Жекпе-жек айтыс

2821
Adyrna.kz Telegram

Алматыда наурыз айында «көрген де арманда, көрмеген де арманда» дейтіндей, керемет айтыс өтті. Қызық болғанда, ақындар аламанында әкелі-балалы — Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтар бір-бірімен сөз жарыстырып, бүгінгі айтыстың әдемі үлгісін көрсетті. Біз бірі — Талдықорғанда, бірі — Астанада тұратын қасиетті өнер иелерімен тілдесіп, осы ерекше жыр додасы жайлы сұраған едік.

- Айтақын Бұлғақовтың айтысқаннан басқа жұмысы бар ма?

- Алматы облыстық қоғамдық-саяси «Алатау» газетінің редакторымын. Негізгі жұмысым — филармонияда. Мынау қосымша жұмыс. Күнкөріс керек қой.

- Туған баласымен айтысқан қандай екен?

- Бұл аяқастынан болды. Жүрсін осы идеясын айтқанда, ат-тонымды ала қаштым. Жандарбек — Астанада, мен — мына жақта жүрмін. Баланың бетіне қалай келемін?! Айтысымыз дұрыс шықса жақсы, шықпай қалса, елге күлкі боламыз ғой. Жүрсін «Көпті көрген адамсың. Бір жағыма шығыса ма десем, кейін шегінесің. Ең болмаса, айтысқа жаның ашысын да» деп біраз қайрады. Жандарбекпен де сөйлескен екен, оған да тағы біраз тайсақтап едім, «Әке, нар тәуекел, көрейік» деп шешуші сөзді сол айтты. Сосын не айтып, не қою керек бәрін ойлап-ойлап, ұлыма телефон шалдым. «Балам, мен кешегі компартияның адамымын, сен кеңестік тәрбиені көрген жоқсың, тәуелсіздік алғанда туған, жаңа заманның адамысың. Осы бағытты ұстанайық. Сен өз бетіңше дайындала бер, мен де өз бетімше дайындалайын. Әркім өз заманын жырласын» дедім. Сонымен, бардық. Елдің айтысына қарағанда, жаман өнер көрсетпеген сияқтымыз. Жүкеңнің «дискісін шығарамыз» деген сөзін естіп жатырмыз. Өзім әлі хабарласқан жоқпын.

- Демек, алдын ала дайындық болды ғой…

- Дайындық болғанда, жобасы ғана… Сөзбе-сөз «сен мынаны айтасың, мен былай жауап беремін» деген «заготовка» болған жоқ. Тек балам «ескі мен жаңа заманды жырлай бергеніміз, жалаң болып қалмасын.

Құнанбай мен Абайдың арасындағы сөзді дәнекер ете кетейік» деді.

Қалғаны аяқастынан шықты.

- Балаңызбен сөйлесіп едім «Әкемнен жеңіліп қалдым» дейді. Сіз балаңызды жеңдіңіз бе?

- Жоқ, балам жеңді. Ұлымнан ұтылдым.

«Бір емес, екі ақынды баптап жүрген,

Әкетай, бұл айтыста мамам жеңді!»

деп тауып кетті. «Мықты болсаң, Абайдай ұл таптырып ал» деген Құнанбайдың сөзін айтқаныңызда сасып қалдым. Сосын шешеме қарай бұруға тура келді» дейді.

- Жандарбек неше жастан алғырлық таныта бастады?

- Бала күнінде айтысқа барған сайын, жетектеп алып кететінмін. Өйткені кенжем ғой. Жасынан санасына сіңді. Құдай берген екі бала бар. Бесеу еді, үшеуі дүние салды. Құдай өзі беріп, өзі алды. «Екі баламның қайсысы өнерге жақын екен» деп, отырғызып қойып, домбыра үйреттім. Онда Жандарбек сегіз жаста еді. Домбыраның шанағына қолы жетпесе де, бір жетіде төселіп кетті. Үлкенім он төрт күнде үйренген болды. Он төрт күннен кейін тастап кетті. Кешке қарай екеуін жұмбақ айтып, мақал айтып, ойдан шығартып жарыстыратынмын. Ақырын қарасам, анаған қарағанда, мынау алғырлау. «Осыда бірдеңе бар-ау» деп титтейінен баулыдым. Төртінші сыныптарда айтыс мектебін аштық. Сол кездегі білім департаментінің директоры Тоққожа Естенов көп көмек көрсетті. Ал алтыншы сыныпта «облыстық оқушылардың айтысын неге өткізбеске?» деп Естеновке айтып, екі жыл ұйымдастырдық. Бүгінгі күнге дейін Алматы облысында республикалық мектеп оқушыларының айтысы өтіп тұрады. Соның әсері көп қамшы болды. Бұрынғы, қазіргі айтыстарды жатқа біледі. Қай ақын, қай жерде не айтқанын көзін жұмып айтып береді. Әдебиетке де жетік. Ауыз әдебиетін көп оқиды. Балғынбектің, Айбектің, Бекарыстың айтыстарын жақсы көрді. Бала болып, у-шуға құмар болып, қазіргі селкілдекті тыңдаған емес. Эстрадалық жанрдан Мейрамбек Беспаевтың домбырамен үйлескен әндерін тыңдайды. Баламның бір арманы «Оразалымен айтыссам» дейтін. Бір күні «Әке, мен Ораз ақынды ұстайтын жер таптым. Сөз саптауын әбден зерттедім. Оның айтысындағы кесек-кесек сөздер, теңеулер Жұматай Жақыпбаевтан алған азығы екен. Шіркін, бір жақсы айтыс шығар еді-ау» деп жүретін. Орекең өмірден өтіп кетіп қалды да, бұл арманы орындалмады.

- Алғаш ақындық қыры қай кезде байқалды?

- Айтысқа шықпай тұрып, мектептегі мүшәйраларға қатыса бастады. Ұмытпасам, он жасында болуы керек. Баланың бір қиналған жері — қалада өсті. «Ноқта, жүген, әбзел» деген қазақы сөздерді түсіндіре алмайтынмын. Мұражайға апарып «Мынау ер, мынау тартпа, мынау арбаның оқтемірі» деп көрсететінмін. Бірақ көзбен көрсеткен басқа да, оны қолмен ұстау, сезіну, түйсіну бір басқа. Ауылдағы туған-туыстарға екі жыл қатарынан жайлауға жібердік. Күзде жайлаудан түскенде бір дәптер көрген-білгендерін жазып келіпті.

- Балаңыз қатысқан айтысқа қазылық еттіңіз бе?

- Иә. Алдыңғы жылы облыста өткен республикалық студенттер айтысында қазылар алқасында отырдым. Бала топты жарып тұр. Оған дау жоқ. Ректорымыз келіп, «Ел біздікі, жер біздікі. Жандарбектің жеңгені рас. Бірақ бас бәйгені өзімізге алып қалсақ, ертең сөз болады ғой. Сіз бұған қалай қарайсыз?» деді. Баламды шақырып түсіндірдім. «Өзім де соны сізге айта алмай тұр едім, әке. Дұрыс» деді. Сөйтіп, балама тиесілі бәйгені сырттан келген ақынның қанжығасына байладық. Маған үнемі пікір-кеңесін білдіріп, «Басқа жаққа кетіп қалдың, былай айтуың керек еді» деп айтысыма баға беріп отырады. Екеуіміздің тәсіліміз екі бөлек. Мен әзілге жақындаумын. Ол кішкене сабырлы. Кең толғап айтады.

- Сыртқа шығарып айтпасаңызда, құлыныңызбен іштей мақтанып, масаттанып жүретін шығарсыз…

- Шүкір. Тіл-көзден аман болса екен деймін. Ел мақтап жатады. «Жұлдыз ауруымен ауырыпты» деген әңгіме де шықты. Оны естіп, кәдімгідей жатып қалды. «Өнер адамдарының тағдыры қиын болады. Біреу кері тартады, біреу аяқтан шалады. Ондай сөздерге бой берме. Бір уақыт адам сүрінуі де керек. Ылғи жеңіске жете бергенде, жақсы емес. Басыңа таяқ тисе, қуғын-сүргін көрсең, ысыласың. Барлық қоғамда сондай болған. Ақиқат пен әділдіктің арасында бір қара мысық ылғи жүреді, балам» деп жұбаттым. Қазір Құдайға шүкір, бес уақыт намаз оқиды. Намазға жығылғалы көп нәрсені түсінді ғой. Бүгінде артық-ауыс сөзімізге ескерту жасағанда, өзіміз қызарамыз.

- Өзінің әңгімесіне қарағанда, сіздің айтуыңызша да қағілез сияқты…

- Елгезек. «Ананы, мынаны жасасақ. Ел қатарлы бизнес көзін ашсақ» деп алды-артын көп сараптап, бағамдап жүреді. Қолдың қысқалығы ғой, бірдеңеге жеткізсең, бірдеңеге жетпейді. Елдің бәрі бізді «айтыстан алып жатыр, бай» деп ойлайды. Алмадық емес, Құдай баламыздың ниетіне қарай берді. Соның бәрін ағайын-туыс бар, солардың жақсылығына, той-томалағына шашып жіберіппін. Жамбасымызға басып, уысымыздан шығармай отыруды білмейді екенбіз. Қазір қарасам, қалтамда соқыр тиын да жоқ. «Әке, осынша дүние қалай келді, солай кетті. Кішкене ойланбай жасадың-ау» деп өзіме сын айтқаны да бар.

- Көлік міну жағынан кім алда келе жатыр?

- Айтыстан мен — екі, Жандарбек оннан аса көлік алды. 

Жұлынған жыр Айтақын:

- Әке — шаңырақ, ал бала — кереге екен,

Екеуі бір отауға керек екен.

Айналайын, қарағым, бері қара,

Мен саған, тарихтан сыр, дерек етем.

Бір кездегі бала Абай, Құнанбайға,

Өзінің ойын айтып келеді екен.

- Әке сізден оздым ғой білім алып,

Сізден менің зейінім зерек екен, -

деген сөзге Құнанбай ашуланбай,

Жауабын салмақтырақ береді екен.

- Құлыным, Құнанбайдай болу үшін,

Абайдай бала таптыр, — деген екен.

Енді мен саған қарай бұрылайын,

Бұл бала мәмілеге келе ме екен.

Бір сауал тағы саған мен тастайын,

Білімің менікінен бөлек екен.

Бұл айтыста сен жеңдің бе, мен жеңдім бе?

Екеуімізді сынаған өлең екен.

Әкесінің шәкірті жас Жандарбек,

Қанеки, бұл сөзіме не дер екен?!

Жандарбек:

- Мен неге керегедей керілмеймін,

Елдің сөзін сөйлеуден ерінбеймін.

Жеңдің бе, жеңілдің бе деп сұрайсыз,

Жаңағы сауалыңнан шегінбеймін.

Сөзіңізге астарлап жауап берем,

Мен неге мәре жақтан көрінбеймін.

Әкемнен жеңілсем де осы айтыста,

Шешемнің күйеуінен жеңілмеймін.

Мінеки, біздің айтыс тамам болды,

Батпаққа тастамассың балаңды енді.

Жеңдім бе, жеңілдім бе, біле алмадым,

Әйтеуір шайқасуға шамам келді.

Айтақын өз баласын жеңді ғой деп,

Біреу іштен дауысын саған берді.

Жандарбек өз әкесін жеңді ғой деп,

Біреу іштен дауысын маған берді.

Бұл айтыста өзімді емес, сізді де емес,

Ардақтап айтпаймын ба анамды енді.

Бір емес, екі ақынды баптап жүрген,

Әкетай, бұл айтыста мамам жеңді! 


Жандарбек БҰЛҒАҚОВ: ӘКЕМНЕН ЖЕҢІЛДІМ

 - Жас пері Жандарбек қай жерде білім алады? Қайда тұрады?

- Астанада Еуразия ұлттық университетінде тіл-әдебиет мамандығы бойынша оқып жатырмын. 2-курсты тамамдаймын. Ақын болсам — үйде жатамын. Студент күйіме түссем — жатақханадамын.

- Ақын болатын кезің көп пе, студент болатын кезің көп пе?

- Сөздің шыны керек, ақын болатын кезім көп.

- Демек, сабақтан жиі қаласың…

- Ақын болғанда, үйде жатып, бұрқыратып өлең жазу емес. Той-думан, айтыс қуып кетесің… Сабақтан да қалмауға тырысамын.

- Еуразияның еркесі болдың ғой…

- Мен болашақ тіл-әдебиет маманымын. Айтыс — әдебиеттің жанры болған соң, ақындар айқасы маған таптырмайтын тәжірибе. Өнерді мүлде түсінбейтін оқытушылар да бар. Кейде аздап түсініспей қаламыз. Қазір ешкім ешкімнің еркелігін көтермейтін заман боп қалды ғой. Жалпы, «ақын едім, әнші едім» деп өнерімді бұлдамаймын. Ұстанымым — «Ақын болу шарт емес, азамат болу парызың».

- Интернеттегі өзің туралы ақпаратқа қарағанда, үйленіп үлгерген сияқтысың…

- Жоқ, әзірге шаңырақ көтермедім. Қыздар мазаламасын деп әдейі «үйлендім» деп жазып қойғанмын.

- Мазалайтындар көп пе?

- Баршылық қой.

- Әкесімен айтысқан қалай болады екен?

- Тоқсаныншы жылдардың басында Сыр елінде Манап Көкенов баласы Әбдікәрім Көкеновпен айтысқан екен. Қазақ көкпар тартысса да, әкесі мен баласы таласып, екі жаққа тартқан ғой. Айтыста да дәл солай. Мен бірақ әкемнен жеңіліп қалдым.

- Мамаң жеңген жоқ па?

- Мамам үнемі жеңісте ғой…

- Әкеңді жеңбегеніңе өкінішің бар сияқты…

- Жоқ, әкеммен айтысқаным үшін бақыттымын. Қуанбасам, өкінбеймін. Әкем айтыста бақандай 20 жыл тер төкті. Биліктен біраз қысым көрді. Әділетсіздік те көрді. Мен әкемді одан бетер асқақтату үшін де айтысқа келдім.

- Есімің Жандарбек Бегімбетовтің құрметіне қойылғанын білеміз. Сен ол кісі туралы не білесің?

- Ол кісінің көзін көрмедім. Бірақ ақындар әлі күнге адамгершілігін, өнерін, айтыстарын айтып жүреді. Кезінде Дәнеш Рақышев Жандарбек Бегімбетовтің дауысын естіп «Кененнің жас кезіндегі дауысы осындай болған шығар» депті. Жандарбек ағаның анасынан бата алғанмын.

- Жақсы әкенің абыройы балаға азық бола ма екен?

- Жүрсін ағам «Мен біраз уақыт фамилияма жұмыс істедім, енді ол маған қызмет етсе деймін» деп еді. Мен «Айтақынның баласымын» деп мақтанбай, әкем «Жандарбек менің балам» деп мақтанатын халге жетсе деймін. Оның үстіне, айтыс ақыны қанша атақты болса да, оның атағы қарапайым тыңдаушылары үшін ғана. Ал жоғары жақтағыларға, айтыс көрмейтіндерге біз ешкім де емеспіз. Ісің түсіп, кейбіреуінің алдына барсаң, «Айтыскер ақын деген кім?» деп емес, «Айтыскер ақын деген не?» деп сұрайтындар бар.

- Ішіңде бір қыжыл бар…

- Бар, әрине. Айтыс ақындарының бірі — мұғалім, бірі — асаба. Жалпы, айтыс ақындары қаңғырып кетті. Мысалы, көз алдыңда адам өліп бара жатса, аман алып қалу үшін амал қыласың ғой. Ал көз алдымызда ұлттық өнер өліп бара жатыр, ешкім үндемейді. Қазақ тілінің қаймағы айтыста емес пе? Айтысқа тыйым салып, ана тілді дамытам деу — гүлдің жапырағына су құйып, тамырын кесіп тастағанмен бірдей. Бұл бүкіл қазақтың қыжылы болу керек. Тек Жүрсін Ерманов қана басын бәйгеге тігіп, шапқылап жүр. Қазақтың өнері тек соған керектей… Баяғыда екі ақын айтысып, біреуіне қиянат жасалса, залдағылар айқай-шу шығарып, арты төбелеске ұласатын жағдайлар болған. Қазір бір ақынға емес, ұлттың өнеріне қиянат жасалып отыр. Бірақ ешкім үндемейді. Ал керісінше, айтысқа тігілген жүлделерге күйіп-пісетіндер жеткілікті. Содан мемлекет ешқандай шығын көрмейді. Халықтың қазынасына қол сұғып жатқан да ешкім жоқ. Бірақ «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, «айтыскерлер жарты сағат отырып, ақша-машина алып жатыр» деп байбалам салады.

- «Айқынның» оқырмандарына айтарың бар ма?

- Қында қалған қылыштай тіліміз бар,

Шыңғырып шармауда тұр жырымыз дәл.

Айтыс жоқта, көңілге медеу қылып,

«Айқыннан» бізді көре тұрыңыздар.

Тура би


Жүрсін ЕРМАНОВ: МАМАСЫ ЖЕҢДІ

- Әкесі «балам жеңді» дейді, баласы «Әкем жеңді» дейді. Сіз айтыңызшы, екеуінің қайсысы жеңді?

- Мамасы жеңді. Оны баласы айтты ғой. 25 жылдан астам айтыспен айналысып жүрмін. Талай айтыстар болып жатыр. Соның ішінде Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтардың айтысы көркемдік дәрежесі, саяси өткірлігі, тереңдігі, жарасымы, өткен заман мен бұ заманды теңдестіруі, салыстыруы арқылы айтқан уәждері жоғары дәрежеде деп санаймын. Әкесі мен баласы ұрпақ пен ұрпақты байланыстыра отырып, қоғамға қажетті көп пікірлерді ортаға салды. Мәселе кімнің жеңгенінде емес, айтыстың сапасында. Көптен бері болмаған, жақсы айтыс болды.


 Айқын газеті

Пікірлер