Атырауда мамандар бірнеше ауданда ауа сынамаларын алып, оның құрамын зерттеуде, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл жұмыстар қала тұрғындары түнде сезінетін жағымсыз иістің нақты көзін анықтау және алынған деректер негізінде кешенді талдау жүргізу мақсатында жүзеге асырылуда.
Экологтар сынамаларды Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық қорғау аймағынан және солтүстік өнеркәсіптік аймақтан алған.
Зерттеу барысында сероводород, диоксид және меркаптандардың мөлшері тексерілуде.
Атырау облысы экология департаментінің бөлім басшысы Сапар Тұрсынбековтың айтуынша, сарапшылардың қорытындысы шыққаннан кейін зерттеу нәтижелері жарияланып, тиісті шаралар қабылданады.
Экология департаменті бұл жұмыстардың қоғамдық бақылауды күшейтіп, қала тұрғындарын экологиялық мәселелерді шешуге тарту мақсатында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.