Түркияда түрмеде отырған Күрдістан жұмысшылар партиясының (PKK) жетекшісі Абдулла Оджалан ұйым мүшелерін қаруларын тастауға шақырды. Оның тарихи мәлімдемесі прокурдтық саясаткерлер арқылы жарияланды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Middle East Eye-ға сілтеп.
Оджалан өзінің жазбаша мәлімдемесінде PKK-ның қарулы күресі бұрын күрд халқының құқықтары мен еркіндіктерін шектейтін саясатқа қарсы қажетті қадам болғанын айтты. Алайда, оның айтуынша, Түркия үкіметі қабылдаған демократиялық шаралар мен аймақтағы өзгерістер бұл күрестің енді мағынасыз екенін көрсетеді.
“Барлық топтар қаруын тастап, PKK тарауы керек. Мен қарулы күресті тоқтатуға шақырамын және осы үндеу үшін тарихи жауапкершілікті өз мойныма аламын” – деді Оджалан. Ол PKK-ның таратылуы туралы шешім қабылдау үшін арнайы конгресс шақыруды ұсынды.
Бұл мәлімдеме Оджаланмен кездесу өткізген прокурдтық Партия халықтық теңдігі және демократиясы (DEM) делегациясы арқылы жарияланды. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам 40 жылдан астам уақытқа созылған қақтығысты тоқтатуға және 5000-ға жуық PKK содырын қарусыздандыруға ықпал етуі мүмкін.
Түркия, Еуропалық Одақ және АҚШ PKK-ны террористік ұйым деп санайды. Оджалан мен Түркия үкіметі арасындағы келіссөздер өткен жылы басталған. Ұлттық қозғалыс партиясының (MHP) жетекшісі Девлет Бахчели Оджаланға Түркия парламентінде сөз сөйлеуге мүмкіндік беруді ұсынған болатын.
Оджаланның жақын арада Ирактың солтүстігіндегі PKK күштерін қаруды тастауға шақыруы күтілуде. Бұл қадам ұйымды таратуға бағытталған алғашқы нақты қадам болмақ.