Серілік пен шеберлік үйлесімі

2963
Adyrna.kz Telegram

Халқымызда «Жігітке жет­піс өнер де аз» деген түсі­нік бар. Мұның қиял емес, орынды талап екенін ор­тамыздағы жетпістің бе­сеуінен асқан қария Арғынбек ақ­сақалдың өмірінен, өне­рі­нен көруге болады. Ақышұлы Арғынбек – Мотыштың Ақшиі ата­натын түйе бойламайтын ту шиінің басынан бал тамған Шаған өзенінің түлегі. Бұл Саржал елі – шаңырақ көтеріліп, өмірге ұрпақ келіп, баланың тұсауы кесіліп, наурыз туып, соқа жығылып, орақ жиналса да, өмі­рінің әр сәтін той етіп тойлауды дәстүр ет­кен, өмірдің таршылығы мен тапшылығын ын­тымақты берекемен жеңуді мақсұт еткен жұрт.

(Киіз үйдің кішірейтілген бейнесі (макеті). Ағаш сүйегі – талдан жасалған. Бұл бейне 1973 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің экспонатына алынған.

Солдан оңға қарай: Т.Досмағанбетов – мүсінші, Арғынғазы Қайсаханов – Семей облыстық кеңесі төрағасының орынбасары, Әнуар Әлімжанов – жазушы, Ырымхан Ғабдуллин – Абай аудандық кеңесінің төрағасы.)

Арғынбек – әкесі Ақыштан бәйге ат бап­тап, ит жүгіртіп, құс салуды, із кесіп, тұзақ, қақпан құрып, аңшылық өнерді мең­герген адам. Талдан бұрап бесік, шана жа­сап, қайыңның безінен ер қосып, киіз үй­дің сүйегін басып, оны жосамен бояудың да шебері. Зергерлік өнермен бірге сүйек­пен, мүйізбен үй жиһазын, мүлік-мү­кәм­мал­ды әшекейлеуді, ер-тұрманды өрнек­теу­ді Шимай атадан үйренген. Анасы Дәмежан Исақызы сияқты он саусағынан өнер тамған апа, жеңгелерінен үй тұр­мы­сы­на қажетті арқан, жіп есіп, ши тартып, орап, түскиіз, алаша, текемет, сырмаққа ою-өрнек салуға төселген.

Терме бау-шу, алаша, қоржын тоқып, таң­ғыштарды ызып, таңдайлап бау, басқұр тоқудың сан түрлі тәсілін біледі. Көн кептіріп, көнек, торсық, саба, сүйреткінің әр түрін тігіп, қайыс илеп, қамшы, ер-тұр­манның барлық абзалдарын өріп, ыдыс-аяқ қабын қолдан тоқиды. Кәрі-жас, әйел-еркектің қыстық-жаздық, майлық-су­лық, баскиім, аяқкиімдерін тігудің шың­ғыс­тау­лық үлгісін сақтап келеді.

Жастайынан әнші бала атанған ол хал­қымыздың ән-күй өнерінің мол мұрасын жадын­да сақтап, насихаттаудан жалыққан емес. Қазақтың ас мәзірін дайындап, қонақ күтіп, құрметтеудің де ізеттілік үлгісін өз бойына көргенділік қасиет етіп жинаған есті де дарқан, ақкөңілді ұлағатты адам. Адамгершіліктің қарапайым қағидасы бойына қасиет болған сол Саржал өлке­сін­дегі қара тілдің шешендері – Жағыпар, Боранбай, Қуандық, Ыбырай мұғалім, Омар­бек мұғалім, Бекбатыр, Сләм ақсақал, Бәтташ сияқты мағыналы ой, астарлы ұғым­мен тереңнен тамыр тартатын сұлу сөз­дің шебері болып шыққан Арекең – бұл күнде «Дала академиясын» тамамдағандай, жан-жақты білімді, жетпіс өнердің тілін білетін, ескі мен жаңаның сырын саралай алатын қазыналы қарт.

Ол өз айналасынан тек адамға деген мейі­рімді ықылас, құрмет үлгісін көріп өс­кен, ешкімге міндет артпай, қолынан кел­ген­ше өзгеге қамқорлық пен ізеттілік көр­се­туді бала жастан дағды еткен. Ес біліп, етек жапқаннан үлкеннің жолын кеспей, сө­зін тосып, айтқанына құлақ асып, құрмет көр­сетіп, жасаған қолғабыстығы үшін елге­зек бала атанып, алғаны үнемі алғыс бол­ған.

