Алаш арыстарының жәдидшілдік реформасы

16674
Adyrna.kz Telegram

Бірінші тарау

Алаш ардақтыларының ұстанымы-жәдидшілдік принцип
Ислам дініндегі дүниетанымдық реформа орта ғасырларда мұсылман дінін қабылдап, араб тілін қолданған Шығыс халықтары ойшылдарының философиялық ілімдерінің жүйесінен басталған. Исламдық философияның шығу тарихы Мутазилиттер (“ерекшеленушілер”) қызметімен тығыз байланысты. 9-ші ғасырда арабтар грек-антикалық дәуіріндегі жаратылыстану және философия ілімдеріне қатысты мұралармен кеңінен таныса бастайды. Басты назарда Аристотель философиясы болды. Ислам Философиясы – ислам өркениетіне тән рухани және тәжірибелік дүниетаным жүйесі, сол үшін ислам өркениеті мен оның философиясы дәстүрлерінің қалыптасып, дамуындағы арабтармен қатар өзге де түрлі халықтар мәдениетінің елеулі үлесі мен атқарған рөліне байланысты бұл құбылысқа анықтама беру кезінде түрлі әдебиеттерде “исламдық шығыс философиясы” деген тәрізді атаулар жиі қолданылады. Ислам өркениетінің өзіндік сипаты және айрықша ерекшелігі – ислам дінімен тікелей байланысты. Ислам философиясы мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранда тұжырымдалатын “дүниені қабылдау” ауқымында қалыптаса келіп, ислам өркениетінің жалпы мән-мазмұнын бейнелейді. Ислам философиясының даму кезеңі үшке бөлінеді:
Ислам философиясының классикалық кезеңі (8 – 15 ғасырлар);
кейінгі (15 – 19 ғасырлар)
қазіргі заман (19 ғасыр – 20 ғасырлардың 2-жартысы).

Кеңестік кезең тұсындағы қазақстандық философияда Ислам философиясы ретінде “мұсылмандық ренессанс” (“шығыс ренессансы”) деген атқа ие болған ислам мәдениетінің классикалық даму кезеңіне тән шығыс немесе араб тілді перипатетизм (жаңа аристотельшілдік) танылды. Көрнекті орта ғасыр ойшылдары Әбу Наср әл-Фараби, Әбу-л-Уәлид Мұхаммед ибн Сина, Әбу Әли ибн Рушджәне т.б. перипатетизмді дамытып, ислам өркениетінің талаптары мен ізденістеріне сай келетін көне философиялық дәстүрді мирас ете отырып, орта ғасырлық Батыс Еуропа ғалымдарының философиясы ой-пікірлеріне ықпал етті. Сондай-ақ, қайта өрлеу дәуірі мен жаңа заман философиясына өз әсерін тигізді.
Ислам өркениетінің тарихында 19 ғасырлардың басы – 20 ғасырлардың ортасы – нарық қатынастарының дамуына, ұлттық буржуазияның қалыптасуына, ұлт-азаттық қозғалыстарға байланысты күрделі де қайшылыққа толы “реформалар” кезеңі. Ғасырлар бойғы оқшаулықтан арылу мен техногенді өркениет жетістіктеріне, дүниежүзілік мәдениетке қосылу процесі Ислам философиясында дәстүрлі қағидаларды жаңаша ой елегінен өткізу қажеттігін тудырды. Дәстүрлі дүниетанымдық ой-пікірдің іргесі шайқалып, зайырлы білімге, ғылым мен техникаға қызығушылық оянды. Бұл процесс Батыс идеяларының ықпалымен жүргізілді, сондықтан “Шығыс – Батыс” мәселесі бүкіл философия мәселесі ішіндегі ең өзектісі болып саналды. Егер 19 ғасырлардың басында Ислам философиясында дін мәселесі басты үстемдікке ие болса, 19 ғасырлардың 2-жартысынан бастап конституционализм, парламентаризм, бостандық, ұлт, т.б. мәселелер қозғалды. 20 ғасыр қарсаңында Ислам философиясы, әсіресе, Египет, Түркия, Сирия т.б мұсылман мемлекеттерінде еуропалық ой мен мәдениетке қызығушылықтың оянуынан, мұсылмандардың отаршылдыққа қарсы күресіне ойысты.  Әлеуметтік-саяси мәселелерді шешудегі ағартушылық көзқарас жаңа заманғы Ислам философиясының айрықша белгісіне айналды. Басты назар қоғамға пайдалы тұлға ретінде адам мәселесіне, адамгершілік мәселелеріне аударылды. Алайда, бұл Ислам философиясы дәстүрлі құндылықтарды мүлдем ұмытты деген сөз емес. Ол Батыстың философия идеяларын ислам өркениеті негіздері тұрғысынан, дәстүрлі ислам дүниетанымы тұрғысында қарастырды. Әлеуметтік-саяси және мәдени жағдайлардың өзгеруі барысында ынтымақтастық мәселесі жаңаша қарастырылды. 20 ғасырлардың 2-жартысы Ислам философиясының алдына мүлдем жаңа – демократия, философиялық-теологиялық және әлеуметтік ойды нарықтық өзгерістер мен индивидуализм тұрғысынан дамыту мәселелерін қойды.
Ислам философиясында Әбу Наср әл-Фараби идеяларының рөлі мен маңызы ерекше, әл-Фарабидің ең басты еңбегі мен жетістігі, гректер мұрасын араб тіліне аударып шығыс халықтарына жеткізуінде,ал қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай өзінің философиялық дүниетанымдық мәселелерін бабамыз әл-Фараби еңбектері арқылы қарастырады. Абайдың “Отыз сегізінші қара сөзінде” Жаратушы мен ол жаратқан дүниенің тұтастығы принципін сатылап көрсететін оның діни-философиялық тұжырымдамасының түйіні тарқатылады. Абай тұжырымдамасындағы Жаратушыға көзқарас пен оған қызмет етудің екі қырын, бағытын нақты және анық бөліп қарау қажет: біріншісі – ақыл-сана күшіне сүйене отырып, сенімнің не үшін қажеттігін анық түсініп, оның принциптерін ұстанып, исламды қабылдау, екіншісі – исламды соқыр сенімге сүйеніп қабылдау. Абай әрбір адам үшін ең бастысы сенімнің күштілігіне сену және сенімді тек ақыл арқылы ұғынуға ұмтылу керек деп білді. Қазақ ойшылының айтуынша, адамға Алла берген ақыл-сана оны Құдаймен жақындатады.

Білім-ғылым қай заманда болмасын қоғамның ілгері жүруіне немесе кейін қалуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бұл тарихи шындық, аксиома. Ал қазақ халқы Ресей империясының боданы болғанынан бастап өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан, елдігінің тұғыры болған тілінен, дінінен, ділінен, салт-дәстүр мен мәдениетінен айрыла бастады. Империялық амбиция импульстері қазақ халқына ауыр тиді, содан кейін билікті қолған алған кеңестік басшылық та осы жолды ары қарай жалғастыра түсті. Ресейге бағынышты болған барлық түркі халықтары үшін бұл ортақ тарихи сипат болды. Сондықтан да барлық түркі халықтары біріксе ғана егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздігін алуы мүмкін еді. Осы орайда қырымдық татар ғалымы, дін реформаторы И.Гаспринский тарихи сахнаға шықты.
Гаспринский әлемдік энергияны өз бойына жинақтаған пассионар тұлға болды. Ол өзінің өмірлік күш-жігерімен қасындағы жақтастарын рухтандырды, өзінің бойындағы энергиямен қуаттандырды. Нәтижесінде әр жерде бас көтерулер орын алып, ислам дініне негізделген жаңаланған білім-ғылымды ту еткен зиялылар пайда бола бастады. Мысалы, ХХ ғасырдың 10-шы жылдары Қазақстанда – Алаш, Әзірбайжанда – мусават, Қырымда – милли-фирк, Татарстанда – иттифак әл-муслимин, Өзбекстанда «жадидизм» атауымен ағартушылық, демократиялық, саяси бағыттар шықты.
Жәдидшілдік (арабша ﺠﺩﻴﺩ- жаңа, жаңа тәсіл- ﺍﻠﺠﺩﻴﺩ ﻮﺼﻭﻝ )- ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Повольже, Қырым және Орта Азия мұсылмандарының мәдени-реформаторлық, саяси-қоғамдық қозғалысы. Бұл сол уақыттағы мұсылмандардың қоғамдық-саяси өміріндегі негізгі қозғалыс. Жәдидшілдік тек таза діни немесе дүниауи бағыт қана емес, білім жүйесін, қоғамдық-философиялық ой-сананы, этикалық нормаларды қамтыған синтетикалық ағым болды. Жәдидшілдік қозғалысы Ислам дінін ағартушылықпен, ғылыммен үйлесімді қолдана білді.
Бұл идея мұсылмандар арасына татардың атақты ағартушысы, педагогы ,дін реформаторы мен жазушысы әрі саяси-қоғамдық қайраткері И.Б.Гаспринский арқылы таралды. Ол Қырым татарлары арасында заманауи идеяларды таратушы, және артта қалған ислами мәдениетінің модернизаторы.
И.Гаспринскийдің шетелдік сапарлары оның дүниеге көзқарасының қалыптасуына әсер етеді. Осы кезеңдерде ол мұсылмандардың рухани өмірінде өзгерістер керектігін түсініп, діни принциптерді сақтай отырып, ғылыми-техникалық прогреске негізделген реформа жасауды ойға алады. Осы мақсатқа жету үшін И.Гаспринский Қырым таталары және орыс тілдерінде шығатын алғашқы ұлттық газет «Терджиманды» (Аудармашы) шығара бастайды. Бұл газет ұзақ уақыт бойы Ресей империясында шығатын жалғыз түркітілдес басылым ретінде танылып, ХХ ғасырдың бас кезінде әлемдегі ең көне мұсылман газеті ретінде саналды. «Терджиман» газеті 35 жыл бойы қызмет етіп, 1918 жылы жабылады. Жәдидшілік идеясы мен түрік бірлігі осы газет арқылы көптеген елдерге таралды. Мұхтар Әуезовтың айтуынша, Абай «Терджиман» газетін жаздырып, үзбей оқыған екен.
Жалпы Исламдық шығыстағы ағартушылық-реформаторық модернизация Исмаил Гаспринскийдің атымен тығыз байланысты. Өйткені ол жәдидшіліктің жалпы әлемдік қозғалысқа айналуына бірден бір себепкер болған кісі. Осы идеяның негізінде бүкіл түркілер бірлігі идеясы таратылды. Түрікшіл жәдидшілердің ықпалымен сол кездегі заманауи ғылым мен біліммен қаруланған, инновациялық сипат алған медреселер ашылды.
И.Гаспринский түркі халықтарының бірлігі рухани, тілдік, мәдени ынтымақта болып, «Тілде, пікірде, істе бірлік» ұранын өмірінің басты кредосы етіп алды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Балканнан Қытайға дейінгі аралықтағы түркілерге түсінікті ортақ тіл қолдану басты шарт болып табылды. Мұндай ортақ тіл «Терджиман» газетінің беттерінде пайдаланылды.
Түркістандық жәдидшілер үшін И.Гаспринский мұсылмандық көшбасшылықтың жаңа символы болды. Оның мұсылман қоғамын реформалаудың идеялық концепцияларын, түркі халықтарының мәдени, саяси, тілдік және тарихи тамырластық пен тағдырларының ортақтығы Түркістандық жәдидшілердің дүниеге көзқарасына қатты әсер етті. Қазіргі Түркия мемлекетін прогрессивті Еуропаға жақындатқан атақты Кемал Ататүріктің реформаларына да Исмаил Гаспринскийдің жәдидшілік-модернистік еңбектері себеп болғаны бәріне белгілі.
Орыс зерттеушілері мен саяхатшыларының еңбектерімен қатар Қазақ даласындағы оқу-ағарту жүйесі жөніндегі мәліметтерді қазақ ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаевтардың (1845-1904) еңбектерінен де кездестіре аламыз. Қазақ халқының мәдениеті мен ағартушылығын дамытуға көп үлес қосқан ағартушы-демократ Ш. Уәлиханов болатын, ол Қазақстан мен Орта Азия халықтарының артта қалуының басты себебі монархиялық тәртіп пен ислам діні деп түсінді, бұқара халықтың аяусыз қаналып отырғанын көре білді, халықтың тілегімен санасып, мүддесін қорғады, сонымен қатар Қазақ даласындағы басқарушылық тәртіптің өзгеруін қалаған еді. Ол «Қырдағы мұсылмандық туралы» атты очеркінде ислам дінін қатал сынға алып, жалпы дін атаулының білім мен ғылымға, мәдениеттің дамуына кедергі келтіретінін айтып, тоқырау мен құлдыраудың себебі болған, халықтың басын айналдырып, санасын улаған дінді орта ғасырлық идеология деп санады.
Шоқан Уәлихановтың ағартушылық көзқарастарын одан әрі дамытқан педагог Ы.Алтынсарин болды. Жаппай қазақтардың білім алуының ауадай қажеттігін түсінген ол, Қазақ даласында зайырлы білім беру үшін күресті. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақ даласындағы мұсылмандық мектептердің артта қалушылығын сынап, діни догмамен шектелген қарапайым білім берудің орнына жаңа үлгідегі ағартушылықтың негізін қалады. Дегенмен жаңа әдісті мектептерде барлық пәндерге қосымша діни білім де оқытылды, өйткені бұл кезеңде жәдидшілдіктің Қазақ даласына ықпалы болып, ол Ы.Алтынсаринге де өз әсерін тигізді. Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің негізін салушы, алғашқы қазақ әліпбиінің авторы және қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралы «Қырғыз хрестоматиясын» жазды. Сонымен қатар, революцияға дейін осы тақырып турасында зерттеулер жүргізіп еңбек қалдырған бірнеше авторлар бар. Бірақ, Орта Азия зерттеушілерінің еңбектері бізден гөрі біршама жарыққа көптеп шыққан болатын.
Ал Кеңестік кезеңде жәдидтік қозғалысқа арналған іргелі еңбектер аз, жоқтың қасы. Себебі, тоталитарлық жүйе ислам дінінің негізі бір Құдайға сену догмасына түбегейлі қарсы болды, оның орнына бір партиялық жүйе, көсемдік басшылық насихатталды. Алайда, ХХ ғасырдың бас кезінде жәдидтік қозғалысқа ерген қазақ зиялылары анық басып айтпаса да, ғылым мен діннің жаңа формада үйлесуін қолдап, қазақ жастарын озық ғылым-білім жетістіктерімен сусындауына үгіттеді.
Жәдидшілдік – ұлттық рухани серпілу негізі деп есептейтін белгілі филолог Дихан Қамзабекұлы: «Біздің ұғымымызша, жәдидшілдік – Ресей империясының мұсылман аймақтарына ортақ дәстүр мен жаңашылдықтың синтезді құбылысы. Оны қарапайым тілге аударсақ «жаңару», «елдікті сақтау үшін жаңа бағыт ұстау» дегенге саяр еді», – деп пайымдайды. Ғалымның пікірінше, жәдидшілдік - бірыңғай саяси сипатты қозғалыс емес, ол – ағарту ісі мен руханиятты тұтастай қамтыған идеялық негізі бар концепция, әрі ағым болған және қозғалыстың дамуы біртекті болмаған. Қазақ даласындағы жәдидшілдік екі асудан, біріншісі, 1890-1911 жылдар – үйрену, тәжірибе жинау шағы. Ал, екіншісі, 1911-1920 жылдар – жәдидшілдік кең өріс алып, Алаш қозғалысына ұласу шағы деп көрсетеді.
Жәдидшілдер мен «Иттифак әл-муслимин» бағдарламалық құжаттарындағы ұлттық идея мәселесін қарастырған А.А. Кульшанова өзінің «Парадигмы советской национальной политики в Казахстане в период становления тоталитарного государства (1917-1936 гг.)» деген монографиясында жәдидшілдердің қызметіне тоқталған. Ғалымның пікірінше, жәдидтердің қызметі қоғамдық-саяси ойдың дамуына әсер етіп, ұлттық, либералдық идеологияның қалыптасуында маңызды орын алған. Сонымен қатар, ұлттық интеллигенцияның идеологиялық және әлеуметтік-тәжірибелік қызметінде саяси бағдардың күшеюінен жәдидтер мәдени-ағартушылықты жақтаушылар, қоғамдық-саяси институттарды реформалаушылар және отаршылдық бұғауына қарсылар деп жіктелгенін атап өтеді .
А. Кульшанованың көрсетуінше, жәдидтердің идеялық-теориялық көзқарастарына батыстық либералдық теориялар мен әлемдік отаршылдыққа қарсы қозғалыстардың тәжірибесі негіз болған. Бірақ жәдидшілдер Еуропа мен Ресейдің көптеген ағартушылары сияқты дінге қарсы болған жоқ, қайта қоғамды ілгері жетелеу үшін мұсылмандардың бірігуіне қажетті фактор ретінде исламды сақтау керек және ислам діні ортағасырлық схоластикасынан тазарса, онда ол рухани жаңарудың маңызды құралы болады деп есептеген .Бастапқыда жәдидшілдердің қызметі Түркістан халқын әлеуметтік, экономикалық және саяси артта қалушылықтан алып шығатын мықты идеологиялық қару ретінде қолдану үшін, мұсылмандық діни мектептердегі дәстүрлі білім беру жүйесін реформалауға, жаңа әдісті мектептер құру, баспа ісін жандандыру, театр және т.б. мәдени мекемелерді ашуға бағытталды. Түркістан жәдидшілдерінің негізгі үлесі орыс отаршылдығына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысын саяси негіздеуінде болды.
ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық мүдде туының астында бірігіп, шоғырлануы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл кезеңде Ресей империясының шеткері аймақтарындағы халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарында, оның ішінде қазақ даласындағы көтерілістер барысында (жалпы отаршылдық пен тоталитаризмге қарсы қазақтардың 300-ге жуық көтерілісі белгілі) ұлттың жаңа зиялы қауымы қалыптасты, осы ұлттық интеллигенцияның қызметі нәтижесінде отаршылдық қысымымен басылып қалған этноәлеуметтік топтардың ұлттық өзіндік сана-сезімі жаңғырды. Бұл тұста қазақ халқында «төңкеріске дейінгі немесе «ұлтқа дейінгі» қоғамдық сана-сезімінің басым болғандығына қарамастан ұлттың біртұтас ұлттық топ екенін білдіретін қазақ халқының бірегейленуін – ұлт болып қалыптасудың әлеуметтік және саяси негізін қалады. Ұлт болып қалыптасудың да, ұлттық зиялы қауымның топтасуының да бас кезеңінде діни фактордың басымдылығы күшті болды. Реформаторлар ислам дінінің пайдасына ғылым, білімді игерудегі жаңалықтарын таратуға күш салатын «жәдидизм» деп аталатын жаңа бағытта оқытудың үлгілерін ұсынған болатын.
Жәдидшілдік қазақ қоғамына үлкен сілкініс әкелген жаңалық болды. Егер бұрын қазақ халқы бес уақыт намазды білумен ғана, діннің догматтарын сақтаумен ғана шектелсе, енді Қасиетті құранды қолына алып оқып, оның зайырлы білім мен ғылымға да жөн сілтейтінін білді. Бұл діни – ағартушылық ағым дәл осы кезде қазақ халқы үшін қажет қоғамдық сұраныс болатын. Алаш зиялыларының да көпшілігі бастапқы сауатын осы жәдидтік бағдардағы исламдық діни медреселерден ашқан еді.
