Қытай мен Ресей Кашмирдегі қақтығысқа алаңдаушылық білдірді

1107
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/img_7478-960x500.jpeg?token=3eddc36d9139ecb2f5d4be8c9ceb2cb7
Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты Мәскеу мен Бейжің алаңдаушылық білдіріп, жағдайды бейбіт жолмен реттеуге шақырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Кашмирдегі шиеленістің күшеюіне байланысты Ресей мен Қытай басқа елдермен бірге Нью-Дели мен Исламабад билігін сабыр сақтауға шақырды. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 7 мамыр күні Үндістанның Пәкістан аумағына соққы жасағаны белгілі болған соң: “Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығыстың ушығуына терең алаңдаушылық білдіреміз”, – деді. “Тараптарды аймақтағы жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін сабыр мен ұстамдылық танытуға шақырамыз. Нью-Дели мен Исламабад арасындағы келіспеушіліктер 1972 жылғы Симла келісімі мен 1999 жылғы Лахор декларациясының аясында, бейбіт саяси-дипломатиялық жолмен екіжақты негізде шешіледі деп үміттенеміз”, – деп қосты ол. Қытай шиеленісті ушықтыратын әрекеттерден бас тартуға шақырды Қытай билігі де Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты алаңдаушылық білдірді. ҚХР сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде: “Қытай бүгін таңертең Үндістанның жасаған әскери әрекеттеріне өкініш білдіреді және қазіргі оқиғаларға алаңдаулы”, – делінген. Бейжің Қытайдың “терроризмнің барлық түрлеріне қарсы” екенін атап өтті. “Біз Үндістан мен Пәкістанды бейбітшілік пен тұрақтылықты бірінші орынға қойып, сабыр сақтауға, шиеленісті одан сайын ушықтыратын әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз”, – делінген мәлімдемеде.
Пікірлер