Лондонда еңбек етіп жүрген қазақ журналисі "16 жерде" жұмыс істейді

2028
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/whatsapp-image-2025-05-15-at-18.19.02-960x500.jpeg?token=1bbd651e111d733018057ec112b0739d
Ұлыбританияда тұратын қазақ журналисі, Лондонда мемлекеттік арна өкілі болып қызмет атқаратын Ғалымжан Қараманұлы шетелдегі өмірі, журналистік қызметі және қазақ тіліне деген көзқарасы жайлы бөлісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Sunqarnews-ке сілтеп. Ғалымжан Қараманұлы әзілмен «16 жерде жұмыс істеймін» дегенімен, шын мәнінде ол журналистика, медиа кеңес беру және әлеуметтік желі арқылы ақпарат тарату бағытында еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, Лондон сияқты қымбат қалада отбасын асырау үшін тәртіп, мақсат және жауапкершілік қажет. «Таңертеңгі сағатымды дұрыс бөлсем, кешке дейін бірнеше істі тындыра аламын», – дейді ол. Sunqarnews-ке берген сұхбатында журналист шетелде тұрып жатса да, балаларының қазақ тілін жетік меңгеруі отбасылық тәрбие мен табандылықтың нәтижесі екенін айтты. «Үйде тек қазақ тілінде сөйлейміз, ұлттық дәстүрлерімізді сақтаймыз. Жұбайым екеуміз балаларымызға ағылшыншамен қатар қазақ тілінде сөйлеткізуді басты мақсат еттік. Үйде тек ана тілімізде сөйлесеміз, қазақша кітаптар оқимыз, ұлттық дәстүрлерімізді сақтаймыз. Бұл – біздің тамырымызды ұмытпауымыздың белгісі. Бұл жұмыстың артында еңбек, шыдамдылық, кейде қаталдық та тұрады. Өйткені өзге елдің ортасында баланың тілі мен мәдениеті тез өзгереді. Бірақ отбасындағы жылы орта мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет олардың түп-тамырын сақтап тұрады. Аида, өзің де білесің, Англияда қазақша орта жоқ. Барлығы ағылшын тілінде. Тіпті, орысша да сөйлейтіндер жоқтың қасы. Сондықтан үйде ана тілімізге басты назар аударамыз», – дейді журналист. Сұхбат барысында ол жұбайына «патшайым» деп айтатынын, бұл сөздің астарында үлкен құрмет пен алғыс жатқанын жеткізді. «Жұбайым — менің тірегім, жан жолдасым. Жұмыс көп, шаршаған кездер болады, бірақ үйге келгенде маған демеу болатын сол кісі. Менің әрбір жетістігімнің артында оның қолдауы мен сабыры тұр. “Патшайым” деу құр мақтау емес, шын ниетпен айтылған алғыс. Өйткені әйел адам — отбасының жүрегі. Отбасы мықты болса, ер-азаматтың да қадамы нық басылады. Оның үстіне Ұлыбританияда тұрамыз. Бұл жақта патша жанұясы өмір сүреді. Екінші Елизавета патшайым өмірінің соңына дейін тақта отырды. Сосын бар ғой – егер жұбайымды патшайым деп еркелетсем, демек өзім де отбасымдағы кішігірім патшамын (күледі)», – дейді ол. Сонымен қатар, Ғалымжан Қараманұлы маусымдық жұмысқа кетіп жатқан қазақстандық жастар жайлы пікірін білдіріп, олардың арасында алаяқтарға тап болғандар аз еместігін атап өтті. Шетелге бармас бұрын ақпаратты мұқият тексеріп, заңды жолмен әрекет етуге кеңес берді. Бүгінде Ұлыбританияда жүздеген қазақ жастары білім алуда. Қазақ диаспорасы белсенді жұмыс істеп, ұлттық мерекелерді бірге атап өтеді. Ағылшын тілін 37 жасында меңгере бастаған Ғалымжан Қараманұлы жастарға ештеңеден қорықпауға, ұялмауға кеңес береді. «Тіл білсеңіз, әлемнің кез келген есігі ашылады. Қай жерде жүрсеңіз де, өз тамырыңызды, шыққан жеріңізді естен шығармаңыз. Армандарыңыз асқақ болсын, жүректеріңізде Отанға деген махаббат өшпесін», – деп аяқтады сөзін Ғалымжан Қараманұлы.
Пікірлер