Биыл халық композиторы, шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлының туғанына 130 жыл толады. Біз осы мерейлі датаға орай Сүгір мұраларының жанашыры, өнер зерттеуші, зейнеткер журналист Жаулыбай Иманәлиевпен сұхбаттасқан едік.
- Жәуке, сіз атақты Сүгірді өз көзіңізбен көре алдыңыз ба?
- Мен 1954-55 жылдары Созақ елді мекенінде Сүгірдің қызы — Ұлбаламен бір сыныпта оқыған жайым бар. Ол кезде ағам — Төлебай Тасболатов аудандық партия комитетінде аймақтық хатшы (зональный секретарь) болып қызмет ететін.
Ағаларымыз Сүгірдің кім екенін, әрине, білген болар. Ал біз бала болдық, шала болдық, Сүгірдің ол кезде қадірін біліп үлгермеген едік. Кейін Төлебай ағам қызметіне байланысты аудан орталығы — Шолаққорғанға көшіп келді.
1958 жылы оныншы сыныпта оқып жүрген кезім. Қыркүйек айының аяғына таман, мектеп оқушыларын автобуспен мақта теріміне алып кетті. Ол кезде мақта терімінің науқанына үлкен-кіші азаматтардың бәрі түгел қатысатын. Мені аудандық мәдениет үйінің басшылары арнайы өтініш жасап, бұл жұмыстан босатып алып қалды. Ондағы себеп — менің домбыра тартатын өнерім еді. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен әнші-күйші, биші, жыршыларды жинап, екі ай ауданның барлық шаруашылықтарын аралап жүріп, концерт қойғанымыз есімнен кетпейді.
Менің тартатыным — домбыра, сосын мондолин. Әншілерді мондолинмен сүйемелдеймін. Құрманғазының «Балбырауын» күйін, сонан соң Дәулеткерейдің «Құдашасын» домбырада жеке орындайтыным бар.
Қазан айының ортасында Созақ совхозына бардық. Созақтың шетінде Калинин атындағы бөлімшенің шағын мәдениет үйінде концерт қоятын болдық. Далада, мәдениет үйінің алдында өңкей өнерпаздар шүйіркелесіп, әңгімелесіп тұрғанбыз.
Басында ақ қалпағы бар бір кішкентай шал келіп бізбен амандасты.
- Иә, балаларым, ауылға келіп қалыпсыңдар ғой, — деп бәрімізбен амандасты да, жөніне кетті. Көркемдік жетекшіміз — Аманбай Әміреев деген ағамыз: «Жаңағы қарияны танисыңдар ма?» деді. Біз әрине, танымаймыз. «Бұл Алматыдағы атақты қылқобызшы — Жаппас Қаламбаевтың жақын ағасы әрі ұстазы» демесі барма. «Аты-жөні кім?» дейміз. «Сүгір деген күйші шал. Бұл қарияның білмейтін күйі жоқ» деді.
Басқаны қайдам, менің ішім қылп ете қалды.
- Әй солақай інім, сен енді саспай, орындайтын күйлеріңде ширақтау болуға тырыс, — деді Аманбай ағамыз, маған қарап.
Бір кезде көзтаныс — Сәуірбек Қарбазов деген осы Созақтың жігіті келіп, бізбен амандаса берді. Өзі бізден үш-төрт сынып жоғары оқитын, домбырашы атанып жүрген осы ауылдың белгілі жігіті. Серейіп өсіп, ұзын сарының өзі болған.
- Жаңағы келіп, амандасып кеткен шал — Сүгір деген атақты күйші. Ол да сен сияқты солақай. Бас-аяғын түгел, дұрыс білетін күйлеріңнен тарт, — деді.
Ішімнен: — Қап, бәле болды-ау, — деп тұрмын.
Менің сенетінім мондолин. Бәтима деген әнші қызымызды сүйемелдеп саханаға қайта-қайта шығатыным бар. Ол жақсы әнші. Мондолинді бұлбұлдай сайрататын кезім.
Концертіміз басталды. Кезегім келіп, домбырамды ұстап, саханаға шықтым.
- О — о, солақай шықты, — деп көпшілік «гу-у» етіп барып басылды. Ең алдыңғы қатарда Сүгір қария, оның қасында екі езуі екі құлағына жетіп Сәуірбек отыр.
Алдымен Дәулеткерейдің «Құдаша» күйін орындадым. Күйді аман-есен сүрінбей аяғына жеткізген сияқтымын. Жұрт гуілдетіп қол соғып, біразға дейін басылмай тұрды.
Екінші кезекте Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындадым. Күй аяқталған сәтте, шағын мәдениет үйінің төбесін төңкеріп жібере жаздап, қол соқпасы бар ма. Концертіміз аяқталып, сыртқа шықтық. Сәуірбек келіп, менің арқамнан қағып: — Өй інім, жарайсың, жақсы орындайтын болыпсың ғой. Сүгір қарияның не айтқанын айтайын ба? — деді.
Жігіттер мен қыздар: — Иә, айт-айт, — деп қалды.
«Басқаларын қайдам, ана солақайдан қорқам. Содан түбінде бірдеме шығады» деді ғой деп, менің арқамнан қайта-қайта қағып қояды.
Кім біледі? Сүгір ақсақалдың да аузына Құдай салды ма екен. Кейін университет бітіріп келіп, облыстық газетте қызмет етіп жүріп, сол қарияның артында қалған күйлерін жинадым. Күні бүгінге дейін Сүгір күйінің орындаушыларын насихаттап келемін.
- Сүгірдің жалғыз дана суреті сақталған. Оны да бірінші тауып жариялаған сіз көрінесіз…
- Сүгір Созақ ауылында 1961 жылы ақпан айында сексеннен асып қайтыс болған. Бұрын бірде-бір суреті сақталмаған деп келдік. Сөйтсек, жалғыз данасы сақталған екен. Оны мен 1971 жылы Сүгірдің үлкен қызы Ұлбаланың үйінен таптым. Ол үйге мені Өмірзақтың екі баласы Сабыр мен Әбіл ертіп барды. Суретті табуыма сол екеуі қол ұшын берді. Оны кім түсіргені белгісіз. Сүкең әдетте суретке түсуді қаламайтын кісі екен. Діндарлығы да себеп болуы мүмкін. Суретші, сірә, Сүкеңе білдіртпей, күй тартып отырғанда түсірген-ау. Осыдан басқа Сүкеңнің ешқандай суреті қалмаған. Бұл сурет сол кезде өзім қызмет істейтін «Оңтүстік Қазақстан» газетіне «Сүгірдің суреті табылды» деп 1971 жылы 30 желтоқсан күні жарияланды.
- 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Қаратау шертпелері» деген күйлер жинағын шығарыпсыз. Журналист мамандығын алмағанда, күйші болар ма едіңіз?
- Менің екі өкінішім бар. Біріншісі — Сүгірдің орындаушылығын өз көзіммен көріп, тыңдай алмағаным. Екіншісі — Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында оқымағаным. Әке жолын қуып, журналист мамандығын алдым. Түзде жүрсем — журналистпін, үйге келсем күйшімін. Есіл-дертім күйшілер мен жыраулар.
- Қанша дегенмен көнекөз күйшілерді көп көрдіңіз, қазіргі күй орындаушыларға көңіліңіз тола ма?
- Осы жетпіске келген шағымда, аңғарғаным; қазіргі жас орындаушыларда салиқалы мінез жоқ. Бәрі зуылдақ, сылдыр. Бірін-бірі айнытпай қайталайды. Осыған қарағанда «нотамен сауаттанудың пайдасы мен зияны бірдей ме, қалай өзі?» деп қаламын кейде.
Оу, кешегі Дина Нұрпейісованың, Әбікен Қасеновтің орындаушылық мінездері, үлгілері сияқты неге бола алмай-ақ жүр? Тіпті төрт-ақ класс білімі бар — Төлеген Момбековтің орындаушылығына жете алмай қор болып жүрміз.
Сүгір мен Мафрузаның күй сайысындай өнерлер қайда қалған. Теледидардан көрсетіліп жүрген даңғаза, жалған, күй сайысын жасап, елді жас бала сияқты алдаймыз келіп, алдаймыз. Ең соңында, «Адай» күйімен немесе «Сарыарқаны» қосылып тартып, күй сайысын бітіреді.
Шынайы айтыс, шынайы сайысты бір көре алсақ, шіркін! Кімді-кім қанша рет сүріндіреді. Қандай өрнегімен, қандай бояуымен? Сөйтіп, біріне жеңіліс, біріне шынайы жеңіс беріп, марапаттауға болмас па?!
