Саида Мирзиёева: Әкешім, диктатурадан бас тартыңыз!

4396
Adyrna.kz Telegram

Интернет иірімін шарлап кеткен осы хат Өзбекстан президентінің қызына тиесілі дейді. Ендеше оқып шығып, анық-қанығына көз жүгіртіңіздер.

ӨЗБЕКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ МИРЗИЁЕВТІҢ ҮЛКЕН ҚЫЗЫ САИДА МИРЗИЁЕВАНЫҢ ӘКЕСІНЕ ЖОЛДАУЫ.

Президент Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы Саиданың көзіндегі мұңды кім көрді? Ол жақын күндері ұлы Миромонмен Ташкентте өтіп жатқан қайсыбір суретшінің көрмесінде жүргенінде көздерінде қандай да бір терең мұң, қайғы бар еді.
Айтуларына қарағанда Саида демалыс күндерін сылтауратып үш күн үйінде болмаған. Шешесіне қышлаққа барып, ондағы қарапайым халықтың тұрмыс жағдайларымен танысамын деген желеумен, әкесінен рұқсат әперуін өтінеді. Әкесінің рұқсатын алған Саида Мирзиёева бұл үш күнін экс президент Ислам Каримовтың түрмеде жатқан үлкен қызы Гүлнара Каримованың қасында өткізеді.
Сол үш күн ішінде түрмеде жатып көрген-білгенінің бәрін ой елегінен өткізіп, әкесіне төмендегі мазмұнда жолдау жазады:
- Әкешім! Ислам Каримов аяқ астынан қайтыс болып, Сіз президент болғаныңызда анам, мен және сіңілім, жалпы біздің отбасымыз бақыттан басымыз айналып, көкте ұшып жүргендей әсерде болдық. Себебі бір күннің ішінде біз Өзбекстанның ең күшті, ең бақытты отбасына айналып шыға келдік.
Не істеп, не қоярымызды білмей қалдық. Ең қымбат киімнің қайсысын киюді, ең қымбат әшекейлердің қайсысын тағарымызды білмей дал болдық. Соның арасында Сіз мені және сіңілім Шахнозаны жоғары лауазымды жұмыстарға қойдыңыз. Көпшіліктің назары Сізге және біздің отбасымызға қарай ауды. Президент болғаныңыздан кейін күнде кешке жанұямызбен "Ахборот" бағдарламасының жаңалықтарын көруді әдетке айналдырдық. Теледидардан басынан аяғына дейін "Аса құрметті президентіміз былай деп айтты, сүйікті президентіміз мынадай тапсырма берді "-деген сияқты Сізге қаратыла айтылған мақтауларды есітіп төбеміз көкке жететін еді. Теледидар қарап отырып көзімнің қиығымен өзіңіз жаққа қарағанымда осы айтылып жатқан мақтаулардың бәрі Сіздің жаныңызға жағып жатқанын сезетінмін. Бәріміз де елдегі әйгілі адамдар ретінде таныла бастадық. Мен өзім әлеуметтік желілерде Өзбекстанның жаңа ханшайымы ретінде танымал болдым. Сол үшін бір орында тұрмай, әрқашан елдің назарын өзіме аудартуға тырысып бақтым. Бір күні әлеуметтік желіден бір пайдаланушының "Келешекте Саида Мирзиёеваның тағдыры Гүлнара Каримованың тағдырын қайталауы мүмкін"-деген пікірін оқып қалдым.
Әлгі пайдаланушының пікірін оқып, төбе шашым тік тұрды, көзім қанталап қабылдауыңызға барып пікір жазған адамды жердің астынан болса да тауып, өлтіріп жібертіңіз деп айтпақшы болдым. Бірақ көңілім алай-дүлей болып ішімнен: "сонда қалай?, сонда қалай болғаны?"-дей беріппін. Әлгі әлеуметтік желіні пайдаланушының "Шавквт Мирзиёев Ислам Каримов сияқты елді ұзақ басқара алмайды. Егер осы кетісі болса өзі де, отбасы да Каримовтың жанұясының тағдырын қайталауы мүмкін"- деп пікір жазған еді. "Сонда мен де әкем президенттіктен кеткеннен кейін Гүлнара Каримованың кебін киіп, өмірімнің қалғанын түрмеде өткіземін бе? Менің сүйікті ұлым - Миромон Ислам Каримовтың немересі кіші Ислам Каримов сияқты шетелде қашып-пысып қаңғырып қала ма?"-деген ой жанымды жегідей жеді. Содан кейін менің жүзімнен президенттің үлкен қызы деген бақыттың нышаны кетті, бірақ өзімді дүниедегі ең бақытты әйел ретінде көрсетуге мәжбүрледім. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Себебі көз алдымнан түрмеде жатқан Гүлнара Каримованың сұлбасы кетпей қойды.
Мен анама "Қаланың тірлігінен шаршадым, әкемнен рұқсат алып беріңіз, ауыл тұрмысымен танысып қайтайын"-деп қолқа салдым. Сіздің рұқсатыңызды алғаннан соң күйеу балаңызға мені Гүлнара Каримова жатқан түрмеге алып барып, онымен кездестіруін өтіндім. Ол кісі келісіп, мені Гүлнара Каримова жатқан түрмеге әкелді. Гүлнара апаға таққан жаңа айыптаулардан кейін оның жалғыз өзін жеке камераға ауыстырған екен. Мен басыма парик киіп кірген болатынмын. Алғашында Гүлнара апа мені танымады, басымдағы парикті шешкеннен соң "Саида, Саида сіз бе?"-деп боздаған күйі мойныма асыла кетті. Мен қолымдағы парикпен оның ауызын басып, дауыс шығармауын, менің келгенімді ешкімнің білмеуі керектігін айттым. Сосын шамалы тынышталды. Біз орыс тілінде сөйлестік. "Саида, сіз мені құтқаруға келдіңіз бе?"- деді. "Мен бұл жерге сіздің жағдайыңызға түспейін деп, сіз сияқты өмірімнің қалғанын түрмеде өткізбейін деп, сіздің тағдырыңызды қайталамайын деп. Сізден ақыл-кеңес сұрайын деп. Осы жағдайға түсуіңізге не себеп болғанын сұрайын деп келдім. Егер сіз маған бәрін жасырмай, тек ақиқатты айтатын болсаңыз мен әкеме айтып, көмектесуге әрекет етіп көремін"-дедім.
Әкешім! Сіз сол кезде Гүлнара Каримованың не дегенін білесіз бе? "Диктатор әкем Ислам Каримовке лағынет жаусын!". Оның бұл сөздері менің жүрегіме қанжар болып қадалды.
Мен оған "Гүлнара апа, қойыңыз олай демеңіз. Адам өз ата-анасын қарғай ма екен"-деп едім ол тағы да: "Менің әке-шешеме лағынеттер жаусын"-деді. Менің осы жағдайға жетуіме солар кіналі. Әкем ылғи да сіңілім Лола екеумізді бір-бірімізге қарсы қоятын. Қит етсе "әне Гүлнара сенен жақсы, саған қарағанда жақсы оқиды, ақылды"-деп нәтижесінде екеумізді бір-бірімізге жау қылып қойды. Әкем президент болғаннан кейін менің қарсы болғаныма қарамастан Ауғанстанның бір бай өзбегінің баласына күйеуге берді. Өмірім өмір болмады. Ақыры ажырасып кеттік. Әкем өз айыбын біліп менің бетімнен қақпай Өзбекстанның ханшайымы болуыма толық жол ашты. Шетелге халықтың және мемлекеттің қаржысын, қымбат металдарын алып кетуіме толық мүмкіндік жасап берді. Швейцариядағы вилламды да әкем мен үшін сатып алды. Мен жанұялық бақытсыздығымды байлық пен той-думан, ләззатты өмір сүріп ұмытқым келді. Ешкім мысығыма "кіш" деп айта алмайтын еді ол кездері. Айтқаным айтқан, дегенім деген. Бір ақымақ әйелдің қиялына не келсе, соның бәрін істедім. Әкемнің бұның бәрінен хабары болды, бірақ үндемеді. Әкеме бір емес, мың лағынет жаусын! Ол залым диктатор еді. Ол жалғыз мені емес, бүкіл Өзбекстан халқын бақытсыз етті, кедей етті! Өзбекстанды ойыншыққа айналдырды. Өзі қүрған ҰҚҚ (ұлттық қауіпсіздік қызметі) қылмыстық мекемесін адамдарды жазалау машинасына айналдырды". Мен Гүлнара ападан "Осы істегендеріңіз үшін өкінесіз бе?"-дедім, ол "иә, өкінемін. Бірақ енді оның пайдасы жоқ"-деді. Сөйтіп мен үш күнімді Гүлнара Каримова жатқан түрмеде өткіздім. Оның камерасында жататын жалғыз төсек орын болғандықтан екеуміз кезектесіп жатып ұйықтадық. Мен ол ұйықтап жатқанда өзімнің болашағымды көрдім. Әлі жасы елуге жетпеген әйел менің көзіме қартайып алжып, есінен ауысқан мыстан кемпір болып көрінді. Әкешім, Сіздің болашағыңыз өзіңіз ұстаз тұтқан Ислам Каримовтың болашағындай, менің болашағым Гүлнара Каримованың болашағындай бола ма? Әкежан, бұл дегеніңіз азап қой. Бұл дегеніңіз Сіз, мен бүкіл әулетіміз, мемлекетіміз, халқымыз үшін үлкен жойқын апат қой! Бір күні бастығымнан "Өзбекстанда неге сөз және баспасөз еркіндігі жоқ"-деп сұрадым. Ол кісі үлкен айып жасаған адам сияқты қиналып, сұрағыма жауап бере алмады. Әкешім, Өзбекстанда сөз және баспасөз еркіндігі жоқ екендігі ақиқат қой. Сіз президент болған кезде үй-ішімізбен теледидардан жаңалықтарды бірге көретінбіз, "президентіміз, президентіміз" деген сөздер құлақты сарсытып біткені рас қой. Енді келіп өз үйімізде "Ахборот" жаңалықтарын көрмей қойғанымызды халықтан жасырып қайтеміз, әкешім?! Сіздің саяси реформа жүргізбей жатқаныңыз, сайлаудың әділ өтпей жатқандығы, "Олий мажлиске" сізге ыңғайлы жандардың сайланып жатқандығы ақиқат қой, Өзбекстанда Каримовтың дәуіріндегідей мұсылмандарға қарсы әртүрлі шаралар жасалып жатқандығы, мұсылман әйелдердің бастарынан хиджапты күшпен сыпырып алып жатқандары рас қой, әкежаным! Миллиндаған өзбектің күн көрістің қамымен шет елде жүргенін былай қойғанда тағы миллиондаған адам жұмыссыздықтың, күн сайын ышқынып бара жатқан қымбатшылықтың кесірінен қоржындарын түйіп, жұмыс іздеп шетел кетейін деп жүргенінен бәрінің де хабары бар ғой. Әкешім, мен түрмеде Гүлнара Каримованың қасында үш күн жатып, көзім шайдай ашылды. Шындықтың бәрін түсіндім. Егер Сіз Каримов сияқты диктатор болатын болсаңыз халқымыз және мемлекетіміздің құрдымға кетерін қазірден көріп тұрмын. Егер осы кетісі болса Қытайдың Замбияны сатып алғаны сияқты, Өзбекстанды да сатып алуына еш күманданбаймын. Одан кейін байғұс өзбек халқының басына қазіргі ұйғыр халқының басына түскен қаралы күн туса біз не деген адам болып қаламыз, әкетайым?! Әкешім, бала күнімнен мойныңызға асылып, бетіңізден сүйгенді жақсы көретінімді өзіңіз білесіз. Өмір бойы өзіңізге солай еркелеп, ардақтап өтсем деймін. Күндердің күнінде мен Гүлнара Каримованың өз әкесін қарғағаны сияқты Сізге лағынет жаудыруды мүлдем қаламаймын. Сіз президенттіктен кеткен соң өмірімнің түрмеде шіруін қаламаймын, әкешім. Әкешім, сүйікті немереңіз Миромонның, жалпы жанұя мүшелеріміздің түрмеде немесе шетелде қашып, қаңғырып жүргенін қаламаймын. Келешекте басымызға осындай азапты күндер түспесін десеңіз осы бастан диктатурадан бас тартыңыз, ӘКЕШІМ! ДИКТАТУРАДАН бас тартыңыз, ӘКЕШІМ!

ҚҰРМЕТПЕН ҚЫЗЫҢЫЗ САИДА.

Пікірлер