Ат әбзелдеріне сұраныс төмен

2794
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқы қолөнерінің өмірмен біте қайнасып, қалып­тас­қанын дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Басқасын айтпа­ғанның өзінде, ер-тұрман­ды жасаудағы шеберлігі жөнінен қазекең алдына жан салмайды. Оны әшекейлеуде ұсталық пен зергерлік шеберліктер қажет. 

Ға­сыр­лар бойы қалыптасқан қолөнер­дің ғажайып технологиясын бүгін де да­мытып отырған азаматтар аз емес. Ат баптап, көкпарға қызығатындардың арасында Түркістан қаласының тұрғыны Тасболат Сүйінбаевты білмейтін жан жоқ. Ол ер-тұрман жасауға сонау 1988 жылы қызығушылық танытқан. Ат әбзелдерін жасайтын ұсталардың жылдан-жылға азайып бара жатқанын байқаған ол колхоз директорының орынбасары болғанына қарамастан, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеруге кірісті. Тасболат ұстаның шебер­лігіне ешкім де шек келтіре алмақ емес. Өйткені оның қолынан шыққан ат әбзел­дерін бүгінде ең мәртебелі деген қонақ­тарға ұсыну дәстүрге айналған. Мәселен, 1992 жылы Ордабасыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері бас қосқанда олар мінген ақбоз аттардағы ер-тұрмандар Тасболаттың қолымен жа­сал­ған. Елбасының 2005 жылғы Оңтүстікке келген сапарында тағы да Тасболаттың құнды ат әбзелдері сыйға тартылды.

Ер-тоқым жасаудың технологиясын 20 жылдан бері зерттеп келе жатқан және бір белгілі шебер – Төле би ауданының тұр­ғыны Құрбанәлі Арыстанбек. 90-жыл­дар­дың басында бесік, сандық жасаумен шұ­ғыл­данған. Алайда бұл бұйымдарға деген сұраныс төмен болғандықтан, ер-тұрманға қызығушылық танытып, ата дәстүрді үйре­нуге бел буыпты.

– Ер-тұрман жасау – екінің бірінің қолы­нан келе бермейтін күрделі өнер. Бесік пен сандық ешкімнің денесіне батып, ыңғайсыздық тудырмайды ғой, басқаша айтқанда, оның қай жерін дұрыс, қай же­рін бұрыс жасағаның біліне бермейді. Ал ер-тоқым сәл қисық болса, жылқы жауыр болып, арқасын жаралайды. Жақсы ер-тұрман атқа да жайлы, адамға да ыңғайлы болуы тиіс. Сондықтан өнердің бұл түрін үйрену үшін ұқыптылық аса қажет. Алғаш­қыда жасаған ер-тоқымдардың көбісі қисық, сәтсіз шыққан. Бірақ ат баптаушы­лардың ұсыныс-тілектері мен ескертулеріне зейін қойып, кемшіліктерді жоюға әрекет­тендім, – дейді Құрбанәлі Арыстан­бек.

20 жылдан бері өнерін шыңдап, ер-тұрман жасаудың қыр-сырын меңгеріп келе жатқан Құрбанәлі шебердің айтуын­ша, ат-әбзелдерінің көпшілік біле бермей­тін тұстары мол. Ердің қаңқасы құралған соң оны тарамыспен тартып, терімен қап­тайды. Әдетте түйенің терісі қолданылады. Ер жасайтын ұсталардың айтуынша, бұл жануардың терісі ер-тұрман жасауда таптырмайтын материал көрінеді.

– Ердің формасын ұстап тұруға қара малдың да терісі жарайды. Бірақ ол дәл түйенікіндей мықты болмайды. Таңқалар­лығы сол – түйенің терісі аяқкиімге немесе басқа нәрсеге жарамайды. Былайша айт­қанда, Алла тағала бұл жануардың терісін ер қаптауға арнайы жаратқан секілді. Тері міндетті түрде тұздалуы тиіс, әйтпесе ол қағаз сияқты жыртылып кетеді. Ерді қаптар кезде теріні суға салып жібітіп, үстіндегі жүндері қырып тасталады, – дейді Құр­банәлі шебер.

Ұлттық құндылықтардың құны еш уақытта түскен емес. Түспек те емес. Керісінше, арта беретінінде дау жоқ. Керек десеңіз, шетелден келген туристер бірінші кезекте бүгінгі жылтырақтардан бұрын, осындай ұлттық қолөнерге көбірек қызы­ғатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Десек те, ат баптаған халқымыздың өз арасында ат әбзелдеріне сұраныстар төмен екені рас. Олай болса, ұлттық қолөнерді дамыту са­ла­сына көбірек көңіл бөлу керек секілді.

Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

«Алаш айнасы».

 

Пікірлер