Ұлт-азаттық қозғалыстың діни мұсылмандық ағымының кең етек жаюы жәдидиттік қозғалысқа ұласты. Бұл қозғалыстың саяси философиялық мәні қоғамдық өмірдің барлық саласына қатысты болды: діни мұсылмандық теологияның өзін модернизациялық нышандарға сәйкестендіру, әйелдің қоғамдық құқығын кеңейту, білім саласындағы реформалар, біртұтас әдеби тілді негіздеу және т.б. Былайша айтқанда, патшалық империяның мұсылмандық түркі халықтарының пантүркистік сипатта, бірыңғай ортақ мәдени бірлігі негізінде жаңа бірегейлік сана-сезімді қалыптастыру еді. Тағы бір айта кететін мәселе, мұсылмандық интеллектуалдардың саяси қызметіне баға беруде, мынаны байқауға болады: территориялық автономияны идеялық тұрғыдан негіздеуде «рухани өзгешелікті» қорғап қалу үшін «территориялық шекаралармен» сәйкестендіру талабы. Метрополия тарапынан сыртқы мәдени экспансияның күшті ықпалына тап болған қазақ халқы, зиялы қауымның басшылығымен өзінің ұлттық және дәстүрлі мәдениетін сақтап қалуды мақсат тұтса, екінші жағынан, ұлттық элитаның реформаторлық тобы – еуропалық орыс мәдениетін игеруге деген ұмтылыстарымен ерекшеленді. Бұның өзі өлкеде саяси белсенділіктің одан ары күшеюіне мүмкіндік беріп, қазақ халқының саяси құқық жөніндегі еуропалықтардың көзқарастарын анықтап, одан тағылым алуға септігін тигізді. Қазақтардың өздерінің көшпенділік өмір салтын романтикалық тұрғыдан қабылдауы, кейіннен қазақ халқының ұлтшылдығының қалыптасуының басты компонентіне айналды.
Белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай ағамыз бізде қазақ қоғамының, ұлттық сананың, ұлттық зерденің даму жолы толық зерттеліп болған жоқ ,біз қазақ ұлты жәдидтік қозғалысты толық түсінбей, оның қазақ қоғамына әсерін бағаламай, қазақтың санасын ұлы өркениетке бастаған сара жол, қозғаушы күш – жәдидтік қозғалыс екенін түсінбей, біз, өткенімізге, оның ішінде ХІХ-ХХ ғасырдағы руханиятымызға толық баға бере алмаймыз. Жәдидтік ағым- біздің бүгінгі дүниетанымымыз. Өзі діндар бола тұра, Абай неге молдаларды сынайды? Дінге қарсы ма, жоқ, оны оқытудың жолына қарсы. Жәдид – реформа деген сөз. Осы бағытты ұстанушылар бүкіл мұсылман әлеміне, түркі дүниесіне, қазақ елініне Бостандық, Өркениет, Ұлттық діл, ұлттық тіл, ортақ күрес жолы деген идеяны әкелді. Соның нәтижесіне Түркиядан бастап бүкіл араб елі, ең соңында Қазақстан тәуелсіздікке көз жеткізді. Ал жәдидтік ағым Мәүтәннәбиден, әл-Мағриден, Әл-Фарабиден, Ибн-Синадан, Рушдиден, Дауаниден басталып, Маржани, Ауғани, Ғабдуһудің тұсында ұлы танымдық, саяси, ұлт азаттық идеяға айналды. Ғылымның есігі қайтадан мұсылман жұрты үшін айқара ашылды. Біз Алланы қалай танимыз, Құранды қалай түсінеміз, оны заманға қалай тәпсірлеп түсіндіреміз, қалай өркениетке жетеміз, мұның барлығы, жәдидшілердің тәпсірлерінде кеңінен талданады. Біз Абайдың даналығығына таң қаламыз. Бәрін іштен оқып туғандай. Оның сыры неде? Оның сыры осы жәдидтік ағымның ілімінде. Ұлт азаттық идесы, әр ұлттың өз тілінің заңдылығына орай грамматикасы мен емілесі болуы, ғылымға сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет құру, міне, жәдидтік бағыттың ділі. Егерде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында барлық мұсылман елі, исі түркі жұрты бодандықта болды. Қазір солардың бәрі де азат. Тәуелсіздік алар тұста және тәуелсіздік алған соң мемлекеттік идеология мәселесіне ептеп араласқаным бар. Сонда мен жәдиттік бағытты негіз еткен Алаш идеясын нысана етіп ұстандым деген сөзі бар еді.
Сол айтылған тұжырымдармен толықтай келісе отырып жәдидтік діни реформаның «19-20»ғасырда фундаментін қалаған Исмаил Гаспринскийдің исламның қайнар көзі болып табылатын Құранның негізінде модернистік діни дүниетанымы туралы ойы кітабымыздың келесі тарауында кеңінен баяндалады.

Жалғасы бар...

Тұрарбек Құсайынов

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер