Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы уақытша өткелді қарғын су шайып кетті. Қазіргі уақытта өткелді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Ойылға кіреберіс негізгі көпір бұзылып, уақытша өткел салынған еді. Алайда қар суының көтерілуіне байланысты өткелді су басты.
Ойыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, өткелді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бір тәуліктің ішінде көлік қозғалысы қайта жандануы тиіс. Қазіргі уақытта тұрғындардың өзен арқылы өтуіне жағдай жасалып жатыр.
Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев өзен деңгейінің көтерілгенін растады.
Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында су шайған көпірлер мен жолдарды жөндеуге 15 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Оның ішінде Ойыл ауданына кіреберіс негізгі көпірді қалпына келтіруге 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек.