Украиналық әскерилер Донецк облысында Ресей әскерінің құрамында соғысқан Қытайдың екі азаматын тұтқындады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Украина сыртқы істер министрлігі Қытайдың Киевтегі істер жөніндегі уақытша сенімді өкілінен осыған қатысты түсініктеме талап ету үшін шақырғанын Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига хабарлады.
AFP агенттігіне аты-жөнін атамауды сұраған жоғары лауазымды украин шенеунігінің мәлімет бойынша, әңгіме Қытай Халық Республикасының әскери қызметкерлері туралы емес, Ресей армиясымен келісімшартқа отырған адамдар жайында болған.
Украина президентінің айтуынша, қарулы күштер Ресейдің оккупациялық армиясының құрамында соғысқан Қытайдың екі азаматын тұтқындаған.
«Бұл тұтқындардың құжаттары, банк карталары, жеке деректері бар. Оккупант бөлімшелерінде мұндай Қытай азаматтары екеуден де көп болуы мүмкін. Қазір барлық фактілер тексеріліп жатыр. Барлау, СБУ, Қарулы күштердің тиісті бөлімшелері жұмыс жүргізуде», — деп жазды Украина президенті.
France-Presse агенттігінің хабарлауынша, Украина Ресейдің үш жыл бұрынғы басқыншылығы басталғалы бері алғаш рет Қытай азаматтарының өз аумағында соғысқа қатысқанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Бейжің бұл мәлімдемелерге қатысты ешқандай жауап берген жоқ.
AFP агенттігіне мәлім болған құжаттарға сәйкес, тұтқындалған Қытай азаматтарының бірі 34 жаста, Қытай халқының негізгі этникалық тобы саналатын хань ұлтына жатады. Ал тіркеуде орталық Қытайдағы Синьчжэн қаласында тұр.
Президент Зеленский сыртқы істер министріне Қытаймен дереу байланысып, Пекин бұл жағдайға қалай жауап беретінін анықтауды тапсырғанын хабарлады.
Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибиганың айтуынша, Қытай азаматтарының Ресей әскерінің құрамында Украинаға қарсы соғысқа қатысуы Қытайдың бейбітшілікке қатысты жария еткен ұстанымына күмән тудырып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Пекинге деген сенімді әлсіретеді.
«Ресейдің Қытайды тікелей немесе жанама түрде бұл соғысқа тартуы — Путиннің соғысты тоқтатуға емес, оны жалғастырудың жолдарын іздеп жатқанын көрсетеді. Бұл нақты белгі. Бұған АҚШ, Еуропа және бейбітшілікті қалайтын бүкіл әлемнің жауабы қажет», — деп мәлімдеді Украина президенті.