Депутат шенеуніктің ресейлік продюсерге ілтипатына наразы болды

2095
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/whatsapp-image-2025-05-01-at-10.59.15-960x500.jpeg?token=76a7392885be1e84761e6fbdd30d0726

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Астанада ресейлік продюсер Яна Рудковскаяны ХҚКО-да жеке өзі ертіп жүрген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтің әрекетіне ашық наразылық білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әбеновтің айтуынша, мемлекеттік қызметтердің барлығы азаматтарға тең дәрежеде көрсетілуі тиіс. Ал қандай да бір «жұлдызды» тұлғаға жеке қызмет көрсету – бұл салық төлеуші халықтың есебінен артықшылық жасау.

«Мемлекет барлық азаматқа тең қызмет көрсетуді кепілдейді. Егер біреуге жеке еріп жүру ұсынылса, бұл қызметтің құны мен тәртібі ресми көрсетілуі керек. Арман Кенжеғалиев мырза кімдерге арнайы қызмет көрсететінін, ол үшін қандай "жұлдыздық" деңгей қажет екенін неге ашық жарияламайды?» – деді депутат.

Әбенов бұл әрекетті мемлекеттік ресурстарды мақсатсыз пайдалану деп бағалап, цифрландыру министрі Жаслан Мадиевке ресми сауал жолдады. Ол Кенжеғалиевтің жеке бастама ретінде әрекет еткенін айтып, ведомстволық бақылаудың әлсіздігін сынға алды.

«Бензин жағып, бес литрдей шығындалған болар. Қызметкерлерді де алаңдатқан шығар. Қарапайым азаматтар сол күні кезекте көп күткен шығар», – деп атап өтті ол.

Депутат бұрынғы осындай жағдайларды да еске салды. Артемий Лебедев пен Лев Лещенко секілді шетелдік танымал тұлғаларға да ерекше құрмет көрсетілгенін айтты. Оның айтуынша, отандық шенеуніктер әлі күнге дейін шетелдік «жұлдыздардың» пікірі мен көңіліне көбірек мән береді. Ал қарапайым қазақстандықтардың мүддесі екінші орында қалып отырғанын атап өтті.

Пікірлер