Құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанда ұсталған белсенділер жайлы ақпарат ала алмай отыр

3986
Adyrna.kz Telegram

Полиция Ақордаға бет алғандарды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Полиция 16 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы билікке қарсы марш кезінде ұсталған белсенділерді Алматы аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Полиция ұсталғандардың адвокаттарын ішкі кіргізбеген. Бұл туралы Азаттыққа құқық қорғаушы Ерлан Қалиев пен адвокат Асхат Оразбаев хабарлады.

Құқық қорғаушы Қалиевтің сөзінше, Алматы аудандық полиция бөлімшесінде ұсталғандардың жақындарына ешқандай ақпарат бермей отыр.

- Біздің білуімізше, ұсталғандардың үстінен қазір полиция ғимаратында көшпелі сот өтіп жатыр. Сотқа адвокат Асхат Оразбаевты жібермеді. Қанша адам ұсталғанын айтпай отыр. Есептеуімізше, шамамен 25 адамдар бар. Одан да көп болуы мүмкін. Ұсталғандардың үстінен сот өтіп жатқаны анық. Ұсталғандардың арасында Болатбек Біләлов, Дулат Ағаділ бар. Оларға адвокатын жібермей, құқықтарын бұзып жатыр, - деді Қалиев.

Адвокат Асхат Оразбаев Алматы аудандық полиция басқармасына екі сағат бұрын келгенін, қорғауындағы адамдарға өте алмай тұрғанын айтты.

- Алматы аудандық полиция басқарамасына келгеніме екі сағат болды. Қорғауымдағы Болатбек Біләловке, Дулат Ағаділге және Абылай Әділхановға мені кіргізбей тұр. Полициядағылар күтіңіздер деп отыр. Әкімшілік іспен, айыппен таныса алмай отырмын. Ал Алматы аудандық полициясында көшпелі сот өтіп жатыр. Осы жерде кезекші прокурор мен кезекші адвокат бар деп отыр. Бірақ кезекші адвокатты көрген жоқпын, танымаймын, - дейді адвокат.

16 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасынан кейін Ақордаға бет алған ондаған белсендіні жолда полиция ұстады. Арнайы жасақ оларды автобусқа салып, алып кеткен.

Осы күні Алматыда да полиция билікке талап айтқан ондаған белсендіні ұстаған. ІІМ 16 желтоқсанда қанша адамның ұсталғаны жайлы әзірге ешқандай ақпарат бермеді.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер