Маңғыстау өңірінде күйшілік өнер ерекше дамып, өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан күй өнері Абыл, Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, Картбай, Байшағыр, Шамғүл, Мұұрат сияқты біртуар есімдер арқылы өз жалғасын тауып, рухани қазына ретінде сақталып келеді.
Бұл өңірдің күйлері жалпы төкпе дәстүріне жатқанымен, өзіндік нақышты, ерекше сазды, қайталанбас орындалу мәнерімен өз алдына жеке тұрған, күйшілік өнердің өзгеше арналарының бірі. Ел арасында Маңғыстау күйлерін «Адай күйлері» деп те атайды. Оның себебі, күй авторларының басым көпшілігі қазақтың адай руынан шыққандығы. Маңғыстау ежелден әншілер мен күйшілердің отаны болды. Мұндағы халықтық жырлар мен жыраулардың әуені күй өнеріне де зор ықпал жасаған. Маңғыстаудың күйшілері әрі әнші, әрі жыршы болып келетіні сондықтан. Оған Өскенбайдың, Қалнияздың, Шамғұлдың, Ізбасардың өнерін мысалға келтіруге болады. Жыр, дастан айту өнері жыр-күй, ән-күй атанып, ел арасына кең тараған. Маңғыстау күйшілерінің ішіндегі ең көрнектілерінің бірі - Абыл Тарақұлы (1820-1892).
Абыл есімі Маңғыстаудан асып Қарақалпақ, Түрікмен және Хиуа жеріне де кең тараған. Ол көп елді аралап, небір үлкен күй тартыстарға қатысқан тарлан күйші, артына бірнеше күйлер қалдырған сазгер.
Қазақ күйлеріне тән ауқымдылықты, симфониялық тектілікті анық көрсететін аспапты музыканың озық үлгісі Абылдың «Абыл» және «Нарату» күйлерін А. В. Затаевич күйші Л. Мұхитовтан жазып алып, өзінің «Қазақтың 500 ән-күйі» атты жинағында басып шығарған. Аса терең сезімді күйші — сазгердің шығармашылық жолы өзі өмір сүрген заман ағымымен тығыз байланыста өрбіді. 1858-1869 жылдардағы тарих пен халық санасында «Жыл ауа» деп аталған елдің ауыр тұрмысы және билеуші топтың қанаушылық әрекеттері халық наразылығын күшейтіп, жер — жерде ұсақ көтерілістер тудырып тұрды. Дәл осы кезеңде туған зарлы күйді тыңдаушылар күй иесінің есімімен «Абыл» атап кеткен. Өте ауыр, қатал, салмақты дыбыстармен басталатын күй біртіндеп кең көлемді тақырьпқа ауысып, осы тектес туындыларда сирек кездесетін қызуқандылықпен өткірлікте естіледі: сосын аралық бөлімнен кейін жұмсақ әрі нәзік естілетін ортаңғы буынға көшеді. Негізгі тақырыптар арқылы жан-жақты дамыған күй желісі, өзінің кең ауқымды мінезінен өзгермей, біртіндеп жайлап барып, аяқталады.
Абылдың күй өнеріндегі тапқыртық, жаңашылдығы, атап айтқанда, үлкен кульминациялық тақырыбы мен ладтық өзгерістері осы күйінде барынша толық көрініс береді.
Абылдың күйлері: «Ақсақ кұлан», «Ақжелең», «Аренжанның шалқымасы», «Жыл ауа», «Нарату», «Абыл».
Абылдың ең көрнекті шәкірті, асқан күйші Есбай Балұстаұлы болды. Жастайынан «Тазбала күйші» атанған Есбай өте шебер орындаушы болған, бұған оның өз күйлері куә бола алады. Оның «Бөгелек», «Терісқақпай», «Әлем жалған», «Өттің дүние» т.б. күйлері орындаушыдан екі қолдың да толық дамыған шеберлігін қажет етеді. Есбай «Үш ананың тартысы» атты тарихи күй тартысына қатысып, жеңімпаз атанып, аты елге кең жайылады. Осы күй тартысқа қатысушылардың табан астында шығарған күйлері Маңғыстау өңірінде жиі орындалады. Есбай күйлерінің барлығы дерлік нотаға түсіріліп, жинақталған, зерттеуші А.Тоқтағанның «Күй-тәңірдің күбірі» атты еңбегі күйші шығармашылығына арналған.
Маңғыстауға аты шыққан күйші-сазгерлердің бірі - Құлшар Бахтығалиев. Құлшар Маңғыстау күй мектебін жетік меңгеріп қана қоймай, өз жанынан жиырмадан астам күй шығарған, күйші-композитор. Құлшардың тыңдаушыларға аса сүйікті, елге кең тараған күйлері, оның кемпір және қызбен күй тартысында туған «Қыз қамаған», «Кербез керік», «Ат жортақ», «Сық-сақ», «Кебіс қалған» күйлері Маңғыстау өңірінен асып, иісі, қазақ күй қорына қосылған қайталанбас өрнекті, асыл туындыларға айналды. Құлшар күйлерін тыңдай отырып, оның өте күрделі амалдармен орындалатынын байқаймыз. Мұндағы орындаушылық мәнердің өзгешелігі, оң қол мен сол қол шеберліктерінің жоғары деңгейде дамуы, күйшінің асқан орындаушы болғанын дәлелдей түседі, тіпті оның өзіндік «Құлшар шалыс» деген әдісі де болған көрінеді. Қазақ күй қорында Құлшардың «Тілемсек», «Жап та, қымта», «Нар идірген», «Күйдім-жандым» сияқты т.б. күйлері сақталған. Құлшардың күйшілік мектебі — «қырық мылтық» мектебі деп те аталған.
Маңғыстаудағы күйшілік өнерде «Шоңай мектебі» деп аталатын күй орындау дәстүрі де бар. Бұл дәстүр адайдың Шоңай руынан шыққан күйшілерге байланысты аталса керек. Осы мектептің ең көрнекті өкілі — Есір Айшуақұлы (1840-1904). «Есір — қазақ күй өнерінде саусақпен санарлық дарындардың жеткен биігіне көтеріліп, әлденеше шәкірттің ұстазына айналған, «Шоңай» домбыра мектебін дүниеге әкелген өнердегі дара тұлғалардың бірі». Есір күйлерінің кең алқапқа көп тарамағанының басты себебі, ол ел аралап, күйін кәсіпке айналдырмаған адам. Туған өңірінен көп алысқа шықпай, өз тұстастарынан бөлектеу өмір сүрген. Малға кедей болса да құдық қазып, су тартып, бау-бақша өсіріп, ұстахана ашып, қол өнерді кәсіп қылған. Бар өмірі еңбекпен өткен момын Есір, өз күйлерін үйінде отырып, ұстахана ішінде,бақшасының тұсында шығара берген. Оның күйлерінің нақышын үйреніп, елге тарататын шәкірттері де аз болған. Есірдің күйшілік мұрасы — Манғыстау дәстүрінен өрбіген өзіндік сазды, орындалу мәнері күрделі, саздық тілі бай, асыл қазына. Ол Хиуа хандығына барып, біраз жүріп, сондағы көрген-білгендерін күй тілімен суреттейді. Осы сапарында ол бес күйден тұратын күй тізбегін шығарады. Олар «Қос айырған», «Тоғыз түйеші», «Көктөбе», «Мана тау», «Ақ жарма» деп аталады. Күйші шығармаларының шыңы — «Ақ жарма» күйі. «Ағынан жарылып», қуаныш сезімін дәл көркемдеген «Ақ жарма» күйі адамның лепірген көңіл тасқынын екі ішектің қоңыр үнімен ғажайып деңгейде көрсете білген аса құнды көркем туынды.