Үлкендердің кемеңгерлігі – «кісіліктің қа­сиетті қазынасы – ұстазда» деп ұққан­дық­тан болар, мінезі мен ісіне риза болған олар «мұғалім бол, балам» деп бата берген екен.

Дуалы ауыз қарттардың сол батасы қабыл болып, Арғынбек Ахметжанов Се­мей­­дегі қасиетті білім ордасы – М.Әуезов атындағы педагогикалық училищені үздік бітіріп, 18 жаста мұғалім болып шығады.

Еліміздің шығыс аймағындағы бұл оқу ор­ны – білім мен мамандық берудің ғана емес, ғылым мен өнердің, адамгершілік пен аза­маттықтың асыл үлгісінің ордасы. Он­да оқыған, еңбек еткен Мұхтар Әуезов, Мір­жа­қып Дулатов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Мар­ғұлан, Құдайберген Жұбановтардың үл­гісі бөлекше қазына, дәстүрлі қасиет бо­ла­тын.

Бала Арғынбек бұл ортадан өзінің аңса­ған арманының, шөлдеген аңсарының бәрін тапты.

Шеберліктің де, шешендіктің де, өнер­паз­дықтың да, ұлағаттылықтың да, ұстаз­дықтың да қайнар бұлағынан мейірі қанып сусындады.

Әуелден еліміздің рухани астанасы, мәдениеті мен өнерінің, ақыл-ойының Мек­кесі саналған Семей шаһарындағы мұ­ра­жайлар мен театрлар, оркестрлер мен хорлар бала өнерпаздың қанында бар қасиетін, бойындағы өнерге деген құш­тар­лы­ғын бұрынғыдан да мағыналы, ма­з­мұн­ды, жүйелі арнаға салғандай болды.

Бұрын арба-шана, ер-тұрман жөндеп, етік, тымақ, бөрік тігіп, сынған шыны ыдыс-аяқты құрсаулап, тостаған, аяқ-табақты ағаштан шауып, бие сауып, қаймақ шайқап, іркіт пісіп, құрт-ірімшік қайнату, ши тартып, оны орау тұрмыстық қажеттілік шығар деп білген Арғынбектің оның бәрі ұлттық өнер, халық даналығы, ғасырлар бойы шың­да­лып келе жатқан ұлттық қазына екеніне көзі жетті.

Әр іске осылай үңілген ол енді музы­калық сауат ашып, домбыраны, мандалинді нотамен ойнауға ден қойды. Негізгі сабақ кестесі бойынша алған дәрісінен тыс өз бетімен білім-қабілетін жетілдіріп, училище оркестріне қатысып, скрипкада, күй­сан­дықта ойнауға ден қойды, дағдыланды. Нота бойынша бұрын білмейтін саз сарын­дарын шығаруды үйренді.

Шыңғыс елінің ортасында айтыл­ға­нымен, сыртқа тарай қоймаған әндерді нотаға түсіруге де талпынып көрді.

Халқымыздың ән-күй, жыр-толғауының «саяси қырағылықпен» ұмытыла бастаған нұсқаларын жинап, нотаға түсіруге тал­пынды. Әлемге әйгілі классикалық шы­ғар­малар үлгісін ұғуға ниет етті. Өзінің сүйкімді де сазды баритон даусы бар Арғынбек бұрын домбырамен ән айтатын. Енді өзін-өзі күйсандықта сүйемелдеуге де төселді. Халықтық, классикалық шығармаларды тыңдап, тұтынуға бой ұсынды. Дәм-тұз тартып, тағдырдың жазуымен Қасқабұлақ мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып келген А.Ахметжанов өзі сұранып ән-күйден дәріс беретін болды. Мектепте оқу­шы­лар хорын ұйымдастырды. Үзіліс кезінде балаларға ән айтқызып, өнер бәсекесін өткізуді әдетке айналдырды. Балалардың да, ата-аналардың да өнерге деген ықы­лас­ты пейілі оянды.

Бұрын ән-күй екінші кезекті сабақ саналып, ескі мектеп үйінде арнайы бөлме болмағандықтан, мектептің бос жерінде өткізіле беретін дағды бұзылды. Ән-күй пәні сабақ кестесіне енетін болды. Ән-күй пәнінің мұғалімі мектеп ішінде де, ауылда да есімі белгілі, абыройы асқақ өнер жанашыры танылады.

Мектептегі сабақтан тыс мерзімдегі Арғынбектің ортасы – ауылдың кәрі құлақ қариялары, Мұхтардың достары – Тілеке мен Боқай, Зият, Ыбырайша, Жұмағаділ, Мол­да­ғалилар.

Қасқабұлақ – ұлы Абай дүниеге келген Сырт Қасқабұлақ жері. Мұнда Абай, Құнанбай, иісі Олжай ауылының дәстүр-салты, сөз саптау үлгісі, адамдар ара­сын­дағы адамгершілік қатынастың хатқа түспеген қағидасы сақталған. Абай әнде­рінің шебер орындаушылары болған Әл­ма­ғамбет пен Әйгерімнің үнін естіп, үлгісін ұс­танған өнерпаздар да баршылық еді.

Осы ауылдың жерінде ұлы Мұхтар туған Бөрлідегі өмір кешіп келе жатқан Үбіғали, Қалиасқар, Алатай, Бек­мұ­хамбет (Бекен) сияқты ұлағаттылық үлгі­сі бойына қасиет болып сіңген адамдар да аз емес-ті.

Осындай мол қазынаның ортасына тағдыр айдап келген Арғынбек тез есейіп, парасаттылықпен нұрлана түс­кендей еді. Көңіл құсы шарықтаған шақта айналасынан бес бұлақ бұрқылдап шығып жатқан Шолпан жотасының сай-саласын серуендеп жүріп шырқап ән салуды машық етті. Әсіресе Абай әндеріне терең бойлап, оның астарлы сырын ұғып, адамның жүрек қы­лын шертетін, көңіл құсын қанат­тан­ды­рып, елітіп, егілтетін қуат, құдіретін сезі­не­тіндей күй кешетін болды.

Ұлы Абайдың әндерін нотаға түсіруге талаптанды. Бірде өзі жаттап, мәнерлеп оқуға дағдыланып жүрген Абай сөздері ән тілеп тұрғандай әсер бойын билегенін сез­ді. Ақыры көп толғанып, терең түсініп біл­ген Абайдың «Тоты құс түсті көбелек» ат­ты өлеңіне лайық ән сарыны туды. Рас, ал­ғаш­қыда «ән сарыны өз көкейінен туды ма, әлде Абай әні деп басқалардан естіген сарын са­зы ма?» деген күдікті ойлар да ма­за­ламай қой­ған жоқ. Әнді нотаға түсіріп, ән­шілерге үй­ретіп, айтқызып, өзгелерге тың­датып көр­ді. Абайлық ой тереңдігі, са­рын саз­ды­лығы, сезім шынайылығы анық та­нылып тұрған туындыға ұлылық ұйыған өл­­кенің тыңдаушы қауымы разылық біл­дір­ді.

«Әнсіз өлең – жетім өлең» деп білетін Шыңғыс елінің түсінік-талабының дұрыс­ты­ғына иланған Арғынбектің Абай өлең­дерін оқып, түсініп, сезінуі, оған лайық ән із­деуі осылайша басталған өнер көші бо­ла­тын.

Бұл күнде ұлы Абайдың 40-тан артық өле­ңіне ән-романстар шығарған Арғынбек Ахметжанов – Қазақстан Республикасы Ком­позиторлар одағының мүшесі. Шы­ғар­ма­ларын республика сахналарында өнер жұлдыздары орындап жүр.

Өзі өмір сүріп отырған ортаға мейлінше пайдалы маман болуды армандаған Ар­ғын­бек Абай еліне орыс тілін оқытып үй­рететін ұстаз қажет екеніне көзі жетіп, Се­мейдің педагогикалық институтының орыс тілі факультетіне оқуға түседі. Оның екі жылын тамамдаған соң, сырттай оқуға ауы­сып, Абай аудандық оқу бөлімінің жол­да­масымен Құндызды орта мектебіне оқы­тушы болады.

Жақсыда жаттық болмайтыны – белгілі жай. «Кісі болар баланың кісіге үйір бола­тын» дағдысымен мектептегі Жұманбай есім­ді ән мен күйге қабілетті, қолы шебер мұғаліммен тез тіл табысады. Жұмекеңнің әкесі, ауыл ұстасы, үйші, ерші, ауыл-елдің бүтіндігін, ынтымақты берекесін айрандай ұйытып отырған жайсаң мінезді Әдибай ақ­сақалдың мейірімді қошеметіне бөле­неді. Әр істе икемді, тиянақты жас жігіт өзі жете білмейтін бір өнер – үй басу, ер қосу ісін Әдекеңнің қара дүкен, шеберханасында отырып толық меңгереді.

Ұлы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Арғынбек жасаған киіз үйдің макеті аудан, облыста жүлделі бәйгеге ілініп, соңында Алматыдағы Ә.Қастеев атын­дағы өнер мұражайындағы көрмеге қойыл­ды. Ол киіз үйдің негізгі үлгісі (эта­лоны) есебінде сол мұражайда сақталуда.

Бұл тағдырдың жазуына кім шәк кел­тірмек?! Үйдің жабдықтары көргенді ортада өскен, өнерлі жас Ар­ғынбекке үл­кен­дердің ұйғаруымен қосылған жары Мафруза­ның қо­лынан шыққан еді. Ол киіз үйдің кіші­рей­ті­ліп жасалған макеті болғандықтан, оның барлық бөлшегі соған лайықты өлшемге көшірілген болатын. Әсіресе талдырып басылған, күн көрінгендей жұп-жұқа, қа­ғаз­дай аппақ киіз бен оған ойылған ою-өрнектердің үйлесімділігі көрермен қауым­ды ерекше риза еткен болатын.

Әлі көші-қон дәстүрі сақталған ауыл өмірінде әр кез есік-терезеге мұқтаждық, бесік, арба-шана тапшылығы жойыла қой­ма­ған кезде күйеу баланың қолының ше­берлігі қандай жақсы! Шеберлік күйеуді ол босағада отыратын күшік күйеу емес, төрде орны бар «ерке күйеу» атандырды.

Ақын Шәкір мен ауылдың шешен, ше­жі­ре қарттары Қали, Нығымет, Құдай­бер­ген, Әділ, Сләмбек, Мұса, Мұхамеджарлар айтатын әңгімелер желісі үзілмейтін қа­зы­на, байлық мұрасы көрінетін. Ән мен жыр­дың ордасы, Шыңғыс тауының табиғаты көркем тұсы – Құндызды өлкесі Арғынбектің шабытты қиялына қанат бітіріп, ой тереңін, ұйқас үлгісін іздеп өлең жазуға жетеледі. Туған жерге деген шексіз махаббат зәредей толастамайтын мәңгілік жыр болып төгі­ле­тін. Өлең-жырдың сол тасқынды толқыны ақынжанды Арғынбектің көкірек қайнарын ашып, «Шыңғыстау» атты өлең туғызды. Саз­гер Арғынбек оны әнмен әлпештеді. Ол аудан жұртшылығының сүйікті әні болып шырқалып келе жатқанына жарты ғасырдан артық ғұмыр өтті.

Ауданның мәдени-әлеуметтік өмірінде өрлеу қадамы жасалған сол бір шақта жас­тар­дың алғы шебінде көрінген Арғынбекті аудандық партия комитеті өз аппаратына қыз­метке шақырды. Біраздан кейін оны аудан жастары өзінің жетекшісі танып, аудан­дық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы міндетіне сайлап алды.

Аудан орталығы – Қарауыл ауылына көшіп келген жас отау иелері (Арғынбек – Мафруза) өздері сияқты өмірге құштар, өнерге бейім, өлеңге құмар замандастар ортасын тапты. Ол кезде Қарауылда Шың­ғыс елінің көнекөз қариялары да, кемеңгер адамдары да селдірей қоймаған еді.

Сол бір саяси жылымық жылдарында өмір­ге қайта келген Алаш арыстарының халық үшін кешкен бейнетін, еткен еңбегін оқып-біліп, насихаттауға белсене аралас­қан­дардың бірі Арғынбек болды. Талай қиянат-қысымға мойымай, иілмей, аман-есен еліне оралған Ахат Шәкәрімұлымен өзге жұрттан гөрі тез шүйіркелесіп, түсі­ніс­тік тапқан да Арғынбек еді.

Шәкәрім мұраларын жинауға белсене араласа жүріп, ден қойғаны қажы­ның ән-күй мұрасы болды. Ахат ақсақалдан, әнші Қабыш, Ниязбектерден Шәкәрім ән­дерін тыңдап, оларды нотаға түсіруді өзінің азаматтық борышы санады. Ол кейін қа­лам­­гер Арғынбектің «Рухани жол» деп ата­латын төрт томдық жинағының үш томында қам­тылып, баспадан шықты.

Кеңестік қоғамдағы лауазымды қызмет­тен гөрі халық мұрасын жинап, қолөнер үлгілерін жетілдіріп, жүйелеуді, олардың этнографиялық мәні мен сәнін дәл тауып, жария етуді артық санаған Арғынбек жо­ғарғы партия мектебін бітіріп келген соң, ұсынылған аудандық газеттің редак­тор­лығы міндетін тастап, Семей қаласына көшті.

Облыстық радиода, «Семей таңы» га­зе­тінде еңбек етіп жүріп, еліміздің шығыс аймағындағы халық әндері мен күйлерін жинап, оларды шебер орындаушылардың үлгі­сін магнит таспасына жазып алып, наси­хаттап, көптен бері қол үзе бастаған қол­өнерге де уақыт тапты. Самырсын, Көк­шетаудың қызыл қарағайы, Қарқаралының ұрғашы, еркек қарағайларын, Шыңғыс­тау­дың долана, шыршасын жинап, домбыра жасауға беріле кірісті.

Тенор, баритон дауыстарына лайықтап жасаған домбыраларын шертіп көрген Мә­дениет, Болат, Жәнібектердің оларға ерек­ше ризалық танытқаны бар. Құрметпен Аре­кең ұсынған домбыраны әйгілі әнші Жәнібек өзінің жансерігі тұтып, жанынан қалдырмайтын еді.

Кейінде өзі де Абай, Шәкәрім әндерін айтып, лекция, концертпен Қазақстанның төрт құбыласын аралаған сапарларына арнап жасаған жинамалы домбырасының өзі – өзінше бір өнер үлгісі дерлік құнды дүние.

Бірнеше жыл ізденіп, әл-Фарабидің му­зы­­калық теориясы негізінде асқан шебер­лікпен жасаған жаңа аспабын «әл-Фарея» деп атауының өзінде үлкен мән бар. Құлақ күйі квинтамен бұралатын, жаңғақ аға­шынан жасалған бүктемелі, үш ішекті, элипс формасындағы жаңа аспап­тың дыбыстық қабілеті мол. Әуелде Шың­ғыс елінде үш ішекті домбыра шерту дәстүрі болған-ды. Оны ұстаған Шәкір ақынды көзі көріп, қасында құрдасы, баласындай болған Арғынбек осы бір өзгеше өнерді өл­тірмеуді, өмірден өшірмеуді міндет еткендей. Оның құлақ күйін келтіріп шертудің ерекшеліктерін ғылыми жүйеде жазып жүр.

Өзі шығарған 60-тан артық ән-ро­ман­сын осы «әл-Фар-А»-мен айтып наси­хат­тайтын сазгер, әнші, сері, шебер, шешен Арғынбек қария ұлы Абай мен Шәкәрімнің шығармаларындағы текстологиялық қателіктерді түзетуге де орынды ой толғап келеді.

Өмірдің бір ләззаты – білмегенін үйрену, білгенін өзгеге үйрету деп есептейтін Арекең – ұлы Шәкәрімнің

«…Білген ердің бол шәкірті,

Білмегенді қыл шәкірт.

Үйренуге қылма намыс,

Үйретуге болма кер.

Өнеріңді құр шірітпе,

Орнына оны жұмсамай.

Өкініші кетпес оның,

Өз ойыңда босқа өлер» деген өсиетін өмірлік ұстанымы етіп, саналылықпен сұлу қартайып келе жатқан қария.

Әлемдік тенденцияға айналған жаһан­дану құбылысына Арекең үрке қарамайды. Қайта жаһандану дәуірінің ұраны мәдени плюрализм болса, әрбір ұлт өзінің ұлттық болмыс, ерекшелігін сақтап, өз мәде­ние­тінің, әдебиетінің, салт-дәстүрінің табиғи-та­рихи сабақтастығын сақтап, үйлесімділігін жетілдіруді қажет деп есептейді. Сондықтан да ұлттық этнографияны, халқымыздың салт-салтанатын, тілі мен дәстүрінің мінез-құлқын, әдеп-иба, инабаттылық, ізеттілік үлгі­сін сақтауды, қорғауды, оны бүгінгі материалдық, техникалық жаңалықтарды пайдаланып жетілдіруді мақсат ету керек деп біледі. Сол мақсатпен ұлт болмысына қылау түсірмей сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу үшін қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да септігім тисе екен деп еңбектеніп, іздену үстіндегі Арғынбек ақ­са­қалдың мойнына алған ма­ңызы зор борышы мол.


Молдабек ЖАНБОЛАТҰЛЫ,

ҚР оқу-ағарту ісінің озаты,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Абай ауданының құрметті азаматы,

Семей қаласы,

«Алаш айнасы».

 

 

Пікірлер