Қорқыт баба - мәңгілік

3080
Adyrna.kz Telegram

Қорқыт баба сөздері бүгінгі жаһандану заманы­ның мінбесінен айтылып, бүткіл дүниенің тамырын жібітіп, саңқылдап тұрған­дай әсер етеді. Орыс халқы «Игорь полкі туралы жырын» енді жиырма ғасырға асы­рып марапат­тауға, жырлауға әзір. Ал, біздер, түбіміз түркі дейтін халық Қорқыт атаның он екі жырын неге әуелетіп жырламаймыз? Мектеп оқушысы­нан бастап, академикке дейін деймін-ау?! Қорқыт баба­мыз­дың әрбір сөзін домбы­раның қос пернесіне бебеулете салып сарнатпаймыз?!
Парламенттегі шешендеріміз неге өз­де­рінің сөздерін бірлік, ерлік, адалдық, ба­тырлық жайлы бабаның парасатты, ғиб­ратты оралымдарынан бастамайды? Қор­қытты, Абайды, Мағжанды ешкім аузы­­мыздан әлі тартып алған жоқ қой.
Бүгінде қазақтың сөзі арзандап барады. Баяғының ежелгі бағзы заманында Күл­тегіннің елі, жері жайлы екі ауыз сөзге сый­ғызған арманын, біз романға айналды­рып жібердік. Гильгамешпен, Прометеймен салыстырсаң да Қорқыт аңызы тізесін бүкпейді, өз Гималайын еңкейтпейді. Неге осы әлем Қорқыттың өмірсүйгіштік рухына таң қалады?! Өйткені, жалпақ дүниені басып жүрген екібасты пенделердің ішінде бірінші рет өліммен, ажалмен алысқан Қорқыт еді.
Әлемдік ақыл мен ойдың тарихында Қор­қыт ұстаған туды, Қорқыт тартқан кәрі қо­быз күйін әлем халқы ардақтайды, пір тұ­тады. Шығыс кемеңгерлігінің көшба­сын­да Қорқыт бабаның он екі жыры тұр.
«Игорь полкі туралы жыр» жайындағы зерт­теулер екі жүз мыңнан асып кетсе, Қор­қыт есіміне байланысты материалдар са­ны әлі күнге дейін мыңға да жетпей отыр. 1300 жылдығын дүркіретіп тойладық та, Қорқытты жылы жауып қоя салдық. Осы заманға айқайлап жетіп, ғасыр дарбазасын қағып тұрған данышпанымыздың енді тағы мыңжылдығын күтіп отыра бе­реміз бе? Неміс, итальян, француз, орыс, түрік, әзірбайжан, түрікмен, қарақалпақ ға­лымдары «Қорқыт ата кітабын» зерттеп-ба­ғалауда зор үлестерін қосқаны анық. Дү­ниелік атақты эпостардың алтын қо­рынан лайықты орнын алған Қорқыт дас­таны хақында қазақ ғалымдары Шоқан Уәлихановтан бастап, арамыздан кеше ғана кеткен Ақселеу Сейдімбекке дейін ауызша таралу дәстүрін, эпосқа ұласуын, музыкалық қырларын қарастырды. Ұлы ес­керткіш Лондоннан Тегеранға дейін Батыс пен Шығыстың біраз қалаларында аударылып, басылды.
«Қорқыт қазақ халқының тарихындағы сұлу легенда, ұлы суреттің бірі. Халық аузынан қалған қандай легенда болса да, Қорқыт пернесінен асқан асқарлы бейне өткен ғасырлардың ешбірінде болған жоқ», – деп жазады академик Әлкей Мар­ғұлан атамыз. Шындығында да Қорқыт­тай көп, қилы жол шеккен, азап кешкен кейіпкер әлем әдебиетінде кемде-кем!

Оғыз-қыпшақ дәуірінде ел ағасы, ақыл­­шысы болған абыз баба әрекеттері дала тарихынан ерекше орын алады. Олай болса, әйгілі «Оғызнамеде» өтетін уақи­ға­ларға Қорқыт әулиенің де қатысы, әсері барын жоққа шығаруға болмайды. Ең бастысы, Қорқыттың тарихта болған адам екені аңыз, шежірелерде, зерттеулерде дәлелденген жағдай екені анық. Сырдария, Арал теңізі бойында дүниеге келгені қанық жай болса керек. Қорқыт аңыз Оғыз-қыпшақ ортасынан өсіп, Кавказға, Иранға, Араб елдеріне асып кеткені бел­гілі.

«Қорқыттан» «Боз ұғлан», «Көрұғлы» жырлары таралып, түркі тілдес елдердің ауыз әдебиетіне ықпалын тигізген.
Қорқыт – сәуегей емес, зерек, көреген кісі, оның әрбір сөзі терең иірімдерден туып жатады. Мәңгілік өмір іздеген кейіп­керлер дүния халықтарының ауыз әде­биетінде көп кездеседі. Бұлардан Қорқыт абыздың жолы бөлекше шығып жатады. Еуропадағы мәңгілік ғұмыр іздеушілердің жолы ертегімен шектелген. Бұлардың еш­қайсысы өлімнен қашпаған. «Қайда бар­саң да Қорқыттың көрі» деген сөз атамзаманнан қалған.
Қорқыт – болжампаз, ақын, күйші, та­рих­шы, би, батыр, абыз, қысқашы, Оғыз­дар қауымының асқан ақылманы десек керек. Қорқыт музыкантты басыбайлы ми­фологияға кіргізіп жіберуге болмайды, кейде оған Фирдоуси «Шахнамасындағы» Жәмшидтің де ролін беріп қояды. Десе де, оның жыраулығы бақсылығынан басым тұ­рады. Алайда, Қорқытқа көп нәрсені жапсыра беруге болмайды, бақсы деген атауы Шоқан Уәлиханов пікірінен кейін ба­сымдау аталып кеткен еді. Меніңше, Қорқыт бейнесін Прометеймен, Зевс, Гер­мес­пен тым жақындата беруге болмаса ке­рек. Қорқыт қобызы мен Герместің аса­тол­ғы екеуі бір нәрсе емес.

Әл-Фарабидың патшадан бастап, бүкіл залды ұйықтатып кететін музыкалық аспабы мен Қорқыт қобызының арасынан неге бір тәлімді байланыс іздемейміз? Осы ара­ны кім тап басып айтар екен дейміз. Алыс­тағы Апполоннан таяу тұрған әл-Фа­раби ба­бамыз жақын емес пе. Атамыз жа­сап кет­кен қазақтың алғашқы домбыра­сы – ерек­ше сазды қасиетті еді.

Қазақ аңыздарында, эпостық жырларында, діни дастандарында ұшырасатын бақсылар бейнесі сол жыр «Қорқыттан» бе­рі қарай келе жатса керек. «Қорқытты қа­­­дірлеудің Сырдария жағасында мың жыл­дық өнегері бар» деп, В.М.Жир­мунскийдің айтуында шындық бар. Шоқан Уәли­ха­нов­тың Қорқытты «бірінші бақсы қазақтарды қо­быз тартуға, сырын айтуға үйретті» деуі те­гін болмауы тиіс.
Қорқыт, ең алдымен, күй атасы ретінде та­нылған, «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Кі­лем жайған», «Арыстан баб», «Тәңір күйі», «Көк бұқа», «Қорқыттың елмен қош­тас­уы» біздің заманымызға аман-есен жет­ті.
Қорқыт түс көреді. Түсінде ақ сақалы бе­ліне түскен әулие қарт аян береді. «Сен бір аспап жаса. Сол қобыз жолыңа жарық түсіріп, жаныңды арашалайды», – дейді.
Сөйтіп, Қорқыт атамыз қара қобызын сар­натып, Сыр суының үстінде жүз жыл өмір сүрген деседі. Қорқыт күйлері біздің мы­на ғасырға төрт терезесі тең сақталып жет­ті ме екен, жоқ әлде, кейінгі атақты қо­бызшылардың аздаған қоспасы бар ма, осы жағын музыка мамандары ажыратып ай­тып беруге міндетті.
Кешегі өткен ер Қорқыт,
Кейінгі жанға болды ұмыт.
Сарынын соның салайық,
Ескі әуез демей құлақ тұт.
Аңғармай кетпе арынмен,
Қобызбен Қорқыт сарнаған,
Болмады жері бармаған.
Мұңлы әнмен өмір суреттеп
Сол әнін соған арнаған.
Ашулы, зарлы сарынмен, –
дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қорқыттың сарыны» толғауында. Мағжан, Сәкен, Қа­лижан және т.б. ақындар жырлаған Қор­қыт баба бейнесі қазақ халқының жүре­гін­де мәңгі сақталады, қанатты сөздері жү­ректе жатталады. «Күлді қаншама үй­генмен төбе болмас. Қара есектің басына жүген таққаннан – тұлпар болмас. Күңге сары пай шапан жапқанмен – бәйбіше болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен – жазға бармас. Гүлденіп өскен бәй­шешек – күзге бармас» депті Қорқыт дана­гөй. 1999 жылы Францияда Қорқыт бабаның 1300 жылдығына арналған Юнеско жиынында қобызбен шырқалған Қорқыт күй­лері дүрбелең дүниенің құла­ғынан кетпей, әлем аспаны мен жерін әлі тербетіп ке­леді, тербете бермек. Өйткені, өлмес өмір туралы күйді өлім жеңе алмайды.


Өтеген КҮМІСБАЕВ,
ақын, профессор, шығыстанушы,

«Қазақ әдебиеті».

Пікірлер