МЕН. Уыстан сусыған уақытты тағы да қолдан босатып үйден кешігіп шықтым. Есіктің алдында подъезі бір болғанымен, пәтері бөлек Света апай отыр екен. «Сәлеметсіз бе?» -деген сөзіме немкетті бас изеді де, үнсіз қалды. Әрине, біздің үйдегі көршілер мінезі сан қилы. Біреуі көңілді, біреуі тұнжыр. Есіктің алдын бағып, келгенің мен кеткеніңді аңдып отыратын көршілеріміз де бар. Немесе қашан келіп, қашан кететіні белгісіз осы кісі біздің үйде тұра ма деп таңырқай көз салар қоңсылар да кездеседі. Орысы, немісі, татары аралас он екі қабатты үйде кімдер тұрмайды, десеңізші. Зәулім үй қаншама тағдырларды бауырына басып алып үнсіз жатқан Сфиникс секілді. Туып, өсіп жатқан жұртты басып тұрған үй, әр жанұя, әр адамның тағдырларын бетон бөлмелермен бөліп-бөліп тастаған. Көрге жеткенше көрерің осы. Тек көрден айымашылығы терезесі бар, суы бар, жылуы бар. Менің ауылда тұрар туыстарым әрең қолым жеткен үйімді ұнатпайды. Жарықтық әкем осы үйге симай кетті.
Зина апай. Менен төменгі этажда тетя Зина тұрады. Күйеуі-татар шал. Қашан көрсем денсаулығы кемшін жан подъезді, есіктің алдын сыпырып жүреді. Жұмысы -сол. Күйеуі де, зейнеткер болса да бір пысық жан. Қашан көрсең, саяжайға бара жатады. Келе жатады. Жалғыз ұлдары бар, үйленген. «Өмірімнің бар тілегі- осы ұлым», «екеу еді, анау бұлғақ жылдары өлтіріп кетті» -дейді. Қашан көрсең немересінің асты-үстіне түсіп жатады. Бірақ бала-шағасымен бірге тұрмайды. Олар пәтер жалдап тұрады, қызық.
Света апай. «Осы қазақтарға таң қаламын. Аядай бір бөлмелі үйде үйіліп-төгіліп жатады. Біздің үйде де бұлар қаптай бастады. Әй, Горбачев ақымақсың ғой, ақымақсың... Табаны Тынық мұхитта, аяғы Азияда жатқан империяның тас-талқанын шығарды. Қалды таз. Ана басындағы теңбіл тәңірдің салған сайтан белгісі ғой».
Тағы ойлады. Туған жері Белоруссия еді. Сыңсыған орман, көкорай шалғын. Тіпті ақпан айында қар астынан көк шөп қолын созып жататын. Ақ қайыңнан аққан шырын жаныңа жылу, тәніңе қызу беретін.
Соғыстан соң ел қаңырап бос қалды. Әкесі жарымжан болып келді. Ал үш ағасы поселокке қайтып келген жоқ. Көңілсіз мекен соғыстың салған өртіне оранып, күл басып, түтінге тұншығып жатты. Өмір үшін болған майданда үркіп, шошынып шыққан бүлдіршін қыз баланың жас жүрегі әлде қайдан қызық іздейтін. Өмірі көркем, осыдан аздаған уақыт бұрын тіршілік қайнап жатқан Барановичи елуінші жылдары тыртығы терең, жарасы ауыр аймаққа айналған. Карточкамен берілетін қара нан, армандай асыл аппақ қант жүрек қарайтып, асқазанға мазақтай көрінетін. Барановичиде әйгілі «май балын » жасайтын бірде – бір еврей қалмаған еді. Немістер алғаш келгенде өзіміз ұстап бергенбіз дейтін жерлестері.
– Неге?
– Себебі, олар бай тұратын, тым бай. Біздің жерде тұрады. Балығымызды аулайды. Қайыңымызды сауады. Оңбағандар. Әрі ылғи бір сүтті сиырларды тауып алатын. Жидтар. Адамның жынын келтіріп шошқа жемейтін. Бізбен бірге арақ ішпейтін арамдар ғой. Арамдар.
– Ал біз неге солардай өмір сүре алмадық.
– Біз сол революцияны жасадық, трактормен далада қондық. Соқа жастандық. Ал олар тек балаларын ғана Минскі мен Киевте оқытумен әуре болды. Кулактар. Келді де немістер атып – атып тастады.
– Обал емес пе ?
– Әй, кетші олар біздің әкеміз, табынар Құдай ұлы Исаны крестке керіп өлтірген. Сол керек оларға.
Шешесімен көп салғыласпай Света үнсіз қалатын. Бірақ бәрі оған түсініксіз еді. Еврейлер, немістер, белорустар, орыстар. Осылай бөлінудің керегі бар ма дейтін жас бойжеткен. Күн ортақ, жер ортақ. Өмір шаршатқан шешесі, түні бойы ұйықтамайтын, самогонға ылғи мас әкесі суық өмірдің өзгеше суретіндей. Содан соң Сталин өлді. Шашы жайылған, шала мас шешесі, ықылық ата жылап, сандырақтап, «Сталин жасасын» деген әке. Бәрі, бәрі жас Светаның жанарында қалды.
Тың игеру деген алғашқы үндеу шыққанда Света Қазақстанға аттанды. Қимайтын түгі жоқ еді. Ескі лашық, шала мас әке мен шеше. Жастары жоқ, көңілі күз Барановичи.
Света ойлады. Мен алғаш Қазақстанға келгенде таң қалғаным кең дала болатын. Арманыңдай алыс, түпсіз шексіз дала. Даладағы күнқақты көзі қиық, сөзі жұмбақ ел.
Қазақтар түсініксіз болатын. Бұл жерде соғыс болмаған. «Тигрдің» табаны тимеген. Гаубицаны көрмеген. Бірақ бәрі жүдеу. Бақша салуды білмейді. Жалқау халық. Соғыстан бұрын аштықтан жартысы қырылып қалыпты. Сайтанның сапалақтары бәрі бірақ неге қырылып қалмаған. Осындай далада тұрып, мынандай малмен аштан өлу ақылға симас іс. Тіпті өзімен-өзі ағып жатқан Ертістен балық аулауға болады ғой. Қотыр-қотыр үйлері қандай қорқынышты. «Фу!»
Енді келіп «біз ұлы халықпыз...» Ұлы халықпыз. Өркениетті әкелген- бізбіз. Қабат-қабат үйлерді салған- бізбіз. Бәрін біз әкелдік. Қане кім қарсы шығады? Радио, теледидар, әлгі аты қалай еді компо...компьютор. Иә, бәрі біздікі. Бұлардікі не әлгі бір екі ішекті таяқ. Аты қалай еді. Ту-у. Бас қатты. Өздері шеттерінен қырт. Теледидарды қосып қалсаң сөйлейді де жатады. Жарайды, біз енді ескі құлақпыз. Бірақ есті құлақпыз ғой. Ал ұғайық, түсінейін дейсің. Түсінбеймін. Қыр-қыр, тыр-тыр. Сондықтан да спутникпен көрсететін Ресей арналарын қосып алғанмын. Рахат. Айтар ойлары көңілімнен шығады. Өткен жолы-ау деймін. Иә, өткен жолы Ресей президентімен шеттегі орыстар кездесуін көрсетті. Бұнда не айтылмады. Қайран қылыш мінез, орыстың мінезі. Біз қытай секілді үндемес қу, Америкалықтар секілді бөспе емеспіз ғой. Біз Еуразияның дауылы, құйыны, ақборанамыз. Балтықтан басталған басымыз жапонға дейін жетіп, арқамызды қытайға, маңдайымызды Еуропаға тіреп тұрмыз ғой. Біз болмасақ, грузиндер мен армяндар түріктің табанында, поляктар неміс тепкісінде, тәжіктер ауғанның астында, қазақ, өзбек қытайдың құшағында тұншығып өлер еді (өзінен-өзі күлді). Мен не, партмектепті жайдан-жай оқыппын ба?
Бірді айтып, бірге кетемін. Сонда Ресей президенті жастар Отанға келіп қызмет етіңдер деді. Ал шетте қалған кәрілерді, зейнеткерлерді егемендік алдық деп елеуреп жүрген жұрт ренжітсе, ренжітсе басқаша әңгіме айтамыз деді сұстанып. Дұрыс. Өте дұрыс. Браво. Сол күні ұйқым келмеді. Құдай-әкеге, Құдай-ана, Құдай ұлына таң атқанша мінәжат етттім. Анау 1 Петрден бастап, бүгінгі Путин үшін денсаулық сұрап, жылап, жалбырандым. Шүкір, шүкір. Маған енді не керек. Тек кейде есіме сорлы ұлым Миша түседі. Жоқ-ау, рас та. Мектепті бітірер-бітірместен бір қап-қара қазақтың қызын алып жетіпті. Үйленемін дейді. Ана басурман қыз да бір миы атала боп кеткен бәле екен. Сүйемін деп тақ-тақ етеді. Тәрбиесіз. Қажет десеңіз провослав дінін қабылдаймын деп қояды. Бетсіз. Қабылда біздің ақ жол дінімізді. Бірақ әкең мен шешең мұсылман ғой. Солай. Олар да қабылдасын. Олардың туысқандары да. Бар қазақ біздің ақ дінімізді қадір тұтсын. Содан соң... Жарайды. Ұлда да ес жоқ. Жылай ма керек. Ішіп кетті ме. Тағы бір бала болғанда. Жо-жоқ. Онда қызметті кім істейді. Қарапайым трактористен бастап обкомның бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. Бүгінгі бөспе қазақтың әкелері мен аталары бұның алдында дірілдеп, қалшылдап тұратын. «Кеңес өкіметіне қарсысыз ба?» деген бір ауыз сөз талайдың көк етін сөгіп, ішегін суырып алатын. Өкініштісі бұның кезінде ату жазасы болмады. Әйтпесе бар ғой... Шіркін. Жарайды өкініші жоқ. Ерте кетіп, кеш келетін. Ал күйеуі Алексей ұлы Миша есін жимай кетіп қалды. Опасыз. Бақытсыз сантехник. Оған күтім керек екен. Керісінше бұған күтім керек болатын. Бұл өкімет адамы еді. Ленин идеясы, коммунистік партия жолы бәрі, бәрі бүкіл облыстың моральдік ахуалы мойнында болды. Әрине шаршады. Бірақ мойыған емес. Плехановша айтқанда: «Өлген соң дем аламыз».
Бар жастығын, іш-қуатын осы жолда тастады. Аз алды, көп берді. Бүгінгі әкімдермен салыстырғанда жемек түгілі жалаған жоқ. Сөрелердің астынан алатын жарты келі қара уылдырық деген не тәйірі. Қазір кез келген супермаркетте уылдырық, балық самсап тұр. Солай... Жо-жоқ... Босқа өмір өткен жоқ. К.Маркс, Ленин, Сталин, Хрущев идеялары адастырмас сара жолдар, қайдасыңдар. Тағы да жүрегі қақты. Ескі дерт. Есіне үйдегі иті Роби түсті. Өзі күшік кезінен асыраған сатылмас, айнымас досы осы ғана қалғандай. Сондықтан да оның атын Робеспьер деп атаған. Француздың шегінбес, тайсалмас революционері екінші өмірін сол атымен бастаған. Иә, иә... Кешегі қуатты империя, парасатты партия бастаған ел бұның көз алдында күл болды. Қанттай езіліп, қардай еріді. Жойқын жұрт жойылып кетті. Ал бұлардың ішінен Сен-Жюстер, Робеспьерлер шыққан жоқ. Иә, иә... Француздардың парықты ұлдары алып елдің ішінен шықпады. Света апайдың көзіне жас келді. Иә. Итін құшақтап отырып бүгін тағы жылайды. Сорлы орыс. Бейшара орыс, сен қайда шашылып қалмадың. Еуропаның көшесінде, түріктің түкпірінде, Қытайдың Құлжасында жат жұртта сүйегі шашылған ақтың ақ иық ұлдары. «Корнет Ковалевский» мұңды романс. Кемел кеңес тараған соң Балтық бойында, Азияның аптабында, Еуропаның езуінде қалған орыстар- ай... Сендер қазақтар өз еліңде отырып еңірейсіңдер. Сендердікі не? Бізді, бізді айтсаңдаршы. Бүгін, бүгін тағы әкесі құсап... «Ой, мороз, мороз» дей отырып ұзақ, өте ұзақ отырып жылайтын болды. Света апай орнынан ауыр көтерілді.
Дала. Он екі қабат үйдің алды бірден ызғар тартып суып кетті. Сәлден соң ірі тамшылар тамды. Оларға бәрібір.
Зина апай. Қап, тағы да жауын. Бұрын осы табиғат та түсінікті болатын. Қайран кеңес кезінде орыс қысы осында болды ғой. Көшелерде орыс қайыңы сыңсып өсетін. Менің затым татар болса да, тілім орысша шықты. Бірақ ділім-ислам. Иә, иә. Мен мұсылманмын. Намазымды қаза қылмаймын. Тек мынау соңғы кезде түсініксіз болып кетті. Біз тұрған жер шет ел... Бісіміллә, Қазақстанға айналып шыға келмесі бар ма. Мемлекеттік тіл. Әнұран. Ту. Өзгерген біз білмейтін көшелер. Әрине, қазақ тілі татар тіліне сәл ұқсайды. Өкініштісі мен татар тілін білмеймін ғой. Міне, мәселе қайда. Мүмкін бүгінгі қазақ білмейтін шығар, менің бабаларым осында дін тарату үшін келген. Өз еркімен? Жоға. Сол кездегі Ресей патшайымы Екатеринаның пәрменімен указной молда болып келген. Иә. Өкіметтен жалақы алып тұрған. Орыстың ақшасы? Енді патшасы орыс болса, кеңсе тілі орыс болса, біз қайда барамыз. Жарайды. Жарайды. Өткен жолы анау әлгі облыс әкімі өзі айтты ғой «балам орыс мектебінде оқиды» деп. Кім еді. Сендердің үлкен ақындарың, Пушкин секілді мықтыларың, үй, әлгі вахаббистар секілді сақалы бар. Кім. Иә. Иә. Сол.Сол айтыпты ой. «Өнер де, ғылым да ... орыста» деп. Осында тұратын кемпір-шалдарыңның бәрі орыс тілінде сөйлеп жүреді. /күлді/. Тілдері келсін, келмесін... Жарайды сөкеті жоқ.
Света апай. Түн ортасы ауғанда Света апайдың жүрегі қысты. Жұдырық жүрек кеудесіне симай барады. Тынысы тарылды. Әлем құлай бастады. Кісі толы үй өзімен-өзі үнсіз.
Үш күн өтті. Роби кемпірдің жанына жатты да қойды. Үрген жоқ. Ұлыған жоқ. Көзін ашқаннан Света апайдың қасында өскен ит бұндайды білмейтін. Адамдар секілді болып кеткен.
Робидың қарны әбден ашты. Кемпірдің бас жағына келіп отырды. Күлімсі еттің исі шыға бастады. Роби аузын кемпірдің әжімді мойнына салды. Жей бастады.
...Теледидардан 130 ұлт тату-тәтті тұратын Қазақстан жайлы көрсетіп жатқан...
Көкжыра. 2010-жыл
"Адырна" ұлттық порталы