Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан тарихшыларының үшінші конгресінде мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркіт Аяған 11 қыркүйекті Қазақстан тарихшыларының күні деп атауды ұсынды, деп жазады «Азаттық» тілшісі.
Оның сөзінше, бұл дата биылғы жылдың 11 қыркүйегінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығы жайлы баяндамасына қатысты таңдап алынған.
"Конституциялық құрылым тарихы және ұлт көшбасшысының рөлі" деп аталатын бұл конгреске тек Қазақстан тарихшылары қатысып, баяндама оқып жатыр.
Жиында басқа да тарихшылар Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудағы "президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен қызметі" туралы айтқан.
Бүркіт Аяған Азаттыққа сұхбатында білім және ғылым министрлігінен докторлық диссертация қорғаушыларға шетелдік ғылыми журналдарға мақаласын жариялау туралы міндетті алып тастауды сұрады. Оның сөзінше, шетелдік журналдар "Қазақстан тарихына қызықпайтындықтан" қазақстандық тарихшылардың мақалаларын баспайды.