Осыдан 15 жыл бұрын, 2010 жылы 11 наурыздан 12 наурызға қараған түні Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасындағы бөгет бұзылып, қайғылы оқиға орын алған еді.
Салдарынан ауылды су басып, 45 адам қаза тапты.
Қызылағаш ауылында шамамен 3,5 мың адам тұрған, олардың басым көпшілігі – сырттан келген қандастар. Бір мезетте ауылды бес метрден асатын тасқын су шайып, баспаналар қирап, мал мен адамдарды ағызып әкетті.
146 үй толықтай жойылып, 251 үй қатты зақымданды, 42 үйге жөндеу қажет болды.
Төтенше жағдайлар қызметі мен әскерилер оқиға орнына жедел жетіп, құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тікұшақтар мен арнайы жасақ топан су басқан аумақты күн сайын шолып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшірді. Қызылағаш су қоймасынан аққан су небәрі 18 минут ішінде ауылды түгел шайып кеткен.
Қызылағаштағы апатқа кінәлі деп Қызылағаш ауылдық округінің сол кездегі әкімі Есет Жүнісов, "Қызылағаш" су қоймасының басшысы, "Шынар" ЖШС директоры Қуаныш Бекеев, су пайдаланушылар арнаулы өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Мұхит Жүнісов, Ақсу аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы Күнібек Байзақов және Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Евгений Ениндер танылды. Олар түрлі мерзімге сотталды.