Зейнетақы жинағымыз тиын болып қалмасын

3282
Adyrna.kz Telegram

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 170 млрд теңге Қазақстан теміржолының құнды қағаздарын сатып алуға берілді. Бұл қаржыны Қазақстан теміржолы БЖЗҚ 15 жылға алып отыр. Сыйақы мөлшерлемесі 11,5 пайыз.

Бұдан бөлек былтырғы жылы зейнетақы жинағымыздың 450 млрд теңгесі «ҚазАгро» холдингіне берілді. Бұл бөлінген қаржыны «ҚазАгро» холдингі жыл сайын 10 пайыздық үстеме төлей отырып, 15 жылдың ішінде зейнетақы қорына қайтарып беретін болады. Ұлттық қорды басқару кеңесі мамандарының пайымдауынша, бөлінген қаржы ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін азайтуға, ауыл шаруашылығына арзан несие беруге, валюталық тәуекелдердің азаюуына көмектесеті.

Бұған қоса, былтырғы жылдан бері банктер мен қазақстандық корпоративтік эмитенттерге БЖЗҚ-нан 200 миллиард теңгеге дейін инвестиция салу жоспарланып отыр.

Жалпы, екінші деңгейлі банктерге ірі-ірі жобаларды қаржыландыру мақсатында да зейнетақы қорынан бұған дейін де қаржы бөлініп келді.  Әйтсе де сала мамандары зейнетақы қорындағы қаржыны салаларды дамытуға  бөлуде баса назар аударатын жайттардың бар екенін алға тартты.

Ауыл шаруашылығы саласын зерттеп жүрген мамандардың байыптауынша, қазірде екінші деңгейлі банктерден және шағын қаржы ұйымдарынан несие алып оны өтей алмай жүрген шаруалардың көрсеткіші 74 пайызға жеткен. Бұл ретте «Барометр» талдау орталығының қаржыгері Арман Мусиннің айтуынша, бізге болашақта шаруаларды қаржыландыруға жаңаша леп енгізу қажет.

«Қазір екінші деңгейлі банктерге, шағын қаржы ұйымдарына борышкер шаруалардың саны артқан. Кезінде 2010 жылдары екінші деңгейлі банктер шаруаларға 3,8 пайызбен 10 жылға несие беріп келді. Ал 2017 жылдан бастап банктер 5,5 пайызбен несие ұсына бастады. Бастапқыда мұндай несиені шаруалар тарпа бас салғанымен, қазір қайтаруға қиналып жатыр. Себебі агронесие өте тәуекелі көп жүйе. Несие алғанда шаруалар егіннен түсетін пайдаға сеніп несие рәсімдейді. Енді бірі мақтадан түсетін түсімге сенеді. Келесі бір мал басының өсіміне сенеді. Түсімдері азайып, керісінше, шығын көбейіп кетсе, шаруаларға несиені төлеу қиын болады. Сондықтан бұл арада осындай тәуекелдерді де ескеру керек. Өз басым «ҚазАгро» осындай жайттарды ескеріп алып барып қана зейнетақы қорынан бөлінген қаржыны тиісті жеріне жеткізеді деп ойлаймын. Болашақта шаруаларға берілетін несие көлемін 3,2-3,5 пайызға түсіру қажет деп есептеймін. Осылай болатын болса, шаруалар да несие алу тәуекелінен қорықпайтын болады»,-дейді қаржыгер Арман Мусин.

Қаржыгердің айтуынша, бізде кезінде «Агронесие» корпорацяисы құрылған кезде ауыл арзан несиемен қамтылады деген үміт басым болған. Өкінішке қарай, бұл корпорацияның капиталы аз болды. «Корпорация тек санаулы жобаларды ғана қаржыландыра алды. Алдағы уақытта «ҚазАгро» осы жайттарды да ескергені жөн» дейді маман.

«Агронесие корпорациясы ауыл шаруашылығы саласы бойынша үлкен үлкен жобаларды несиелендіре алмады. Аталмыш корпорация арқылы бірлестіктерге берілген несиенің көлемі аз болды. «Агронесие» бар-жоғы 30-35 жобаны ғана қаржыландыра алды. Болашақта «ҚазАгро» осы олқылықтың орнын толтырып, ауыл шаруашылығына қатысты ірі-ірі жобаларды қаржыландыра алса жөн болар еді»,-деді маман.

Ал енді халықтың жинаған зейнет жинағын теміржол саласына бөлігу қатысты мамандар «зейнетақы қорындағы қаражатты ауыл шаруашылығына емес, елдің инфрақұрылымын, инновациялық әлеуетін дамытуға салудың әлдеқайда тиімдірек. Сондықтан бұл арада берілген қаржыға нақты бақылау болуы керек» дейді.

Мәселен, экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, қордағы қаржыны ұлттық экономиканы дамытуға бөлген дұрыс еді.

«Зейнетақы қорындағы қаржыны ұлттық экономикаға серпін беріп, қарқынды жұмыс істеп тұрған салаларға салу керек. Отандық өнім өндіруші салаларға, инновациялық бағытты ұстанған салаға, инфрақұрылымды дамытатын салаларға қаржы берудің жемісі бар деп ойлаймын. Ал ауыл шаруашылығы саласына салынған қаржы қайту үшін үкіметтің кепілдігі болуы керек деп есептеймін. Онсыз бұл қаржы желге кеткенмен тең. Сол тәрізді теміржол саласы да экономиканың локомативі. Дегенмен, кейінгі жылдары бұл салаға қатысты жақсы пікірлер айтыла қоймайды. Заңсыздық көп. Сондықтан теміржолға бөлінген қаржыны да қатаң бақылауға алу қажет. Олай етпесек, біз күні ертең халықтың жиған зейнетақысын желге ұшырамыз. Қазір Қазақстандағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 9 трлнға жуық теңге бар. Әрине, бұл қаржы қорда текке жатқан жоқ. Аталмыш қаражат экономиканың белгілі бір салаларын қолдауға жұмсалып тұрады. Мәселен, 2017 жылы зейнетақы қорынан 50 млрд теңге алынып,  теміржол саласын жаңғыртуға жұмсалса, 2018 жылы 300 млрд теңге көлемінде қаржы экономикалық жобаларды қаржыландыру мақсатында екінші деңгейлі банктерге беріле бастады. Бірақ әзірге жаңғырып, дамып кеткен, нақты жұмысын жолға қойып алған салалар қайсы?! Теміржолдың жайын барлығымыз біліп отырмыз. Сондықтан бұл арада берілген қаржы қайтымды болуы үшін мемлекеттік бақылауды күшейткен абзал. Бақылау болмай, заң түзелмей іс өнбейді»,-деді ғалым.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, бізде ең төменгі зейнетақы 28, 284 теңге. Атаулы әлеуметтік төлем 16 мың теңгенің айналасында. Мұны ескерсек, бізде жағдайы төмен бұқараны өзін дамытуы үшін, әлеуметтік қолдау үшін қосымша қаражат керек екені даусыз. Болашақта біз жұмыспен қамту, шағын өнідіріс орындарын ашу жайын шеше алсақ, бұл қаражат өзінен өзі жұмыс істей бастайды. Сондықтан алдағы уақытта халықтың зейнетақы қорындағы қаржысы құнсызданып кетпеуі үшін алдымен қолда бар қаржыны отандық өндіріске, өнім шығаруды дамытуға, халықты жұмыспен қамтитын салаларға бөлуді қарастырған абзал.

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер