Қазақстандықтардың банктерге қарызы 7 трлнға жетті, ал бұл қаншалықты қауіпті?

4639
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың үштен бірі банктерге қарыз. Ал бұл экономика үшін қауіпті. Сала мамандары «несиені оңды-солды тарата беруді осыдан 10 жыл бұрын қысқарту керек еді» деп отыр.

Еліміздегі бірінші кредиттік бюроның есебінше, 2019 жылдың III тоқсан  қорытындысы бойынша, жеке тұлғалардың несие бойынша берешегінің жалпы көлемі  өткен тоқсанмен салыстырғанда 7 триллион теңгеге жеткен.

Жыл басынан бері несие алу көрсеткіші нарық 16 пайызға өскен. Несие келісім-шарттарының қатары артып, қазіргі кезде жеке тұлғалармен жасалған несие келісім-шарттарының саны 13 миллионнан асып кеткен.

2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, несие портфелінің құрылымында 26,3 пайызы – ипотекалық несие болса, кепілсіз тұтынушылық несие  53,2%-ды құрайды. Ал кепіл талап етілетін несие үлесі төмендеп келеді, 11,3%-дан 10,3%-ға азайған. Берілген несиенің 7,4 пайызы автонесие болса, несие карталарының үлесі 2,8 пайызды құрайды.

Қазақстандықтар несиенің 95 пайызын екінші деңгейлі банктерден алған, қалған 5 пайызы  – шағын қаржы ұйымдары, онлайн-несие компанияларының үлесі.

Жалпы,  несие нарығына қатысты сала мамандаррының айтуынша, қазір елде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам болса, олардың 6,1 млнға жуығының мойнында несиесі бар. Бұл - елдегі әр үшінші адамның банк алдында қарызы бар екенін көрсетеді. Ал несие алушылардың 2 млннан астамы алған қарыздарын қайтара алмай банктердегі проблемалық несие  қорын көбейтіп отыр.

Несие жүйесіне қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов, несиеге 24-28% үстеме қосу, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу Қазақстанда ғана бар үрдіс екенін алға тартты. Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, біздегі банктердің ұстанып отырған саясаты дамыған елдердің тәжірибесінен әлдеқашан алынып тасталған.

Экономист-ғалым Жұмаділда БАяхметовтың пайымдауынша, біз осы уақытқа дейін Үкіметтен қолдау қаржы бөліп банктерді демеп келдік. Енді Үкімет қарапайым халықтың жайын ойласа банктерден пайыздық үстемені түсіруді талап ету керек.

«2004-2005 жылдары шетелдің қаржы институттары Қазақстандағы банктерге 2 пайызбен қарыз бере бастады. Біздегі банктер сол 2 пайызбен алған қарыздарын халыққа 22-24-28 пайызбен несиеге берді. Осындай жауапсыз саясат жүргізу арқылы банктер 10-12 есе пайда көреміз деп ойлады. Бірақ 2008-2009 жылдарғы дағдарыс кезінде банктердің проблемалы несие портфелі өсе түсті. Жеке тұлғалар алған қарыздарын қайтара алмай бірқатар банктер дағдарысқа кетті. Қазір елдегі қайтарылмаған несиелер көлемі 3 трлн теңгеге жетті. Бұл банктер үшін өте қауіпті жайт. Проблемалы несие ол экономикаға ықпалын тигізеді. Егер халықтың банктен алған несиесі уақытылы қайтарылмаса экономиканың банктер арқылы қаржыландырылатын белгілі бір салалары тоқырайды.  Жалпы, экономикаға бөлінетін қаржы 20 трлн теңге болса, біз оның 16 трлн теңгесін банктерге береді екенбіз. Ал банктер қарапайым тұтынушылардың қалтасын қағып отыр. Осыған салсақ, банктерде проблемалы несие қорының болуы бұл дамуға тұсау салатын қауіп»,- дейді Жұмаділда Баяхметов.

Осы орайда қаржыгер Арман Мусин:

«Қазір елдегі банктер кез келген тұтынушыны «тонап алып» қоя береді. Несие аламын десе, несиесінен комиссиялық төлемді бір ұстайды, сақтандыру компаниясының қызметін бір ұстайды. Сосын халық қолына діттеген сомасын ала алмай дал болып қайтады. «Сақтандыру қызметі қымбат, мен басқаша сақтандырамын» десе, оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біз осы саланы алдық та, жеке адамдардың қолына бердік. Ол жекешеленген банктер, әлбетте, халықтың мүддесін көздеген жоқ. Олар тек жекелеп баюды, ондағы басшылар өз қазыналарын қомақты етуді ғана ойлады»,-дейді.

Мамандардың пайымынша, қазақстандықтардың үштен бірінің банктерге қарыс болуы бұл экономика үшін де қауіпті.

«Негізі Ұлттық банктен қаржыны алғанда екінші деңгейлі банктер 9 пайызбен алады. Ал өздері халыққа 20-22-28 пайызбен несие береді. Оның артында несиені қайтара алмай халық шырылдайды да, жағымсыз несие қоржыны көбейе береді. Сондықтан бұл арада халықтың жайына да қарау керек. Банктер қысылтаяң кезде Үкіметтен қолдау қаржы көмек сұрайды. Оларды демеу үшін Үкімет талай мәрте қолдау қаржы бөлді. Бірақ банктер халыққа тиімді операциялар жасап отырған жоқ. Сондықтан болашақта  банктерге халыққа тиімді қызмет көрсетуге қатысты жеке тұлғаларға арналған несие пайызын төмендетуді нақты-нақты сұрау керек»,-деді қаржыгер Арман Мусин.

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер