Жамбылдық «Жас сарбаз» қозғалысының қатарына артып келеді

3005
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі жастар-еліміздің ертеңі. Тәуелсіз еліміздің болашағының баянды, келешігінің кемел болуы жастарға тікелей байланысты. Сол себепті елдің ертеңгі үміттерін жеке бастың емес, елдің қамын жейтін ұлтжанды, рухшыл ұрпақ етіп тәрбиелеудің маңыздылығы ерекше. Бүгінгі таңда елімізде мектеп қабырғасынан бастап патриоттық тәрбие беру, ұлттық мүддені бәрінен де биік қоятын ұрпақ тәрбиелеу мақсатында аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Әсіресе осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен өз жұмысын бастаған «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысы аз уақытта ауқымды жұмыстар жасап, оң нәтижелер көрсете бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тиянақты тапсырмасына сай бүгінгі таңда еліміздің барлық аймағында «Жас сарбаз» қозғалысының филиалдары ашылды. Аймақтардағы филиалдардың қай-қайсының болмасын жұмысына зер салсаңыз, шынымен-ақ жалынды жастардың ауыз толтырып айтарлықтай игі істердің басында жүргенін аңғарамыз. Сонымен қатар мектеп оқушыларының қозғалыс жұмысына қызығушылығы өте жоғары екенін байқауға болады. Мысалы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дулат Абдусамиттің айтуынша, қазірдің өзінде облыста қозғалыстың 13 500 мүшесі бар екен.

«Қазір елімізде жастарға патриоттық тәрбие беріп, елін, жерін сүйетін азаматтарды қалыптастыруға айрықша назар аударуда. Осы орайда «Жас сарбаз» қозғалысы бүгінгі күннің күн тәртібінде тұрған мәселе бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Әрине қозғалыстың ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Дегенмен аз ғана уақыттың ішінде қозғалыс жұмысы бір жүйеге түсіп, өз жолын тапты деуге болады. Атқарылған жұмыс аз емес. Бірақ атқаратын жұмыс одан да көп. Сол себепті алдағы уақытта қозғалыс мүшелері артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтере біліп, бар мүмкіндіктерін көрсетуге тырысатын болады, – деген Дулат Ержанұлы қазіргі таңда облыстағы білім ошақтарында, жоғары оқу орындарында, колледждерде түрлі бағыттағы кездесулер өткізіліп жатқанын айтады. Облыстық филиалдың келесі жылға жоспары да ауқымды.

Сондай-ақ Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатов көп жағдайда барлық мәселе ақшаға байланысты екенін, сол себепті де келесі жылы филиал жұмысын жүйелеуге 2 миллион теңге бөлу жоспарда екенін айтады.

Ең бастысы, жауапты басшылар «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысы жұмысының аса жауапты екенін түсініп, қолдау көрсетуде. Сөзіміздің дәлелі облыстық филиалға арнайы ғимарат беріп, керек-жарақтарымен толықтай қамтамасыз етіп берген.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер