болушылардың көбі Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемировтың ғана жақындары, шәкірттері және мүдделестері. Сонда Асхат Маемировпен бірге бір дастарқанда басы бірікпегендер мен бір ассоциация құрамы қатарына кірмегендердің жайы не болмақ? Бұл министрлік имиджіне кері әсер етпей ме? Таланттар тұншығып жатқан жоқ па? Мемлекет имиджін төмендететін тірлік емес пе? Меритократиялық қағидаларға қайшы қылық емес пе?
Осы жазған ұсынысыммен келісетіндерден лайк басуды, бөлісуді немесе "қолдаймын" деп жазба қалдыруды өтінемін!
Құрметпен Балтабек НҰРҒАЛИЕВ