Сатыбалды Әбішұлы мешітіндегі шу. Бас ұстаз уағыз кезінде балаларға аяғын уқалатқан (ВИДЕО)

551
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Түркістан облысы білім басқармасы Сарыағаш медресесінің бас ұстазы Әбдужаппар Смановтың шәкірттері оның аяғын уқалап жатқаны түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде видеода ұстаздың шәкірттері емес, өз немерелері мен жиені екені анықталған.

"Сатыбалды Әбішұлы атындағы Сарыағаш медресесінде таң намазынан кейін студенттерге айтқан уағыз-насихат барысында медресенің бас ұстазы Әбдужаппар Смановтың аяғын жаттығу жасап отырған шәкірттері емес, өз немерелері мен жиені уқалаған. Олар атасына құрмет көрсетіп, батасын алу мақсатында осылай ілтипат білдірген", – делінген басқарма мәлімдемесінде.

Желіде тараған видео қоғамда қызу талқыланды. Журналист Ораз Әлімбек Facebook парақшасында бұл жағдайға наразылық білдіріп, министрлікке сауал жолдады.

"Бұл – Сатыбалды Әбішұлы атындағы Сарыағаш медресесінің шәкірттері. Медресенің бас ұстазы Әбдужаппар Сманов оларға аяғын уқалатып қойыпты. Сонда оқу-ағарту министрлігі медресе шәкірттеріне Смановтың аяғын уқаласын деп бюджеттен жүздеген миллиондап ақша бөле ме? Егер бұл әрекетке тоқтау болмаса, ертең табанын жалатып, бас бармағын сордырады ғой", – деп жазды журналист.

Оқиғаға қатысты бас ұстаздың туыстары да өз пікірін білдірді. Олар бұл әрекеттің еш әбестігі жоқ екенін айтып, видеодағы балалардың шәкірттер емес, ұстаздың өз немерелері екенін мәлімдеді.

Пікірлер