Өтірік, жаттанды, дайындалған сайыспен күйшілердің беделі артпайды, қайта әбүйірден жұрдай болып шығады. Өйткені олар өтірік тартысып отыр. Не сүрінбейді, не жаңылмайды. Бәрін біліп отырған автомат әшейін. Артық айтсам, күйші бауырларымнан кешірім сұраймын.
- Қазір Сүгірдің көзін көрген күйшілер қалды ма?
- Жоқтың қасы. Тек Кентау қаласында тұратын, жасы сексеннен асқан күйші — Самар Сүйіндікұлы бар. Ол Сүгірді көрген, күйлерін тыңдаған. Өзі жан-жақты күйші. Кезінде Самардың әкесімен Сүгір жақсы араласып, сыйласып өткен өмірден. Сүйіндік те күйші екен, жасы Сүгірден үлкен болыпты.
Жаңаарқада тұратын жасы жетпістің бесеуіне келіп қалған күйші — Фазыл Тұтқабеков бар. Ол Әбікеннің «Қоңырын», Тәттімбеттің «Көкейкесті», «Сарыжайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ» күйлерін, Сүгірдің «Кертолғауын» тамаша орындайды.
Сүгірдің көзін көрген, орындаушылығын әбден тыңдап өскен тағы бір күйші, манағы мен айтқан — Сәуірбек Карбозов бар. Ол Түркістан қаласының қасында бір кішкентай елді мекенде тұрады. Оның жасы да жетпістің бесеуіне келді. Жас кезінде жақсы күйші болатын. Сүгір күйлерін біледі. Сол жігітке менің бір қолым жетпей-ақ қойды. Әне-міне деп жүргенімде өліп қалмаса болғаны.
- 2007 жылы Астанада өткен Сүгірдің 125 жылдығына қатысып, күй тарттыңыз ғой деймін. Қалай өтті, көңіліңізден шықты ма?
- Күләш Байсейітова атындағы опера-балет театрында тойлағанбыз. Мен Сүгірдің «Аққу» күйін тарттым. Сонда сахнаға шыққан жиырмадан астам күйші өнер көрсетті. Солардың төрт-бесеуі ғана Сүгірдің шығармаларын орындады. Басқалары өздерінің бұрыннан орындап жүрген күйлерін тартып, жөніне кетті.
Оу, арнайы Сүгірдің тойына шақырылған соң, ең болмаса кейіпкердің бір күйін орындау керек қой.
- Енді биыл мұндай кемшіліктерді қайталамаған жөн дейсіз ғой?
- Сүгірдің бейнесі бар кеудеге тағатын значоктар ма, әлде медаль ма, сондай-ақ Сүгірдің бейнесі бар грамоталар дайындау керек сияқты. Жас «судырахмет» күйшілерді қоя тұрып, жасы үлкен, Сүгірдің көзін көрген орындаушыларды алдымен сахнаға шығару керек. Солардың орындаушылығын жазып алып қалу керек сияқты. Енді бес-он жылдан кейін, кім бар, кім жоқ?!
Қазір Сүгірдің шығармаларын Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің, Нұрғиса Тілендиев атындағы этнографиялық, «Отырыр сазы» фольклорлы оркестрінің бағдарламаларында орындалып жүр. Астана мен Алматы консерваториясының оқу бағдарламаларында Сүгір күйлері егжей-тегжейлі зерттеліп, оқытылуда. Симфониялық оркестрмен «Аққуды», «Бозінгенді», «Телқоңырды», «Ыңғайтөкті» орындап жүргенін арагідік құлағымыз естіп қалатыны бар. Жалпы, Сүгір шығармалары Қазақ мәдениетінің әрбір саласында жиі қолданып жүр. Теледидарда, Радиода, «Қазақфильм» туындыларында пайдаланылады.
Сүгірдің атағы мен шығармалары құндылығы жағынан, Құрманғазы мен Тәттімбет, Қазанғап пен Динаның деңгейіне көтерілді десем, артық болмас.
Егеменді ел болдық. Кешегі Кеңес өкіметінің кезінде қудалауға ұшыраған Сүгір сияқты дарынды, өнерлі тұлғалардың тойын лайықты қарсы ала алмасақ, бізге жас ұрпақтың алдында сын емес пе?!
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Төреғали ТӘШЕНОВ