АҚШ-тың президенті Дональд Трамп әкімшілігі шетелдік аудиторияға хабар тарататын америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының жүздеген қызметкерін ақысыз демалысқа жіберді. Бұл ең алдымен "Америка дауысы" мен "Азаттық радиосы" секілді медиаресурстардың қызметкерлеріне әсер етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
"Америка дауысы", "Азат Азия радиосы" (RFA) және "Азат Еуропа/Азаттық радиосының" (RFE/RL) журналистері мен басқа да қызметкерлеріне электрондық пошта арқылы тиісті хабарламалар жіберілген. Онда олардың жұмыс кеңселеріне кіруге рұқсаты болмайтыны, сондай-ақ журналистік куәліктері мен жұмыс жабдықтарын тапсыруы керектігі айтылған.
Бұл жағдай Трамптың АҚШ үкіметіндегі жеті тәуелсіз федералдық агенттіктің жұмысын айтарлықтай қысқарту туралы жарлығына байланысты орын алды. АҚШ президенті әсіресе АҚШ-тың Ғаламдық медиа агенттігінің қызметкерлер санын барынша азайтуды бұйырды. Бұл агенттік жоғарыда аталған медиакомпанияларды қаржыландырып келген.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосының" басшысы Стивен Капустың айтуынша, қаржыландыру тоқтатылғаннан кейін бұл медиаресурстың 75 жылдық қызметі тоқтауы мүмкін.
"Азаттық радиосы мен Азат Еуропаға қаржыландырудың тоқтатылуы – Американың қарсыластарына жасалған үлкен сыйлық. Иран аятоллалары, Қытай коммунистік басшылары, Мәскеу мен Минскідегі автократтар қуанатын әрекет. Бізсіз әлемнің жабық қоғамдарында өмір сүретін 50 миллионға жуық адам сенімді ақпарат көзінен айырылады", – деді Капус.
RFE/RL деректеріне сәйкес, 2017 жылы радиода 400-ден астам штаттық журналист, 700-ден астам фрилансер жұмыс істеген. 2023 жылы медиакомпания Вильнюс пен Ригада жаңа кеңселер ашып, белорус және орыс тілдерінде хабар тарата бастаған.
Аталған медиакомпаниялар АҚШ Конгресі арқылы қаржыландырылғанымен, олардың редакциялық саясаты тәуелсіз болып қала берген. Алайда Трамп президенттігі кезінде бұл БАҚ-тарға қысым күшейіп, оларды өзінің саясатын қолдауға мәжбүрлеуге тырысты. Бірқатар ақпарат агенттіктеріне Ақ үйге кіруге тыйым салу да сол шаралардың бірі болған.