Ресейді асыраймыз деп, өзіміз аш қалмайық

3183
Adyrna.kz Telegram

Ресей қаржыгерлерінің пайымдауынша, 2014 жылдан бері санкциядан көз ашпай келе жатқан Ресей экономикасы биыл қатты титықтап тұр. «Алдағы уақытта Ресей Батыспен  мәмілеге келуге тырысу керек» дейді қаржыгерлер. 

 Бірақ  қаржы омбудсмендерінің бұл пікірін ресми билік құптап отырған жоқ. Ресей президенті Путин «Батыстың әсіресе АҚШ-тың салқын қабақ танытуы да,  мұнайдың түсуі де оны аса қорқытпайтынын» жиі айтады.
Жалпы, экономист-сарапшылардың байыптауынша, Ресейде қазір азық-түлік тапшылығы туындай бастаған. Бұрын ішкі нарығын Батыстан келетін азық-түлік өнімдерімен толтырып отырған Ресейдің қазір ішкі нарығы бос қалған. Норвегия, Греция, Австралия, Аргентина, Канада елдерінен ауыл шаруашылығы өнімдерін аста-төк алатын көрші ел қазір біршама өнім түрлерінен аса тарығып отыр. 

Бұған қатысты «ендігі кезекте Ресейді Қазақстан асырай бастайды, Сондықтан бұл арада Ресейді асыраймыз деп өзіміз тарығып қалмаудың жолдарын қарастырғанымыз абзал» деген сарапшылар да болды. 

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, осы тұста Қазақстан үкіметі отандық өнім өндірушілерге нақты-нақты қолдау білдіру керек. 

«Ресей бос жатқан нарығын енді Қазақстан арқылы толтыра бастайды. Осы арада сауатты әрекет етсе, біздің аграрийлер үлкен пайда көрер еді. Сондықтан біз мынаны ескеруіміз керек. Ол үшін мына ұсыныстарды ескерсе деймін: 

А) Ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу өте маңызды. 

Ә)  Астық сақтайтын орындардың қасынан, ұн тартатын диірмен орындарын ашу қажеттілік болады. 

Б) Мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді. 

В) Біздегі бағалар мен тарифтердің өсуі тұрғындардың көпшілігінің табысынан әлдеқайда жоғары. Яғни тұрғындар бағаның өсуіне үнемі бейімделу үстінде. Бүгінде елімізде азық-түлік нарығы мен коммуналды қызмет саласындағы қалыптасқан жағдайға отандық мамандардың біразы алаңдаушылық білдіріп отыр. Азық-түлік бағасының қымбаттауы мен коммуналды төлемақының үздіксіз өсуі көпшілік азаматтардың тұрмыстық мәселелерін қиындатып та жібергені жасырын емес. Осыған орай қайсыбір Бәсекелестікті қорғау агенттігін министрлік деңгейіне көтеру керек. Бұл елдегі монополистердің бағаны орынсыз деңгейде өсіруне жол бермейтін дүние. Бағаны өсірмеуді бір министрлікке арнайы жұктесек, отандық өнім өндірушілерге тарифтерді төлеу арзанға түсіп жұмыс істеу жеңілдейді. Бұдан барып өнім өндіру көлемі де сапасы да артады. 

Міне, біз үшін алдымен осы жайттарға мән берген жөн. Сонда отандық өндіріс нақты қолдауды сезініп жұмысын алға бастырады,-дейді маман. 

Экономист-ғалымның пайымдауынша, негізінде біздің экономикалық құрылымымыз екіге бөлінеді. Қала және халықтың 47 пайызы тұратын ауыл. Сондықтан көрші елдегі жағдайды ескере отырып алдағы уақытта ауыл шаруашылығына ас мән беруліу қажет. Мамандардың пайымдауынша,  ауылдың шаруашылығын дамытуды бір ғана Ауыл шаруашылығы министрлігіне таңып қою дұрыс болмады. Бұл шаруаны Ұлттық экономика министрлігіне де жүктеу керек. 

«Тереңнен байыптағанға Ресей мен Еуроодақ арасындағы санкциялар салқынын бізге тигізбей ұтымды алып шығатын сала - ауыл шаруашылығы. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне құрылымдық өзгерістер жасаудың реті келді. Егер біз болашақта ауыл шаруашылығын жандандыра алмасақ, агро-өнімдер өндіруге, отандық ет-сүт өндірісіне жан бітіре алмасақ, онда Ресейдің кебін біз де киеміз. Біз енді Ресейден азық-түлік ала алмаймыз. Себебі Ресейдің өзіне жетпей жатыр. Мұнай арзандап, одан түсетін түсімі азайып, Еуропа елдері де ауыл шаруашылығы өнімдерін қымбаттатып жіберді. Қазір арзан азық-түлік импорты деген әңгіме жоқ. Себебі Ресейге тауар тасымалдай алмай қалған бірқатар Еуропа елдері бізге және басқа елдерге арзан азық-түлік енді бермейді. Сондықтан әркім өз күнін өзі көретін заман туып келеді. Ал бұл арада біз отандық өндіріске ғана арқа сүйей аламыз. Демек бізге шикізатты сыртқа шикі күйінше жібере бермей ең соңғы дайын өнімге дейін өнім өндіру саласының дамуына күш салу керек. Олай етпесек күні ертең бізде де аш құрсақ халық көбейеді. Сондықтан бұл арада Ұлттық экономика миинстрлігін де «ояту» керек. Бізге серпіліс қажет. Салдары болмайды. Әсері етпейді деген сөздерді ұмыту керек. Барлығын алдын-ала болжап, біліп отырған жөн»,-дейді Жұмаділда Баяхметов. 

Қарлығаш Зарықханқызы 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер