Қытайда үшінші жыл қатарынан халық санының азаюы байқалады. Хоххот билігі туу көрсеткішін қаржылық төлемдер мен аналарға тегін сүт арқылы қолдауға шешім қабылдады. Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік порталы Zhōngguó Wǎng жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Хух-Хото қаласында ата-аналар бірінші бала туғаны үшін бір реттік 10 мың юань (қазіргі бағам бойынша шамамен 688 мың теңге) көлемінде қаржылай көмек алады. Екінші бала үшін жыл сайын 10 мың юань төленеді, бала бес жасқа толғанша, ал үшінші бала үшін төлемдер он жасқа дейін жалғасады. Бұл сомалар жергілікті тұрғындардың орташа табысынан айтарлықтай жоғары.
Сонымен қатар, қалада "Аналарға арналған бір шыны сүт" бағдарламасы іске қосылды. 1 наурыздан кейін босанған әйелдер күн сайын тегін сүт ала алады.
Қытай үшінші жыл қатарынан халық санының төмендеуін тіркеп отыр. 2024 жылы неке саны рекордтық түрде 20%-ға қысқарды. Сарапшылар демографиялық дағдарысты 1980-2015 жылдар аралығында енгізілген "бір бала" саясатының салдарымен, урбанизациямен және балаларды тәрбиелеуге кететін жоғары шығындармен байланыстырады. 2021 жылы қытай отбасыларына үш балаға дейін тууға рұқсат берілді, бірақ бұл жағдайды өзгерту үшін жеткіліксіз болды.
Наурыз айындағы парламент отырысында Қытай үкіметінің премьер-министрі Ли Цян жаңа балалар жәрдемақылары мен тегін мектепке дейінгі білім беру туралы жариялады. Ал 16 наурызда жарияланған экономиканы ынталандыру жоспары бойынша, бүкіл елде балалар бар отбасыларды қолдау жүйесін енгізу қажеттілігі айтылды.