Абайдың көпке мәлім «Қансонарда бүркітші шығады аңға…» деп басталатын өлеңінің көркемдік-эстетикалық қасиеті оқырманның да, абайтанушылардың да лайықты бағасына ие болған. Табиғат пен адамның ажырамас бүтін-бірлігі мұндай кемел суреттелген жалғыз өлеңімен ғана талай ақын тарихта қалар еді. Тіпті, табиғат лирикасы дегеннен гөрі көргіш, сезгіш, ой қорытқыш ұшқыр қиял иесі әр адамның көңіл күйін тереңнен тартып, жалаңаштай, жарқырата көрсетудің ғажайып үлгісі осындай. Абайдың өзі айтатындай: «Ескі бише бос мақалдаған» емес, түзелген сөз, тыңдаушыны түзейтін сөз.
Тек «іші ғана алтын» емес, «сырты да алтын», мазмұны мен түрі бірін-бірі жақтап, толықтырып тұрған бейнелі сөз өрнегі мен түр тұтастығы. Ақындықтың айрықша ерекшелігі Абайдың сөзімен айтсақ:
Қуаты оттай бұрқырап,
Уәзінге өлшеп тізілген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап,
Көк бұлттан үзілген,
Қайран тіл, қайран сөз…
екен. Ақынның осындай шабытты шағында туған «Қансонарда бүркітші шығады аңға…» деп басталатын өлеңінің жөні бөлек. Неге бөлек? Оның жауабын іздеу мұратымыз да, мақсұтымыз да емес, егер осы өлеңнің тағы бір нұсқасы болмаса. Және ол нұсқасы ақынның көзі тірісінде тасқа басылып, жұртқа тарамаса.
Ол 1897 жылы Қазан қаласында басылған «Князь білән Зағипа» қиссасының мәтінінен табылған. Анықтап, көпшілік назарына ұсынған. Ү.Сүбханбердина, түсінік берген профессор М.Мырзахметов[1].
Абайтану үшін қызығарлық маңызы бар бұл бұл мәтін туралы қандай да пікір айту үшін, алдымен, оны қазіргі бізге мәлім нұсқасымен[2] салыстыра отырып, айырмаларын талдап шығу керек.
Хиссадағы нұсқаны — Хиссада, жинақтағыны — Жинақта деп алдық.
Хиссада: Бүркітші қансонарда шығады аңға.
Жинақта: Қансонарда бүркітші шығады аңға.
Сөз ауысулары бар. Әуелі қансонарда кім аңға шығады десе, жинақта:
Қансонарда бүркітші шығады аңға, -
деп келеді. Айтылар ойдың бас-аяғы бүтін, екі нұсқада да бірдей. Тек, жинақта бірден экспрессия, екпін қысы-жазы құс салып жүрген аңшы емес, қансонардағы бүркітшінің қимыл-құбылысы туралы. Екінші жол да солай:
Жинақта: Тастан түлкі табылар аңдығанға,
Хиссада: Табылар тастан түлкі аңдығанға.
Үшінші жолдағы өзгеріс те осы сипатта.
Хиссада: Жүйрік ат, тату жолдас бір ғанимат,
Жарасар ықшам киім аңшы адамға
Жинақта: Жақсы атпен тату жолдас бір ғанибет
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға
Жинақтағы сөздердің салмағы артығырақ. Айталық, жүйрік аттың бәрі жақсы атөлшеміне тола бермейді, екіншіден, ықшам киімнің аңшыға жарасатыны: жүйрік ат, тату жолдас, ықшам киім үшеуінің аңшы адамға ғанибеттігі жинақта қосақталып бір-ақ берілген. Жарасар деген сөздің орнына ықшам киімнің әрі ыңғайлы болуы үстемелеп көрсетілген.
Хиссадағы: Табылар салаң етіп қашқан ізі,
Сымпаң қағып жылғадан із алғанда.
Бүркітші тау басында қағушы ойда,
Ізінің бетін түзеп аңғарғанға
Жинақтағы: Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда
Бұркітші тау басында қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанға
«Салаң етіп» қашқан — түлкі. Түлкінің ұзын құйрығы салаңдап бара жатады,- дейді қазақ. Ал, «қайтқан із» бен «қашқан іздің» мағынасы бірдей емес. «Қайтқан із» аңшылар келмей тұрып, түлкі оларды көрместен бұрын салынған із. Едәуір уақыт алшақтығын көрсетеді. Ал, «қашқан із» жаңа ғана, осы аңшылардың дабысын естіп, немесе өздерін көріп қалып, жылыстаған түлкінің ізі. Реңкі бөлек, мағынасы бірдей, айырмашылығын көрсеттік.
Хиссада: Сымпаң қағып жылғадан із алғанда
Жинақта: Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бұл екі жолдың ортақ суреті жедел басып, атын сымпаң қақтырып келе жатқан аңшы және оның қар үстінен «із алуы» немесе «із шалуы», айырмашылығы — «жылғадан» немесе «сағадан» екендігі. Екеуі де аңға жасырынып келуді көрсетеді. «Жылға» бұғып келетін өзек, ойпаң болса, «саға» қылт етіп, оқысынан, төтесінен шыға келетін тұс. Екеуінде де аңшының сақ, шапшаң қимылы, көзінің шалымдылығы суреттеледі. Демек, бұлардың көтерген жүгі бірдей, өлең түзілімінде ешқандай кемшілігі жоқ. Тек «сағадан сымпың» деген аллитерация болмаса. Өлеңде мұндай болымсыз ғана элементтің өзі поэзиялық сипатты күшейтіп жіберетінін осы мысалдан көруге болады.
Хиссада: Ізінің бетін түзеп аңғарғанға.
Жинақта: Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Бірінші нұсқадағы «із» түлкінің ізі және оның бағыты екендігі аңшыға түсінікті болса да, кей оқырман ненің, кімнің ізі деп жаңылып қалуы мүмкін. Сондықтан, жинақ-тағы жолдың бас-аяғы бүтін деп есептейміз.
Хиссада: Тартқанда томағасын қыран бүркіт,
Қарайды сонда самғап бір қырымға.
Жинақта: Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Хиссадағы нұсқаның қай жағынан алса да, жинақ-тағыдан үздік екені кімге де болса түсінікті. «бір қырымнан» немесе бүркіттің томағасын түлкіден шалғай тұрып тарт-қанның өзінде, қыран құс көзі көріп, самғай жөнелді дегенге сенгің келсе де, мұндай шұбалаңқы сөйлемнен гөрі: Томағасын тарқаннан кейін қыран бүркіт самғап, ұша жөнелді де, төменге қарады десек, әрі ықшам, әрі көркем.
Хиссадағы: «Түлкі өрлеп төмен ұшсам қалады» деп,
Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға.
Жинақтағы: Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға.
Жинақтағы бірінші жол толық мағыналы екен.
Хиссадағы: Құтылмасын білген соң құр қашқанға,
Керіліп, көкке қарап секіреді.
Бұл түлкінің жанталасып, өзінің жауына қолынан келгенше жасаған қарсылық қайраты. Әрекет бар.
Жинақтағы: Құтылмасын білген соң құр қашқанға,
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға.
Түлкі нағыз қарсылық қимыл бастаған жоқ, бірақ қауіп төнсе, алысып көрмекке дайын. Осы арада, хиссада бар, жинақта жоқ:
Аспаннан қыран қомдап құйылғанда,
деген әдемі жолды көрсеткен дұрыс. Сондай-ақ, хиссада:
Екеуі жарқ-жұрқ етіп алыспай ма,
Шыққандай жеке батыр қан майданға.
деген жиынтық мағыналы арпалыс туралы айтылған екі жол жинақта екі тағының алысуы қимыл-әрекет үстінде, дыбыспен, түр-түспен көрсетілгені ұтымды-ақ.
Қанат-құйрық суылдап, ысқырады,
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ еіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Жинақта: Қар — аппақ, бүркіт — қара, түлкі — қызыл,
Ұқсайды хасса сұлу шомылғанға.
Хиссада: Бүркіт қара ақ қарда, түлкі қызыл,
Ұқсайды қыз бен жігіт жолғасқанға
«Бұл үзіндідегі эпитеттер де… инверсияның заңына сүйеніп жасалынған. …бұл жалаң эпитет, инверсия ғана емес, әрі шендестіру (антитеза). Суреттемек өмір құбылысын жайнақы, жарқын етіп беру үшін ақын поэтик тілдің үш түрінің бір жерге басын қосқан…»[3].
Қ.Жұмалиев айтқандай, түстерді шендестіру мұнда да бар. Бірақ инверсия осалдаған. Жайылма сөйлем түрінде түсінікті. Ал, өлеңдік көркемдік қуаты жағынан жинақтағыға есе бермейді.
Әсіресе, назар аударатынымыз осы екі үзіндідегі екінші жолдар, яғни:
Ұқсайды хасса сұлу шомылғанға.
Ұқсайды қыз бен жігіт жолғасқанға.
Қарамен берілген тіркестердің салмағы бірдей емес. Біріншісіндегі: хасса сұлуды қызға балап айтсақ, «Қар — аппақ… түлкі қызылға сиғызамыз…». Ал, жігіт яғни, «бүркіт қара» қайда қалады? Кемшіндігі көрініп тұр. Әңгіме түлкі алған бүркіттің сұлу қызға төсекте жігіт жолыққандай көрік-әсері туралы ғой. Сондықтан да жинақтағы мәтін:
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш…
…Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға,-
деп келеді ғой. Осылай пайымдасақ:
Ұқсайды хасса сұлу шомылғанға,
дегеннен гөрі:
Ұқсайды қыз бен жігіт жолғасқанға,-
дегеніміз түсінікке жеңіл сияқты-ау. Осы пікірімізді әрі қарай сабақтай отырып, екі мәтіндегі бір өзгешелік
Жинақтағы: Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда
деген жолдар мен
Хиссадағы: Аппақ бет, жалаңаш ет, құмырсқа бел,
Бауырыңа кіріп кетер қымтағанда,-
дегенді салыстырып көрсек, бірінші мысалдағы:
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда
Жай ғана жылтырақ бояулы сурет, бәлендей бір мазмұн жүгін көтеріп тұрмағаны байқалады. Бәлкім, сұлу қыздың бей-несін толықтыра түсуге керек болды дегеннің өзінде:
Бауырыңа кіріп кетер қымтағанда,-
деген жолдың орнын толтыра алмайды. Бұл толымсыз сөйлем қазіргі жинақтарда жоқ. Әрине, Абай поэзиясында тура баянда-май, тұспалдай айту, түсінік шылбырын оқырманға ұстата салу тәсілі жат еместігін мойындай тұрсақ та, бұл жолдың артық-шылығы көрініп тұр.
Осы жолдан кейін табиғи қисынымен ойды аяқтап, мұн-дай сұлу қыздың:
Ақыл, көрік, мінезі бірдей болса,
Бозбаланың арманы жоқ жалғанда,-
деген сөздер үйлесім тапқан. Жинақтарда бұл жолдар жоқ.
Бүркітшінің аңға шыққаны, із кескені, тапқаны, түлкіні «қағып» тастан шығарғаны, оған бүркіттің түскені — аңшылық-тың әдеттегі тізбекті жүйесі десек, ақын бір сәт осынау көріністі қызықтап, сол көріністен ғажайып сурет тауып, шабыт үстінде лирикалық шегініс жасады.
Үй тағысы мен түз тағысының адам үшін арпалысқан аяу-лы-аяусыз сәттерін аңқұмарлық құштар сезім жеңіп, ақын «қы-зыл түлкіні» «қара бүркіттің бүлк-бүлк еткізіп бауырына дәл басқан» көріністі адам әрекетімен баламалы етіп, қиял ауаны-мен нақты кеңістік пен уақыттан шығып кетеді. Жүйрік шабыт табиғат аясындағы бұл көріністен аң мен аң, адам мен адам арасындағы қимыл-әрекеттен әлдебір алып қашпа ассоциация туғызады. Аспандаған ақын қаламынан жоғарыдағы жолдар кестеленіп қағазға қонады. Қас-қағымда есін жиып алған ақын, қайтадан «жерге түседі».
Нақты көрініс. Көз алдыңда тағы да бүркіт пен түлкі.
Ол сурет
Жинақта: Құсы да иесіне қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанға.
Қиссада: Сонда бүркіт тойқаңдап әсемденер,
Алпыс екі хайлалы түлкі алғанға
Екі нұсқа да кем емес. Бірімен-бірі жарыса, бірін-бірі аша түсетін бейнелеу өрнегі.
Жинақтағы: «Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,-
Асты қарамен жазылған көсемше ойды тұйықтап тастайтындай көрінсе,
Хиссадағы: «Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдасар,
өлеңнің бір екпіндегі түзіліміне неғұрлым жарасатын сияқты. Мысалы, қылар, батысар, етер кетер, әсемденер — жымыңдасар — келер шақ тұлғасындағы етістіктер.
Хиссадағы нұсқаны жинақтағыдан асыра бағаламағанның өзінде, осындай жеке сөз қолданыстағы, теңеу, бояу ерекшелігі тұрғысынан ауыз тұшытатын мысалдар аз емес екен. Айталық,
Хиссада: Таудан жуа тергендей көп жиылса,
Құмарың бір тарқайды әр алғанда.
Жинақтағы: Таудан жиде тергендей ала берсе,
Құмарың бір тарқайды әр қанғанда,-
деген мәтіндердің екеуінің де өзіндік қадірі баршылық.
Біріншідегі «таудан жуа теру» — «Таудан жиде тергеннен» гөрі дәлірек. Жиде ойпаңнан, тіпті ағаш арасының жемісі — тауда болмаса керек. Бірақ, «тау жуасы» ұғымға ашық болғанымен жидеден гөрі ащы жемістер қатарына жатады.
Құмарың бір тарқайды әр алғанда.
«Әр алғандағы» бір сәттік, шашыранды, жеке-жеке құбылыс. Қара сөзге көшірсек, «әр алғанда құмарың бір тарқап қалады».
Ал, «Құмарың бір тарқайды әр алғанда» — жиынтық нәтиже, адамның өмірінде елеулі із қалдыратын жағымды, күрделі құбылыстардың қисынды жүйесі. Дәлірек айтқанда, «әр алған сайын құмарың бір тарқайды, құмарың әр қанған сайын бір жасайсың».
Поэзия тіліне тәптіштеу тән емес, бірақ сондығымен өлең сөздері түсініксіз немесе келте ұғым күйінде бола береді, десек, адасқандық. Сондықтан, осы екі қос жолда да біз күткен, іздеп отырған түсінік жеткілікті берілгенін айту — ләзім.
Жинақтағы: Сілке киіп, тымақты насыбайды
Бір атасың көңілің жайланғанда.
Адамның құмарлық сезімі тоят алып, құштарлдығы тиянақталып, соның алдындағы аласапыран көңіл, жүрек лүпілі мамыражай тыным тауып жайланған нағыз қазақтың мі-незі, де салты мен сәнін көз алдыңа келтіретін бояуы қанық, жиынтық сурет осындай. Бұл жолдар хиссадағы нұсқада жоқ. Олардың есесіне бұл жоқты басқаша, кең толғау, кере көрсетіп, қолға ұсталу машығына өтеуге талпыныс бар.
Қызық көрем жалғаннан деп ойласаң,
Бозбала қарамай шап жығылғанға
Кәдірі болмас көп сөздің көп мақтасаң,
Суретін біле алмассың көп бақпасаң.
Екі өлеңнің аяқталуы екі түрлі. Және де хиссада бүркітшіміз «бозбала», жинақта «жігіт» екендігі мәлім болады. Бұл арада біз ауыспалы мағынада айтып отырмыз. Өлең — біріншісінде бозбалаға арналса, екіншісінде оны есейтіп, жалпы түрде «жігіттер» деп алынған.
Басталуы, өрбуі, шығамдап шарықтауы бірдей шығарманың түйін-топшысы да бір сарында, бірақ басқа сөйлемдермен берілген. Айырмасы — жинақта бірінші жақтан, автордың өз басынан кешкен хал түрінде топшыланған:
Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға,
Бәрі де анық тұрмай ма, ойлағанда.
Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң.
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң.
Мұңы оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.
Хиссада:
Оқыса, бұл сөзімді құсшы оқысын,
Құс салып біле алмайсың дәм татпасаң.
Тимей ме көпілімнен айтқан сөзім
Бір ұстап әр сөзімді салмақтасаң
Насихат қып шығардым осы сөзді
Бозбала осыны ұқ, сөз таппасаң.
Айтар ой, оның түп-қазығы түгел. Үлгі-өнеге, насихат сипатында. Айырмашылыққа назар салсақ:
Жинақтағы:
Көкірегі сезімді көнілі ойлыға,
Бәрі де анық тұрмай ма, ойлағанда,-
деген жолдар жоқ. Реті келіп тұрғанда айта кету керек, осы екі жол өлеңдік жағынан едәуір ақсап жатқан сияқты. Әуелі, бірінші жолы — 13 буын, екінші жолы — 12 буын. Оқуға да, тыңдауға да жеңіл емес. Ойлыға, ойлағанда деген әр мағыналы сөздердің қайталануы басынан құйылып түскен өлең бұлағын сара бетінен бұрып жібергендей, кібіртік әсер қал-дырады.
«Құсшының» аңшы болып өзгеруінде де ұшқырлық байқалмайды. Аңшы көп те, құсшы — ерек өнер иесі. Құс салу қызығын құсшыдан артық кім көрген? Хиссадағы «құсшыға» жақтас екеніміз сондықтан.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінің бұл нұсқасын ғылыми айналымға енгізген М.Мырзахметовтың еңбегін атап өткен жөн. Көріп отырмыз, өзімізге мәлім нұсқаларды тамсана оқып, таңдана бергеннен гөрі Абай шығармаларының түрлі нұсқаларын салыстыра зерттеу абайтанудың жаңа өрістерін ашады екен.
Бұл мәтіннің өзгешелігі туралы М.Мырзахметовтың пікірлері мынадай: «Қисса авторы… көркемдік қуаты мол поэтикалық саз өрнектерін өзінше «өңдеп», «жаңа» жолдар қоспақ болған», «басым көпшілігі Абай сөзіне ұқсамайтын, жібекке жапсырған жамаудай бөтен сөз екені көрініп тұр».
Жоғарыда, екі мәтінді байыптап салыстырып, саралай отырып, зерттеуші М.Мырзахметовтың мұндай қатал сынына толық келісе алмайтынымызды айтқанымыз жөн. Рас, Абай биігіне жетпей жатқан тұстары бар және олар әлденешеу. Бірақ, соның бәрін «хисса авторы «өңдеп» сынын қасақана бұзған деу артықтау. Мұндай күрделі шығарманы тек біреудің аузынан естіп, дәл осындай деңгейде жазып шығару оңай емес-ау. Тіпті «өңдеген» күннің өзінде «хисса авторының» ақындық, ойшылдық өресі Абайға таяп қалатындай. Мұны осы зерттеуді оқыған адам түсінер.
«Дәл осылай» деп кесіп-пішіп айтып тастағаннан гөрі «хисса авторының» осы өлеңді қайдан алса, одан алсын кітапқа кіргізуінің өзін тарихи маңызды еңбек демеске бола ма? Осы түрінде сол заманда, қазақ өлеңінің биік парқын танытатын поэ-зия туындысы болғанын, талайлардың эстетикалық талғамын ілгері жетелеген, заманынан озық, бұрын-соңды дүниеге келмеген туынды екеніне көзіміз жетіп отыр ғой. Бұл — бір.
Екіншіден, Абайдың осы өлеңінің бұл да бір нұсқасы, бәлкім ертеректе жазып, ел арасына тарап кеткен өлеңі болуы мүмкін емес пе? Егер, өз шығармасына ақын кейін қай-та оралып, толысқан шағында қайта қалам тигізген болса, ақынның өсу, өркендеу сатысының бір баспалдағы ретінде түзетіліп, қазіргі нұсқасына негіз болған вариант ретінде қабылдасақ ше?
М.Әуезовтің мына жазбалары абайтанушыларды тың ой-ларға жетелейді. Қарайық: «…1882 жылы жазылатын «Қансонардаға» қарасақ, Абайдың анық шеберленген ірі суретші және реалист ақын болғанын көреміз. Бұл өлең тұңғыш туа қалған, бірінші ғана көркем шығарма болуға мүмкін емес тәрізді. Неғылса, бірталай шығармалар жазып келіп, ақындығы шынығып, қаламы төселіп келіп тудырған шығармаға ұқсайды»[4].
Әрине, Мұқаң бұл өлеңнің басқа бір, бұдан бұрынғы варианты бар демейді. Оның есесіне Абайдың ақындық жолына барлау жасай келіп мынадай ой айтқанын еске алайық. Мұқаң Абайдың жас шағындағы өлеңдерінің қорытындысы есепті болған «Сап, сап көңілім» және «Тайға міндік» деген бір бітімдес, бір мезгілде туған екі өлеңнің мазмұны мен стиль үлгісі сол шақтың өзінде де көркем шебер жырлар туғызуға жетіп қалғанын және осыларға қарап, ақынның жігіттік шағында жазған шығармалары бір бұлар ғана емес, екеніне нық сенеді.
«Тек өз өнерін әр кезеңде әр өлеңмен сынап, барлап жүрген ақын (Абай.-З.Т.) ол кездің шығармаларына өз басы толық мейірлене алмай, ұқыпты сақтамаған сияқты. Сол себепті осы алуандас әлденеше шығармалары жоғалып, кейінгі шаққа жетпей қалған болуы керек». Абайдың ақындық жолының «…басы — жеңіл, сыртқары еліктеуден басталып, соңғы кезеңі — ойы да, көркі де өсіп, пісіп қалған болашақ ойшыл, сыншыл ақынның іздену, өсу кезеңін көрсетеді. Бұл шығармаларына бойлай қарап, танып, біліп талдамай, кейінгі өскелең үлкен шығармалар беретін классик Абайды сол шығармаларынан ғана бастап тексеріп, тану, жарым жолдан бастағандай жартылай тексеру, шалағайлық тану болар еді»[5].
***
Мерзімді баспасөзге Қ.Мұхаметханов ұсынған «Бүркіт сыны»[6] деген өлеңінің екі нұсқасы да терең зерттеуді, оның Абайға тән екен-еместігін анықтауды тілейді. «Абай» энциклопедиясында (401-бет) бұл өлеңнің ақынның төл шығармасы екені әлі дәйекті дәлелдеуді қажет екендігі атап көрсетілген.
Бірінші — Әсенов Мәди[7] (1879- ө.ж.б.) деген мұғалім тапсырған нұсқасы (Мәди нұсқасын М. деп аламыз).
Екінші — Мәкеев Сүлеймен жіберген нұсқа — «Сүлеймен нұсқасы». Қ.Мұхаметханов та осындай шартты атаулар қойып, екі нұсқаны салыстырған. (ОныС. деп аламыз).
Мәди нұсқасы — бес шумақ (жиырма жол), Сүлеймен нұсқасы — тоғыз шумақ (отыз алты жол) екендігі көрсетілген[8].
Қ. Мұхаметханов: «Екі нұсқаның да бастапқы бірінші шумағы бір-бірімен дәлме-дәл келіп отырады. Тек төрт қана сөзде айырма бар. Ол сөздерге бұл мақалада талдау жасамаймыз»,- дейді. Бұл қандай сөздер:
1. М: Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.
С: Мелжемді қожыр табан, бұты талтақ.
Бұркіттің, оның ішінде қарулы бүркіттің аяғы қожыр-қожыр болып келетіні белгілі. Бұл қолданыста табаннан гөрі кең мағынада қолданылған сын есім.
2. М: Көк тұмсығы, жұқалау келсе жалпақ,
С: Жұқалау көк тұмсығы келсе жалпақ.
Мағынасы жағынан екі нұсқаның айырмасы жоқ. Бір ғана ұғымды, көк тұмсықтың сипатын, екінші нұсқада жұқалау анықтауышы бұрын келіп, өлеңнің ырғағын күшейткен.
Бұған қарап М. нұсқасының өлеңдік сапасына мін тағуға болмайды. Бұл өрнекті осы шумақтың үшінші жолындағы:
Көз ауданы қып-қызыл, кешкіл маңдай,-
деген жол жақтап тұр. Яғни, «көк тұмысығының» сипаты мен «көз ауданының» сипатының берілу түрі бірдей. Алтыншы жолдағы «жүнді басты» деп басталатын жол да осы өрнекті дәл қайталайды. Яғни 2-4-6 жолдардың түзілімі айнымай келуі, ақын санасының заңдылығы, өзіне ғана тән стилі екенін айғақтайды. Бұл тезисті бекіте түсетін дәлелдер ретінде, осы өлеңдегі әр жолдың басында ретінмен келіп отыратын: «көк тұмсығы», «көз ауданы», «құйрығы», «жүнді басы», «топшысы», «шалғысы», «еріні» — қандай екендігінің белгілері рет-ретімен суреттелгенін да айта кетсек, артық емес.
3. М: Көз ауданы қып-қызыл, кешкіл маңдай.
С: Көз ауданы шүңірек, кешкіл маңдай.
Көз ауданы қандай деп сұрақ қояр болсақ, әрине шүңіректі қолдаймыз. Бұл жерде құстың көз жанарының түсі қандай деген мәселе жоқ. Демек, «қып-қызыл» өзін-өзі те-ріске шығарады.
4. М: Іші кең, саны жуан, өзі шалқақ.
С: Кең иық, саны жуан, өзі шалқақ.
Әрине, кең құрсақ құс алғыр болмас керек, сондықтан бой қуатының көрінісі иығының кеңдігі болар-ау деп қабылдап, С. нұсқасына қол қоймасқа лаж жоқ.
Үстірт қарағанға осы төрт қана сөздің маңызы айтарлықтай көрінбеуі мүмкін, ал талдауға қарап отырсақ, екі мәтіннің көркемдік деңгейінде елеулі айырмашылық бар. Қарамен жазылған сөздерді екі мәтіннің біріне, өз орнын тауып апарып қойсақ, бұрынғы екі нұсқадан да ілгері жаңа шумақ туып, жайнап кетер ме еді, қайтер еді. Ол, мысалы, мынау болса:
Көк тұмсығы жұқалау, келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.
Көз ауданы шүңірек, кешкіл маңдай,
Кең иық, саны жуан, өзі шалқақ.
Әрі қарай талдайық. Мұндағы айырма айта қалғандай, баршылық. Мысалы,
М: Баялы, құйымшақты, қауырсынды,
Құйрығы ап-ажарлы ұзын жүнді.
Жүнді басты, шекелі кең майдайлы
Жапырақ жирен шуда, жалпақ қылды.
Бұл шумақ С. нұсқасында жоқ.
М: Саңғыру жүн сабалақ, алқалы кер,
Тақысы, бүкісі жоқ қомағай ер.
Айыр сүйек ашамай, арасы кең,
Болса жақсы бұл-жағы бір қарар жер.
Бұл шумақ та С. нұсқасында жоқ.
М: Топшысы әлді біткен жоғарылау,
Шалғысы құйрығына барса таяу.
Ұшса ұшқыр, тау басында шақырмайтын,
Бір түлкіден басқамен болмаса жау.
С: Топшысы келсе алдына жоғарылау,
Шалғысы құйрығына тұрса таяу.
Көкте ұшқыр, тұғырында шаңқылы жоқ,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау.
«Топшысы әлді біткен» құс артық па, әлде топшысы алдына біткен құс артық па? Немесе, «топшысының алдына бітуі» құстың әлділігін көрсете ме? Екінші нұсқадағы белгіге күмандана қарайтын оқырман, әрине, ешбір күдіксіз, сұраусыз анық көрініп тұрған «әлді топшыны» қабылдамақ керек. Сонда М. нұсқасы — бағалырақ.
Шалғысы құйрығына жақын біткен құс тәуір екен. Екі нұсқадан да ұққанымыз осы. Енді қалғаны — осындағы «барса» мен «тұрсаның» қайсысы орнықты? «Барса» — бей-нелі сөз, қозғалмайтын, енді қайта бітпейтін дене мүшесінің орнын көрсетеді. «Тұрса» — түсінікті. Тексеріп отырғанымыз өлең болғандықтан, поэзияның бейнелілік ерекшеліктерін есімізге алып, «барсаға» қол қояр едік.
М. нұсқасындағы құсты үшырып қойып, ұшқырлығын, тау басына шығарып қойып шақырмайтын (шаңқыл-дамайтын) қызықтағаннан гөрі С. нұсқасындағыдай жақсы құстың бір қасиетін «көкте», екінші қадірін «тұғырда» көрген артық емес пе? С. нұсқасындағы нақтылық тәнті қылады. Оның үстіне М. нұсқасындағы «тау басында шақырмайтын» деген проза текті шұбалаңқы бейнеленген бұлдыр сурет тағы бар.
М: Қалың ерін, қара тіл, қанға тоймас,
Қанша қымбат алсаң да басын жоймас.
Жирен тұяқ шұбарды тауып салсаң,
Жаза ұстаса және ұшып әсте қоймас,-
деген бесінші және соңғы шумақ С. нұсқасында басқа, аң-шылық қызығын суреттейтін екі шумақты аттап барып орын алған. Ол мынау:
С: Қара тіл, қанжар қияқ, қанға тоймас,
Қанша көріп тұрса да алмай қоймас,
Шұбар тұяқ жиренді тауып салсаң,
Ердің құнын берсең де басын жоймас.
Мазмұны біреу: Екі нұсқаға да ортақ құс белгісі — «қара тіл», «қанға тоймас», қанша қымбатқа алсаң да басын жоймайды, мұндай алғыр құстың әкелер пайдасы шаш етектен. Түз тағысына жаңылып түсіп, ала алмай қалса да қоймайды, қайта ұшып, дегеніне жетеді. Қарасөздетсек, осылай түсінеміз. Поэзияның өз заңы бар.
Ал, сол құсымыздың түрі-түсі қандай өзі? М. нұсқасында «Жирен тұяқ шұбар», С. нұсқасында «шұбар тұяқ жирен».
«Абай тілінің сөздігіне» қарасақ, ақын «жирен», «шұбар» деген сөздерді қолданбаған болып шығады.
Білгір абайтанушы Қ.Мұхаметхановтың өзі кезінде осы өлеңдерді бастыра отырып мынадай жар салуы тегін емес: «…құс салуға машықтанған саятшы, бүркітші, құсбегілерден күтетініміз: осы жариыланып отырған «Бүркіт сыны» өлеңінің екі нұсқасы туралы аз пікірлерін дәлелдеп жазып жіберсе екен»[9].
Сондықтан, екі нұсқаның қайсысы құстың табиғи түсіне жақын келеді екен, деген мәселеге келетін болсақ, саятшылық тақырыбындағы көркем әдебиетте қарашұбар бүркіттің де, «Сарыбалапан» атанған қызғылт түсті бүркіттің де болатыны кездеседі. Ақынның жирен деп отырғаны, бәлкім, құстың осындай түрі шығар. Сонда да қара шұбар бүркіттің тұяғы сары немесе қызғылтым, яки жирен екенін көргенімізді айтсақ артық болмас. Сирек кездесетін алғыр бүркіттің түсі жирен болуы да мүмкін екендігін айттық. Демек, өлеңдегі құс түсінің ауыс-түйістігі бәлендей маңызды болмай қалады. Бұл — тек ақынның шабытына байланысты мәселе.
М: Қанша қымбат алсаң да басын жоймас.
Әрине, С. нұсқасындағы «Ердің құнын берсең де басын жоймастан» осалдау. Қазақ үшін қымбат — қанша қымбат болса да, ердің құнына (ер азаматтың басына, қадір-қасиетіне.-З.Т.) ештеңе жетпейді. «Ердің құны» санаса таусылмайтын, «есепке симайтын» ең жоғары бәс. Оның өлшеуі біреу ғана. Осының алдындағы «Аттың сыны» жөніндегі мақалада айтылып кеткен:
Сат десе мың тіллаға сатпас едім,
Қимайтын достым келіп қаламаса.
М. нұсқасын тәмамдадық. Бұл мәтін жөнінде мынадай түйін жасауға болады: Бұл — алғыр құстың статикалық бейнесі, натурадан салынған кескінкейпі. Онда қымбат ба-ғалы, ер жігіттің қолына сирек түсетін, мұндай арман құстың көз тоятын сырт бітімі, көрік-келбеті суреттелген. Құстың іс-әрекеті, қырандық қимылы, мінезі, алған жемісі әлі жоқ. Көр де — тамсан, қызығып қана қой.
Ал, С. нұсқасында жаңағы жақсы құс саят үстінде сыналып, танылады. Бұл жерде «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіндегі аңшының әсері, көңіл-күйі, есімізге түседі. Тіпті, кейбір жерінде сол өлеңнің сарыны, сөз қалыбы, сондағы табиғат көрінісі, аңшылықтың қызығы бар. Кейбір тұстардағы қанық бояулар, қан қыздыратын қызықтар «Қансонардағыдан» да көрікті кесте тапқан:
С: Қолыңнан өзі тілеп ұшса самғап,
Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.
Шегір көз қанды балақ қыран бүркіт
Бозбала, қапы қалма, малыңды іркіп.
Алпыс екі айлалы түлкі ұстап,
Байласаң қандай қызық, қарға сілкіп.
Қарамен жазылған сөздер мен тіркестер осының алдында ғана талдап қарастырған «Қансонардағыны» дәл қайталайды Әрі қарай:
Лып етіп, етпетімен кетсе зулап,
Тым епті сыпырғанда жер бауырлап,-
деген жолдар «Қансонардағыдан» да көркем, сәрелі, екпінді. Аңшы еместің де назарын өзіне тартып алатындай қуатты. Осылай емініп, еміреніп, енді не болар екен деп, елегізіп отырған оқырманды селт еткізетін мына жолдардың осы уақытқа дейін Абай жинақтарындағы болмауы тіпті, обал-ақ:
Жарқ етіп жақпар тастан түлкі қашса,
Шаңқ етіп қызды ұстаған бозбала нақ.
Түлкі «жарқ етіп» еді, бүркіт «шаңқ етіп» сол мезетте шап берді.
Бұл — «Тастан түлкі табылар аңдығанға» деген босаң баяндау емес. «Жарқ етіп, жақпар тастан» қашқан қызыл түлкі. Бір ғана «жарқ ету» мен «жақпар тас» деген «ж» дыбысынан басталып, жылдам үндесуінің өзі неге тұрады. Нағыз Абай осы емес пе? Абайға ғана жарасатын шапшаң ақындық сергек сезім, жасандысы жоқ жарасым осындай болмас па? Теңеу қандай! «Жарқ еткен» қызды шап етіп ұстаған бозбала қандай!
Әрі қарай: бүркіт пен түлкінің, жігіт пен қыздың «ұстасуын», сол ұстасудың нәтижесін көреміз. Ақын көзімен көріп тұрмыз. Ол мынау:
Бұлқынып, болмайды деп шайқасқандай,
Сытылып, құтылмақ боп байқасқандай.
Арпалыс, күрес осымен аяқталды. Оқиға әрі қарай өз қисынына бағынып, арнасына түсті, сабыр тапты.
Қараңдап дөң астында жатса басып,
Тар жерде екі ғашық айқасқандай.
Осы бір арпалыс сәтті бағамдап, шарықтап кеткен көңіл құсы орнына қонып, шалқыған сезім жалыны сабасына түсіп, бір сәттік аңшылық қызығына көтеріп әкеткен қиял қанатымен ілесіп жерге қонып қарасақ: кәдімгі бүркіт, кәдімгі түлкіні:
Жібермей басып алса жұлқынғанда,
Босатпай бүре түсіп, бұлқынғанда.
Бұлтартпай жұмарлап, тек жатыр
Шынымен ынтасы ауып ұмтылғанда,
Көк тұмсық көзге дейін қанға батып,
Үстіне аттай мініп отырғанда,
Көңілге көрмек үшін о да қызық.
Ұқсайды қыз бен жігіт қосылғанға.
Соңғы бес жолдың иі қанбағандығы көрініп-ақ тұр.
Көк тұмсық көзге дейін қанға батып, -
деп аяқталса да, ақын ұпайы түгел. Ал, мына:
Шынымен ынтасы ауып ұмтылғанда,
… .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. ..
Үстіне аттай мініп отырғанда
Көңілге көрмек үшін о да қызық.
Ұқсайды қыз бен жігіт қосылғанға
деген жолдардың сыбағасы алдыңғы шумақтарда өтелген. Қайталау болған күннің өзінде арқауы бос, шикілі-пісілі осындай шумақтар ғой, жинақтарға кіргізбей жүрген.
Әлбетте, төрешінің әділдігі: «Не жоқ деп емес, ненің бар» екенін көріп, бағалай білуде болса керек. Осы ұстанымға сай, қорыта айтар болсақ, «Бүркіт сыны» Абай поэ-зиясының бір кезеңі ретінде өз бағасын алуға тиіс. Басқа мысалдар сияқты Абайдың ақындық лабораториясының өзіне тән ерекшелігін танытатын біз талдаған төрт өлең («Қансонарда» — екі нұсқа, «Бүркіт сыны» — екі нұсқа) ақынның «Саятшылық туралы өлеңдер циклы» деп толық мойындауға лайық шығармалар деп санаймыз. Төрт өлеңге де ортақ тақырып, ақындық әдіс-тәсіл, тіпті тұтас сюжет деуге тұрарлық құбылыстар осыған дәлел бола алады.
«Қансонарда» өлеңінің сөздік қоры туралы кезінде М.Әуезовтің тамсана отырып, жазғанын осы «Бүркіт сынына» да қатысты екенін айтсақ, қателеспеспіз. «Шындыққа, нақтылы деректілікке ерекше мән берген ақын, реалистік дәстүр бойынша өз шығармасының барлық бұйымын, бар тұрманын тұтас ету керек. Соның белгісін бұл шығармада Абай өзінің сөздігінен де анық танытады», дейді де Мұқаң өлеңде қолданылған «сонар», «қағушы», «қайтқан із», «үйірімен үш тоғыз» деген сөздер мен тіркестерді келтіреді. Саятшы сөздігінің қатарын «Бүркіт сынындағы» мысалдармен өсірер болсақ: «Көк тұмсығы», «Мелжемді қожыр аяқ», «кешкіл маңдай», «баялы», «құйымшақты», «жүнді бас», «жапырақ жирен шуда», «жалпақ қыл», «саңғыру жүн сабалақ», «алқалы», «тақысы, бүкісі жоқ», «айыр сүйек ашамай», «әлді топшы», «шалғысы», «қалың ерін», «қара тіл», «қанға тоймас», «жирен тұяқ шұбар», «шегір көз», «қандыбалақ қыран», «алпыс екі айлалы түлкі», «шұбар тұяқ жирен» т.с.с. кете берер еді. Мұхаңның басқа өлеңге берген: «…әрі мазмұн, әрі түрі қабысып келіп, ірі табысқа айналған ақындық туыс танылады», деген бағасын осы «Бүркіт сынына» да лайықтасақ, ұшқары емес.
Өлеңдегі ұйқас, екпін мәселесі жеке сөз болуға тұрады. Сол ұйқасты құрайтын етістіктердің көркемдік-бейнелілігі де, сөз жоқ, үлкен суреткерге тән. Айталық, жыр тармағының төрт буынды болып отыратын, соңғы бунағы қандай әсерлі әрі нанымды. «Қанға тоймас», «алмай қоймас», «тауып салсаң», «басын жоймас», «кетсе зулап», «жер бауырлап», «түлкі қашса», «шайқасқандай», «айқасқандай», «байқасқандай», «жұлқын-ғанда», «бұлқынғанда»… Осылайша, әдемі үйлескен сөздердің дыбыс үндестігін қоюла-тып, ұйқасты ірілетіп, ерекше қимыл-әрекетке оқырманын да қосып әкеткендей. Суретшіліктің осындай Абайға тән шеберлігін көре отырып, оның авторлығы туралы үндемей қалуға болар ма?..
Әдебиеттер:
1. Абай. 1-том.-А., 1995
2. «Абай» журналы. 1992, №2
3. «Абай» журналы. 1995, №42
4. Абай тілінің сөздігі.-А., 1968
5. Абай энциклопедиясы.-А., 1995, 162-бет.
6. Әуезов М. 20- том
7. Жұмалиев Қ.Ж. Қазақ әдебиетi мәселелерi және Абай поэзиясының тiлi.-А., 1960
8. Мұхаметханов Қ. Абай шығармаларының текстологиясы.-А., 1959
Мақаланың авторы туралы:
Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай, 1942 жылы туған, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры. «Абай және баспасөз» (абайтанудың революцияға дейінгі қайнар көздері — 1997), «Абайтану арнасында» (Абай шығармаларының текстологиясы және Абайдың ақындық лабораториясы хақында — 2006) деген монографиялардың авторы. Ғылыми басылымдар мен мерзімді баспасөзде абайтанудың қазіргі көкейкесті мәселелері жөнінде көптеген мақалалар жариялаған. Ғылыми жетекшісі, кейін ғылыми кеңесшісі ҚР ҰҒА академигі, профессор Рымғали Нұрғалиев.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
жазушы-журналист
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
[1] «Абай» журналы, 1992, №3, 6-86-беттер.
[2] Абай, сол басылым, 1-том, А., 1995, 42-бет.
[3] Жұмалиев Қ.Ж. Қазақ Әдебиетi мәселелерiнiң тiлi және Абай поэзиясының тiлi.-А., 1960, 200-бет.
[4] М.Әуезов. 20- том, 103-бет.
[5] М.Әуезов. 20- том, 103-бет.
[6] «Абай» журналы. 1992, №2, 44-54 бб
[7] М.Тастамбекұлы Ділдаға жиен болғандықтан, Абай ауылымен жасынан араласқан, ақын өлеңдерін жаттап, жазып алып жүрген.
[8] «Абай» журналы. 1992, №2, 48 б
[9] «Абай» журналы, 1995, №42, 49-бет.