"Жусан" иісі

4337
Adyrna.kz Telegram

Жуырда ИГИЛ (елімізде тиым салынған) террористік ұйымының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің өлгендігіне қатысты АҚШ басшылары мәлімдеме жасады. Соңғы тоғыз жылдық лаңнан кейін Сирия елі әлі ес жияр емес. Бұл жаңалық аз да болса таяу шығыстағы жағдайдың тұрақтануына бір қадам жасалғадай болғанымен, ел іші әлі"сиырдың бүйрегіндей" бөлініп тұр. Себебі, бұл елде кім жоқ?! Бәрі сонда. Жемтікке үймелеген құзғындарды елестетеді. Біреуге ел қайғы, біреуге мұнай, біреуге қару-жарақ саудасы қайғы дегендей...

Айтпағымыз жоғарыда айтылған пенденің қолымен жасалған жалған ұран мен жалаң «халифаттың» қиялымен біраз азаматтар Сирия асқан еді. "Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ" - дегенден ойы орындалмаған, тұмсығы тасқа тиген біраз тобыр қазір лагерьлерде күн кешіп жатыр. Болмаса алпауыттардың атқан оғынан мерт болды. Тыныштықты күпірлікке балап, ата-анасының асын арамға шығарып, туысын дінсіз санап, қағынан жеріген біраз безбүйрек «діншілдер» жәутеңдеп өз елдерінен көмек күткенімен көбінің елі азаматтарынан теріс айналды. Қазір де Сирия, Түркия, Ирак жерінде бас сауғалап қашып жүргендер жетерлік. Болмаса күрттердің, Сириялық режим күштерінің, түріктердің қолында қамауда отырғандар да аз емес.

Ал Қазақстанның ұстанымы басқаша болып шықты. Осы жылы ел басшылығының бұйрығымен бірнеше мәрте «Жусан-1,2,3,4» операциясы шеңберінде Сириядағы қақтығыс аумағынан азаматтар елге әкелінді. Бұл шешімге қатысты қоғамда екіұдай пікірлердің де айтылғандығын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, азаматтар әкелінген соң оларды оңалту басты тақырыпқа айналды. Оларды  айлық оңалту шаралары да жүзеге асырылды. Оңалту жұмысына тартылған мамандардың басым көпшілігін психологтар мен теологтар құрауы да қазіргі дерадикализация жұмысындағы басым мамандық иелелері екендігін көрсетеді. Психолог мамандар олардың психологиялық жағдайын зерделеп, кеңес берсе, басты жүк теологтарда болды. Себебі, ол азаматтардың әу баста еліміз территориясынан қақтығыс аймағына кетуіне ықпал еткен дүние олардың діни көзқарастары еді. Уланғанды умен емдеу халқымыздың байырғы ұстанымы. Сондай-ақ, дінмен адасқандардың діни көзқарастарын сарапқа салу да оларды оңалтудың жақсы тәсілдердің бірі.

Бірақ діни адасушылыққа ұрынған азаматтарды діни оңалту, яғни дерадикализация жұмысын атқару үшін де бірнеше алғышарттардың болуы керек. Алдымен, діни оңалту жасайтын адамның діндарлығы мен діни білімін дәлелдеуі шарт. Өйткені, оңалту объектісі болған адам алдындағы адамның дінилігін мойындамаса оңалуы мүмкін болмайды. Себебі, радикалды бағыт өкілдері өздері діндар, діни білімді санамаған адамды мойындамайды. 

Екіншіден, діни білімнің де арнайы бағытта алынған болуы, яғни радикалдың діни аргументтеріне қарсы діни мәтіндерден сенімді дәйектерді көрсете алу шарт. Олай болмағанда «таза ислам» түсінігімен ауырған адамды оңалту оңай болмайды. Олардың дәстүрлі бағытты кінәлаушылығы айқындала түсетіндіктен өздеріне, діни көзқарастарына деген сенімділігі арта береді.

Үшіншіден, Сириядан әкелінген кейбір азаматтар (әйелдер) өздерінің бұл жағдайға душар болуын діни көзқарас қателігіннен емес. Саяси қателіктерден деп санайтындықтан аймақтағы саясат жайлы да терең талдауға ие болу керек.

Төртіншіден, Қазақстанның зайырлылық саясаты мен қазақтың дәстүрлі салт-санасын да діни тұрғыдан негіздей білу оларды оңалтуға оң ықпал етпек. Дегенмен әрбір маманың өзіндік түсінігі, әдіс-тәсілдері, оңтайлы басымдықтары бар. Мен жалпы оңалту жұмысын осы төрт бағытқа негіздеп жүргізуге тырыстым. Нәтижелері де күткенімнен жақсы болды деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар, олардың діни ұстанымдары барынша қайшылықты, әрі күрделі. Олай болатыны, Сирия жеріне кеткендер қазіргі елімізде қаптап жүрген сәләфи-уахабилер сияқты исламның радикалды тобында жүргендер еді. Ал сенімі мен ұстанымы сәләфи-уахаби болғандардың барлығы Сирияға құштар ма, жоқ. Олардың ішінде де Такфиризм (әт-Тәкфир уәл-Хижра) көзқарасына жақындары Сирияға жол тартқан. Ал Сириядағы күрескерлердің өмір жолдары ислам тарихындағы Харижилердің ұстанымдарын елестетеді. Демек, харижи-уахабилік ұстаным басқа мұсылмандар мен дін иелерін кәпір санау олар үшін оңтайлы позиция болды. Бұл бағытта сағаттап сөз айтуға, парақтап кітап жазуға болады. Талас-тартыстың басы бүгін емес, тарихта талай үлгісі орын алғандығы белгілі. Сириядан оралған азаматтармен жұмыс жасауда басқа оңалту жұмыстарынан артықшылықтары да кемшіліктері де болды. Қысқаша тұжырымдағанда төмендегідей.

Жұмыс жасаудың тиімді тұстары:

  1. Идеологиялық көзқарастардың ақталмауы;
  2. Мамандардың оң қорытыдысына ие болуға талпыныс;
  3. Негізінен діни сауаттылық деңгейлерінің төмендігі;
  4. Отанға қарыздарлық сезімі;
  5. Өзара кінәлаушылықтың (тәкфир) болуы.

Жұмыс жасаудың күрделі тұстары:

  1. Саяси-идеологиялық кіналаушылық (тағут, күпірлік);
  2. Өтірік айту (абақтыға қамалудан қорқады немесе кәпірге өтірік айтуға болады деп есептейді); 
  3. Салт-дәстүрді мойындамаушылық (қазақтағы дәстүрлі исламдық түсініктерді «таза ислам» қағидасына қайшы санау);
  4. Діни «адалдық» («халифқа» берілген ант);
  5. Діни білімнің төмендігі, бірбеткейлік.

Міне, осы жағдаяттарды назарда ұстау оңалту жұмыстарында нәтижеге тез жетудің шарты болмақ. Себебі, бір айлық уақыт діни-көзқарастық оңалту үшін көп уақыт емес. Діни радикалды бағытта орташа алғанда 4-12 жыл аралығында жүргендіктен, жылдар бойы қалыптасқан түсікті сиырып тастау аз уақыт ішінде өте қиын. Әрі көзқарасы жұмсарған, тіпті оңалуға бет алғандардың өздерін оңалды деп баса айту оңайға түспейді. Себебі, адамның аласы ішінде. Бірақ бұл олқылықтың орнын психолог мамандар арқылы толтыруға болатындығына осы шара барысында көз жетті. Қарсыңыздағы адамның шынайылығы мен жалғандығын сала мамандары аз уақыт ішінде айқындап бере алады. Көп болмаса да мұндай мамандар елімізде бар.

Сириядан әкелінгендер туралы сөз болғанда ең күрделі тақырып балалар болуы тиіс деп ойлаймын. Себебі, әкелінген балалардың саны көп. Шамамен келгендердің 4/3 іне жуығы. Оның үстіне балалықтың бал дәуренін татпаған, оқ пен оттың, өлім мен қанның түр түрін көрген, қатыгез бала жүрек. Бұл балалар ертең қоғамда қандай орында болады. Білімді қалай алады дегендей сұрақ көп. 2-3 жасқа дейінгі балалардың ұмытуы, қоғамға сіңуі тез болар. Бірақ 5-12 жас аралығындағы балалардың психологиясы мен дүниетынымы өмірлік бақылауды қажет етеді десем қателік болмас. Себебі, бұл балалардың көзқарасы қарапайым балалардан бөлек. Бұлар шәһид, жиһад, кәпірлер деген сөздермен ауызданған. Әрі көбінің ағалары мен әкелері «кәпірлердің» қолынан қаза болған. Сондықтан, жүректерін жібіту, заманауи білім мен тәрбиеге баулу, көз алдындағы соғыстың, қатігездіктің көрінісін өшіру ұзақ уақытты қажет етеді. 

"Адасқаның алды жөн, арты соқпақ" - дегендей келген азаматтар қалған өмірінде қателіктерін түсініп, еліне пайдалы болса игі. Араларынан қоғамда белсенділік танытып, өздері түскен ордан басқаларды сақтандыруға үлес қосушылар да табылуда. Бұл үмітіміздің оянуына, сеніміміздің ақталуына себеп.

Қорыта келгенде, ғылым мен білімнен алыс, жалаң берілген діни бағдар радикализмнен алыс болмайды. Ұлттық-рухани құндылықтармен жетерінше сусындай алмаған адамның дінге басқан әрбір қадамында діни адасушылық, дәстүрді мансұқтау қаупі бар. Сондықтан да ұлттың рухани тұтастығы, елдің болашақ бірлігін қамтамасыз ету үшін діни саясатта түбегейлі жаңа бағдар қажет. Ол рухани жаңғыру, ұлы даланың жеті қыры сияқты мемлекеттік бағдарамалар шеңберінде ұлттық руханияттың тірегі болған ұлт тұлғаларының шығармаларын жастар арасында кеңінен оқыту, рухани темір қазық болатын бағдарламалар жасау міндеттері. Еліміздің дін ісінде тізгін ұстап отырған азаматтардың ғылымға арқа сүйеген дін ғана руханиятта адаспас бағдар бола алатындығын, пайда табу мен халықты басқару құралы еместігін түсінер уақыт жеткен тәрізді.

Суреттер ашық интернет көздерінен

Кеңшілік Тышқанұлы,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер