Күй құдіреті

3287
Adyrna.kz Telegram

Биыл өнер өлкесінің екі алыбы — заманымыздың заңғар жазушысы — Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен халық композиторы, күйші — Сүгір Әлиевтің өмірден өткеніне тура елу жыл толды.
Осыған орай белгілі журналист, өнер зерттеушісі — Жаулыбай Иманәлиевтің естелігін ұсынып отырмыз. Бұдан екі жыл бұрын газетіміздің
(9 маусым, 2009 жыл) 102 (1283) санында «Мұхтарды тәнті еткен өнер» атты естелігін жариялаған едік. Мына естелігі соның жалғасы іспеттес...

Үйдің жанына бірінен соң бірі тізбектеліп келіп, кілең жеңіл көліктердің тоқтай қалғанын кө­ріп, Сүгір қария сасып қалды. Кө­ңі­­лінде «Бұл не?» деген сауал тұрды.

- «Ассалаумағаллейкум, ақса­қал!» деп кілең әдемі қалпақты аза­маттардың өзіне жақындай бер­генін сезген күйші ақсақалдың жүрегі ойнақшып, бір қуаныштың нышанын сездіргендей. Ә, де­генде танығаны — кеңшардың ди­ректо­ры Болатбай Әбдіраманов­тың жүзі болды. Басқаларының бәрі бұрын көрген адамдары емес.Күйші қарияның үйіне кіріп, жұмсақ көрпеге отырып, жайғас­қан соң, танысу-білісу, амандық-саулық сұрасу болды. Сонау Алма­тыдан арнайы іздеп келіп отырған жазушы — Мұхтар Әуезов пен жур­налист Тәкен Әлімқұлов екен. Сү­гірге Тәкеннің жүзі таныс сияқ­ты. Басқалары өзіміздің созақ­тық­тар болса керек. Көп ұзамай, дастарқан жайылып, ақ самаурын келді ызылдап...

«Негізі, пәк сезімді, терең ойды көркемдеп жеткізетін ән емес, күй екен-ау. Мен мұны бұ­ры­нырақ қалай аңғармағанмын. Күй­ге келгенде толғауы тоқсан қызыл тіл неге үнсіз қалып, ойға шо­мады десем, адамның санасы қиялға сам­ғап, әдемі сарынның әсері өмір­дің шынайы өрнектерін көз алдыңа әкеледі екен-ау. Ой, тоба».Сүгір ақсақал күйді бітіріп, бе­тінің терін орамалымен сүртіп отыр­ғаны сол еді:

- Күйдің атын «Телқоңыр» де­ді­ңіз бе? — деп сұрақ қойғаны бі­рінің. Жұрт тым-тырыс.Тәкен әлденені түртінектеп қойып, дәптеріне жазып отыр, жа­зып отыр.

- Иә, «Телқоңыр» деп, күйші ақсақал жауабын қысқа қайырды. Әлден соң барып:

- Әдемі екен, — деді Мұхтар аға.Жұрт лезде дабыр-дүбір қоз­ғалып, жазушының күйшіге сүйсі­ніп отырғанын сезініп, өздерінше мақтанып, төбелері көкке жет­кендей, сірә.Сүгір ақсақал осы жайдан ың­ғай­сызданды ма, домбырасының құлағын қайта-қайта бұрап, қоз­ға­лақтап отырды да: «Менің мына бір күйіме құлақ түріңіздер» деді де, күйді бастай берді.

- Күйдің атын…

- Күйдің атын атап-атап тар­тыңыз, — деп қалысты бір-екеуі.Сүгір үнсіз күйді жорғалатып жалғастыра берді. Журналист Тә­кен деген жігіт жазушыға бұры­лып, мойнын созыңқырап «Ың­ғай­төк» деді бәсеңдеу үнмен. Күй­­ші ақсақал Тәкенге қарап ба­сын бір изеп қойды. Онысы «Күй­дің атын дұрыс таптың» дегендегісі болса керек.

Күй төгіліп отыр, төгіліп отыр. Күйшінің сол қолындағы көйлек жеңінің түймесі домбыраның бет қақпағына қайта-қайта тиіп, әдемі ырғаққа сән бергендей еді. Сүгір ақсақал көптен бері мұндай шеші­ліп, жұрттың алдында ағыл-тегіл күй тартпағалы қай заман?! Нағыз тыңдаушыларын тапқа­ны­на қуа­нып отыр ма, кім білсін, әйтеуір ерекше шабыттанып кет­ті.

- Ау, мына сарын маған таныс қой. Қайдан, қашан естіп едім? — деп, Мұхтар аға қабағын түйің­кіреп, шүйіліп отыр.

Асау жорға берісі төрт аяқтың тарсылын шұбыртып отыр, шұ­быр­тып отыр. Асау жорға енді бір­де басын оңды-солды шұлғып отыр, шұлғып отыр. Ауыздық пен жүгеннің күміс сылдыры құлаққа анық естілгендей болады.Таңды-таңға асырып ұзақ дастандардан жыр төгіп отырғандай сезінесің кейде өзіңді.

- Апырау, мынау жыраулардың сарыны емес пе? Е-е, бәсе мына шалдың қуын-ай! Бәсе-бәсе, құ­лағыма таныс, — деп Мұхтар аға күйдің сарынын енді танығандай. Көптен сағынысып көріспеген бауырымен құшақтасып кездес­кендей сезімде отыр.Сүгір ақсақал күйді байыппен баяулатып аяқтады.

- Оу, ақсақал мынауыңыз күй емес, ән ғой. Бұл ежелден келе жат­қан жыраулардың сарыны емес пе? — дегені Мұхтар ағаның. Сүгір ақсақал езуін тартып күлді. Маңдайының терін сүртіп оты­рып:

- Күйшілер мен жыршы­лар­дың сарыны біздің Қаратау өңі­рінде ауыс-түйіс араласып келіп отыратыны бар. Мұны сіз жақсы аңғарып отырсыз, — деді күйші.

- Е-е, гәп қайда жатыр. Бәсе. Бұл өңірде жыраулар мен күйшілер көп болған-ау, сірә, — деп қалды жазушы. Басқалары үнсіз.

Сүгір осы отырыста неше күй тартқанын өзі де білмейді. Оны санаған ешкім жоқ. Тек журналист Тәкен ғана болмаса, манадан ба­сын көтермей түртінектеп отыр­ған.Әр күйдің атын, мазмұнын тәп­тіштеп айтып алады да, кі­ші­рек келген қызыл қалақша дом­бырасын сөйлетеді келіп, сөй­ле­теді. Сүгірдің қарапайым ғана қам кесектен соғылған үйі, күй күм­безіне айналды да кетті.

Үлкен басын кішірейтіп, ауыл­дың қарапайым шалына келіп, әдейі сәлем беріп, тартқан күй­леріне құлақ түріп айтқаны:

- Ақсақал-ау, тірі Тәттімбеттің өзі екенсіз ғой, — деген Мұхтар ағаның бірауыз сөзі болды. Сүгір күйшінің тартқан күйлері — сұ­лу­лықтың символы ғой, сен осыны байқадың ба?, — деді Мұхтар Тә­кенге сыртқа шыққан соң.

- Иә, «Аққуы» қандай шіркін. «Кертолғауы» неткен сұлу еді?! — деп, журналист Тәкен де манадан әдемі сезімде тұр еді.

- «Бозінгені» неткен тамаша?! Мен бір сол кезде желмаяға мініп алып, бүкіл дүниені кезіп жүр­ген­дей сезіндім өзімді.., — деп езуін тартты жазушы. «Әдемілікті, сұ­лулықты адам негізі, сөзбен емес, үнсіз жүрегімен сезінеді екен-ау» деген ой жас қаламгерді шыр­ма­уы­­на алып, толғандырып тұр­ған-ды.

Әлгінде ғана Сүгір ақсақалдың күй тартып отырған болмысынан, оның сүп-сүйір саусағы тәп-тәтті күйлердің тамшыларын сауып отыр­ғанын көз алдына елестетіп, Мұх­тар аға да, Тәкен де біразға дейін өз ойларымен болып, бір-біріне үн қатыспады.

Мұхтар ағаның көңілінде сұ­лу­­лық дегенің, япыр-ай қара­пайым ғана тұрмыстың ортасында жүріп, күйшінің саусағында, ән­шінің әдемі дауысында жасыры­нып жүре беретінін көзбен көріп, құлағымен тыңдағанына риза.

- Мына Созақтың түні қандай әдемі тұнық. Аспаны мөлдір көк, жұлдыздары жарқырап, ерекше көрінеді екен, — деп қалды Мұхтар аға. Темекісін бұрқыратып оңаша­лау тұрған Тәкен аспанға басын көтеріп бір қарады да, заңғар жазушының аңғарымпаздығына, оның әдемі сезімде тұрғанына риза болды. Тәкеннің көңілінде: «Біздің ауыл, біздің Созақ осын­дай» дегендей мақтаныш сезімі бойын билей бергенді.

- Ал құрметті қонақтарым, кет­­тік біздің үйге, — деді кеңшар директоры Балтабай Әбдіра­ма­нов.

Бәрі жеңіл көліктеріне оты­рып, жарыса шыққан жұмсақ мо­тор дауысы қонақтарды да шы­ға­рып салып тұрған. Сүгір күйшіні де «Сау болыңыздар, рақмет» де­гі­зіп қала берді. Қас-қағым сәтте өтті де кетті әлгі қызықтың бәрі. Түс көргендей болып күйші Сүгір тұр. Оның көңіліне, «ауырып жүр­ген сияқты едім, әбүйір болғанда қолымның бір сүрінбей жүріп бергенін көрмеймісің» деген ой келді.

Бұл оқиға 1960 жылдың әдемі жазында болған жай-тын. Келесі жылдың, 1961 жылдың ақпан айы­ның аяғында Сүгір күйші қай­тыс болды. Ал дәл осы жылдың шіл­де­сінде жазушы Мұхтар Әуе­зов Мәс­кеу қаласындағы емханада жа­тып дүниеден өтті. Мұхтар Әуезов пен күйші Сүгір Әлиевтің тағдырлары осылай ма еді, оны кім білген? Әйтеуір халыққа ат­тары аңыз болып тараған өнер өлкесінің екі алыбы осылай кез­десіп, қоштасқаны анық.

Қазақ деген халықтың ұсақ ұлыстардан, рулардан бірігіп, үл­кен ұлт болып қалыптасқан, та­рих­тан, көне шежірелерден бел­гілі. Ешқандай сөзге дес бермеген, ымыраға көнбеген батырлар мен ел арасындағы тентектерді тоқ­татқан ол күйдің құдіреті.

«Ақсақ құлан» күйінің аңы­зында, Жошы хан өзінің бала­сы­ның бір пәлеге ұшырағанын сезе тұрып: «Кімде-кім балам жайлы қа­ралы хабар жеткізсе, соның көмейіне қорғасын балқытып құямын» деген емес пе еді? Сонда амалы таусылған ел-жұрт бір күй­шіге бұл істі тапсырады.

Күйші оның баласының аң аулап жүріп, киелі құланның теп­кісінен өлгенін бірауыз сөз айт­пай-ақ, болған оқиғаны күйдің сазымен жеткізген.

Бұл дәстүрді қазақ ерте заман­нан-ақ пайдаланған. Күйді түсін­бейтін, күйге нанбайтын қазақ жоқ.

Халқымыздың үлкен елге, ұлт­қа айналып, бір тудың астына бірігіп, мемлекет болып қалып­тасуына күйдің қосқан үлесі зор.


Жаулыбай ИМАНӘЛИЕВ,
өнер зерттеуші, журналист

Пікірлер